Арқалықтық балуан азия чемпионы атанды

Арқалықтық балуан азия чемпионы атанды

Жезқазған қаласында Ұлытау облысының құрметті азаматы, Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері, «Еңбек Қызыл ту» орденінің иегері Қабден Шыңғысовты еске алуға арналған жарыс жалауын көтерді. Қазақ күресінен 2006-2007 жылдары туған жасөспірімдер арасында өткен Азия кубогінде Арқалық қалалық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірті Асхат Төлеу 46 келі салмақ дәрежесінде чемпион атанды.

Жас спортшыны баптап, жеңіске тәрбиелеп жүрген жаттықтырушылары – аталған спорт мектебінің белді бапкерлері Азамат Ерәділов пен Сайлау Рыздықов.

Асхаттың өзінің айтуы бойынша, спортпен айналысып жүргеніне алты жыл болған. Қаладағы Ы.Алтынсарин атындағы гимназияда оқиды.

Әрине, ешқандай жеңіс оңайлықпен келмейді. Жеңімпазымыз бес белдесуде басымдық танытып барып, жеңіске жеткен.

Жарыста Қазақстанның 17 облысынан және Қырғызыстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Индия мемлекеттерінен балуандар бақ сынасты. Әр облыстан бір салмақтан бір спортшыдан қатысқан болатын. Қорытындысында Қостанай облысының намысын қорғаған балуанымыз Асхат Төлеу қарсылас шыдатпай, жалпы Қазақстанның мақтанышына айналды, – дейді жаттықтырушысы Азамат Қабденұлы.

Болашағынан мол үміт күттіретін спортшымызды біз де жарқын жеңісімен құттықтаймыз.

Мұрат Жүнісұлы

Жаңалықтармен бөлісу