«Ардагерлер ұйымына» қарасты «Белсенді ұзақ өмір» орталығында қала тұрғыны, еңбек ардагері, «Еңбек Қызыл Ту ордені» және ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденінің иегері, қарт механизатор Құлажан Сүлейменов ұйымның атаулы жылға орай өткізген салтанатты іс – шарасының құрметті қонағы болды.
Құлажан Төлебиұлы 1946 жылы Торғай облысы, Амантоғай ауданында туып өскен. Аманкелді ауданындағы кәсіптік техникалық училищеден механизаторлық мамандық алып, содан қашан зейнеткерлікке шыққанша туған жерден табан аудармай жұмыс істеген. Өмір жолында 4 қыз, 3 ұл тәрбиелеп өсірген бақытты әке.
Еңбек ардагерімен кездесуге орталықтың белсенді мүшелерімен қатар, Арқалық политехникалық колледжінің білім алушылары ұстаздары Алданыш Хамитжанқызымен бірге қатысып, ән-күйден шашу шашты.
Құлажан қария өнегелі өмір белестерінен сыр шертіп, ақсақалдың ардагерлер арасында жүрген әріптестері, ауыл шаруашылық саласының майталмандары Садырағзам Мырқанов пен Мақсұт Қараров өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, жастарға ақыл-кеңестерін айтты. Кездесуді қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Түбекбай Әубәкіров қорытындылап, еңбек ардагері, қос орденді қарияның иығына шапан жапты.
«Биыл Көкшетауда өткен Құрылтайда ел Президенті Қасым – Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Біз осыған орай, елге еңбегі сіңген ардагерлерімізді алып, қала және ауыл мектептерінде оқушылармен кездесулер өткіздік. Фурманов, Ашутасты, Аңғар ауылдарында болып, еңбек адамына деген құрметті ел арасында насихаттап жүрміз.Жұмысшы еңбегі — ол қай қоғамда да, қай кезеңде де керек», – дейді Түбекбай Ғапсалықұлы.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы