«Арқалық қоры» қайырымдылық қоры көп балалы анаға баспана сатып әперді. Бұл – құрылғанына көп бола қоймаған қордың сыйға тартып отырған бірінші пәтері.
Қала тұрғыны, жалғызбасты ана Айнұр Қайыржанова бұған дейін үй алуға мүмкіндігінің болмауына байланысты, –шиеттей бала-шағасымен пәтер жалдап күнелтіп келген. Енді, бұл жанұя жомарт жандардың көмегінің арқасында Родина ауылынан жеке баспанаға ие болды.
«Біздің «Арқалық қоры» деп аталатын қайырымдылық қорымыз өткен жылдың Наурыз айында құрылған. Сол уақыттан бері көмекке мұқтаж 75 отбасыға түрлі деңгейде әлеуметтік көмек көрсеттік. Міне, енді қайырымды жандардың қаржылай көмегінің арқасында бар жалғызбасты көп балалы анаға төрт бөлмелі баспана сыйлап отырмыз. Алдағы уақытта да жәрдем беруді жалғастырмақ ниеттеміз. Барша қалталы азаматтарды мұқтаж жандарға бірге көмек қолын созуға шақырамыз. Саналы адам баласы болғандықтан бір-бірімізге қарайласып, сауапты істерге үн қосқанымыз жөн», – дейді қор жетекшісі Марғұлан Сабыржанов.
Үй алуға қаржы жинау барысында халықтан жиналған ақшадан бөлек, аталған қор спорттық жарыстар ұйымдастырып, одан түскен ақшаны да осы мақсатқа жұмсаған.
Көп балалы анаға баспана кілтін тапсыру рәсіміне Арқалық қалалық «Мұхтасиб Әлмұхамед» мешітінің бас имамы Нұрхан Бақтыбай қажы қатысып, жылы лебізін білдіріп, 50 мың теңге ақша мен кілем сыйға тартты.
М.Бекетұлы
Арқалық қаласы