Арқалықта жаңа цех пайда болды

Арқалықта жаңа цех пайда болды

Арқалық қаласының тұрғыны Раушан Жарылқасынова қағаз қораптарын шығаратын цех ашты. Ол үшін  «2021-2025 жылдарға арналған ұлттық кәсіпкерлікті дамыту» жобасы аясында үкіметтен 2,5 пайызбен 5 млн теңге несие алған.

Кәсіпкер алған несие қаражатына қағаз картондарды қалаған көлемде кесіп шығаратын қондырғы және өзге де қажетті құрал-жабдықтарын сатып алды.

   «Пакеттердің барлық түріне тапсырыс алып жатырмыз. Тапсырыстар жан-жақтан түсіп жатыр. Станок сатып алдық. Шикізатты сырт елдерден алдырамыз. Алдағы уақытта макулатура қабылдап, өнімді өзімізде шығаратындай мүмкіндік жасағымыз келеді.  Кәсіпкер болғасын тұтынушылардың талғамынан шығып, қалауын таба білу керек. Мысалы, бір тұтынушымыз 200 пакетке тапсырыс берсе, келесі жолы біз ол тапсырыс берушіге 50 пакетті тегін беру жағын қарастырамыз. Бизнесте «алсаң ал, алмасаң өзің біл» деген болмайды. Ең бастысы, сервисің мықты болуы қажет. Сервис мықты болса, бизнес те әрі қарай қарқындап дамиды», – дейді жас кәсіпкер Раушан Бауыржанқызы.

Цех ашу үшін кәсіпкер көпқабатты үйдің астыңғы бөлігіндегі орын-жайды меншігіне қаратып, оны жолдасы заманауи үлгіде жөндеп берген. Төрт баланың анасы бұған дейін құрт сатып, әлеуметтік желідегі жеке парақшасымен де көпшілікке кеңінен танылып үлгірген.

«Құрт сатып жүргенімде тұтынушылардың қорапқа қызығушылық танытатынын байқадым. Сатқан затыңның сыртқы тауарлық түрі жақсы болса, ол зат өтімді болады екен. Осылайша, кәсіптің жаңа түрін бастап кеттім. Қолдау білдірген үкіметімізге, қала басшылығына зор алғысымды білдіремін», – дейді ол.

Бұл қолдау – жастардың шаруа көзін тауып, белгілі бір кәсіппен шұғылдануына тікелей қосып отырған мемлкеттің үлесі. Қалалық «Мансап» орталығының мәліметінше, өткен жылы Арқалық қаласы бойынша 14 адамға«Аграрлық несие корпорациясы» арқылы 60 млн теңге несие берілген.

 Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

Арқалық қаласы

Жаңалықтармен бөлісу