17 июня, 2025
Арқалықта ұлттық мәдениеттер көрмесі өтті 

Арқалықта ұлттық мәдениеттер көрмесі өтті 

1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күніне арналған іс-шаралар Арқалық шаһарында да кеңінен қанат жаюда.

Ерекше деңгейде көрініс тапқандарының қатарында әр ұлт өкілдерінің өнері мен мәдениетін паш еткен қала мектептері арасында өткен «Бірлік пен бейбітшілік – ел тұғыры» атты ұлттық мәдениеттер көрмесін атап өтуге болады.

Арқалық қалалық ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» және қаладағы блыстық «Дала өлкесі тарихы» музейі бірлесіп ұйымдастырды.

Көрмеге әр мектеп өзіне бекітілген елдің (қазақ, орыс, корей, неміс, татар, әзірбайжан, өзбек, украйн) ұлттық киімдерін, тұрмыстық заттарын, ұлттық тағамдарын, қолданбалы өнер бұйымдарын және тарихи-мәдени ақпараттарын ұсынды.

Тағылымды іс барысында оқушылар өзара тәжірибе алмасып, түрлі ұлт өкілдерінің мәдениетімен тереңірек танысты. Көпшілік назарына концерттік бағдарлама да ұсынылып, мерекенің рухын ерекше сезінуге мүмкіндік туды.

Жиналғандарды қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Түбекбай Әубәкіров, ішкі саясат бөлімінің басшысы Азамат Сұлтанбеков, Арқалық қаласының құрметті азаматы Қайырден Тұрсынбекұлы, музей басшысы Рауан Терек құттықтап, көрмеге қатысушыларға қала әкімінің «Алғыс хаты» мен бағалы сыйлық сертификаттары табысталды.

– Бірлік пен татулық – еліміздің басты құндылығы. Ұлттар мен ұлыстардың достығы мен ынтымағын насихаттап жатырмыз. «Бірлік бар жерде — тірлік бар», деген бабаларымыз. Жас ұрпақты толеранттылық пен достыққа тәрбиелеу — басты парызымыз, – дейді Жастар ресурстық орталығының директоры Данияр Қуанышұлы.

Мұрат Жүнісұлы

                                         Арқалық қаласы