Ұлттық ат спорты даңқты жерлесіміз, зілтемір көтеруден Қазақстанның 6 дүркін чемпионы, КСРО-ның спорт шебері Гайдар Саржановты еске алуға арналды.
Көкпардың салтанатты ашылуында еліміздің әнұраны ойнатылып, қала әкімі Әмірхан Асанов толағай спортшыны еске алумен қатар, ұлттық ойынымызды ұлықтауға атсалысып отырған іс-шараны ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Гайдар Саржанов Арқалық қаласына қарасты Қайыңды ауылының тумасы.
Ел оның шағын ғана ауылда туып-өсіп, спортқа деген қызығушылығы мен қайсарлығының арқасында одақтық деңгейдегі заңғар спортшыға айналғанын мақтанышпен айтады. Даңқты тұлғаның есімі ұмытылмай спортшының атында дәстүрлі түрде спорттық жарыстар өткізіліп келеді.
Биыл да осы дәстүр жалғасын тауып Гайдар Саржановтың ұрпақтары мен жерлес ниеттес азаматтардың ұйымдастыруымен ас беріліп, марқұмның рухына құран бағышталды.
Астанадан, Атбасар, Қима, Қостанай, Жітіқара, Аманкелді, Жанкелдин аудандарынан және Арқалық қаласы мен оған қарасты ауылдардан келген сәйгүлік мінген шабандоз — палуандар көкпар ойынының көрігін қыздырды.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы