Биыл Арқалық қаласының №10 жалпы білім беретін мектебі күрделі жөндеу жұмыстарынан өтуде. Екі жылға жоспарланған құрылыс нысанына бюджеттен 549 млн теңге бөлінген.
Мектеп қаланың «Северный» ықшам ауданында орналасқан. Көптен жөндеу көрмей қағажу көріп тұрған білім ошағын қалыпты жағдайға келтіру үшін құрылыс мердігері, жергілікті ірі құрылыс компаниясы «Алюминстрой» ЖШС – мен шарт жасалған.
Құрылыс жұмыстары жоспар бойынша жүзеге асуда. Осы жылы атқарылатын жұмыстардың қатарында ғимараттың қасбетін жөндеу, есік – терезелерін ауыстыру, шатыр жабындарын орнату және сыртқы жөндеу жұмыстары тұр.
Бүгінде мұнда біраз жұмыстар еңсерілген. Құрылыс ошағынан қайнап жатқан еңбекті көруге болады. Жұмыс нәтижесі компания басшылығының ұдайы бақылауында.
–Қазіргі күнде мектеп корпусының төрт бөлігінің шатырының ағаш жабындылары аяқталды. Бір бөлігін шатырлап болдық,енді екіншісін бастап жатырмыз.
Бұл жерде 30 адам жұмыс істеп жатыр. Құрылыс материалдары жеткілікті. Мектепте оқу процесі тоқтаған жоқ. Жылу берілген. Сабақ барысына кедергі келтірмес үшін жұмысымызды демалыс күндерімен сәйкестендіріп, қолға алған істі мерзімінде бітіруге күш салып жатырмыз», –дейді «Алюминқұрылыс» ЖШС бас директорының орынбасары Дархан Әбдіков.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Арқалық қаласы