16 июня, 2025
Арқалықта жан-жақтағы зиялы қауыммен кездесу өтті 

Арқалықта жан-жақтағы зиялы қауыммен кездесу өтті 

«Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдері зиялы қауыммен кездесу өткізді.

Кездесуде отбасы құндылықтары, жас ұрпақ тәрбиесіне қатысты өзекті мәселелерге мән беріліп, осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың бағыт — бағдары айтылды.

Бірлестік аз уақытта бірталай істі тындыруға себесінін тигізген. Өзіндік ұстанымдары, бет бұрған бағыттары бар. Еліміздің әр облысында қосындары құрылып, мүдделі іске жұмыла кіріскен. Ендігі мақсат — жұмыс ауқымын одан әрі кеңейтіп, бөлімшелерінің жанынан «Жанашырлар тобын» жасақтау.

Осы орайда, Павлодар қаласынан арнайы ат арытып келген «Жанашырлар тобын» құрушы, үйлестірші маман Қызыр Жанарыс жұмыс жоспарларымен бөлісті. Оның айтуынша: Қазақстан бойынша әрбір филиалдың жанында жанашыр топ болуы қажет. Бұл топ филиал басшысымен бірге кез келген іс-шараға халық үшін атсалыса алатын беделді адамдар болуы керек. Мектептерде, әкімшілікте, кәсіпорындарда бала тәрбиесі жөніндегі мәселелердің алдын алу үшін түрлі кеңестерге, семинарларға, тренингтер өткізуге қатысады. Жалпы, еліне, жеріне жаны ашитын мұндай айтулы тұлғалар халықтық сананы жаппай мәдениеттілікке, адамгершілікке бұруға үлес қосып, сананы жаңғыртуға күш салады.

 Сондай — ақ, кездесуде бірлестіктің Қостанай облыстық филиалының басшысы Базаркүл Арыстан, облыстық жанашырлар тобының мүшесі, белгілі журналист Заңғар Санай, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университетінің профессоры Айсәуле Дүйсебекова, қалалық «Әжелер кеңесінің» төрайымы Сәуле Жанақбаева, жастар көшбасшыларының бірі Аманкелді Ахметжанов және басқа да азаматтар өз ой — тұжырымдарын ортаға салды.

Негізгі «Сенімен болашақ» бірлестігі бес бағытта жұмыс істейді. Олар: «Өзіңді тап, өзегіңе орал», «Тектілер ту көтереді, тексіздер шу көтереді», «Дастархан басында өсек емес, өсиет айтайық», «Жаны ашымастың басы ауырмас» және «Құндылықты қадірле құтың толсын».

Мұрат Жүнісұлы

Суреттерді түсірген – автор

Арқалық қаласы