Арқалықта ірі жобалар қолға алынады

Арқалықта ірі жобалар қолға алынады

Биыл Арқалық қаласының бюджеті шамамен 17млрд теңгені құрады немесе 2022 жылмен салыстырғанда 2,4 есеге өсті. Қала бойынша өндірістің 23%-і өнеркәсіп үлесіне тиесілі. Есепті кезеңде өнім көлемі 6 млрд 400 млн теңгеден асты. Бұл туралы  Арқалық қаласының әкімі Ә. Асанов  қала тұрғындармен жылдың қорытынды есептік – кездесуінде баяндады.

Өңір экономикасын дамыту үшін жалпы құны 350 млрд теңгеге жуық қаражатқа 2 мыңға жуық жұмыс орнын құрумен, 3 инвестициялық жоба іске асырылуда.  Оның бірі «Қостанай тау-кен металлургия корпорациясы» ЖШС құны 315 млрд теңге «Маятас кластерінің кен орнын геологиялық зерттеу және тау-кен байыту комбинатының құрылысы» жобасы.  Осы жылы геологиялық-барлау жұмыстарына кәсіпорынның өз қаражаты есебінен 1,2 млрд теңге инвестиция салынды.

“KazWindEnergy” ЖШС «Арқалық қаласында қуаты 48 МВт жел электр станциясын салу» жобасын іске асыруда. Жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.

«Concord Investments» ЖШС құны 7 млрд 400 млн теңге «Отқа төзімді саз өндіру және сирек шикізатты қайта өңдеу» жобасын іске асыруды бастады. Таяуда саздың алғашқы легі жөнелтіледі. Жыл аяғына дейін 100 адамды жұмыспен қамту көзделуде», – деді ел алдындағы есеп беруінде қала әкімі Әмірхан Асанов.

Қала әкімі өз есебінде барлық саланы қамтып, атқарылып жатқан жұмыстардың түйінін тарқатты. Мәселен, агроөнеркәсіп кешенінің үлесі қала өндірісінің 77%-ін құрайды. Дәлірек айтқанда, ауыл шаруашылығында жалпы өнім құны 21 млрд 500 млн теңгені құрады. Биыл егіс алқаптары 334 мың гектарға жуықтап, 2022 жылға қарағанда 20 мың гектарға ұлғайып отыр.

Қала тұрғындарын сумен қамтамасыз ету үшін ағымдағы жылы 2 млрд 190 млн теңгеге 7 жоба іске асырылуда.  Жұмыстар аяқталғаннан кейін 19 мыңға жуық адам сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі.

Мобильді кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету мақсатында 33 млн теңгеге антеналы жабдық құрылыстарын салуға 3 жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Жобаларды іске асыру құны 83 млн теңгені құрайды.

Жобаларды іске асыру жалпы саны шамамен 1 мың 600 адамды құрайтын 7 ауылдық елді мекенді сапалы байланыс қызметтерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Қала әкімінің халық алдындағы есептік-кездесуі баяндамадан кейін әдеттегіде тікелей сұрақ-жауапқа ұласты. Қоғам белсенділері, ел ағалары ағымдағы сұрақтарымен қоса мемлекет қамқорлығымен шын мәнінде өңірде бірталай оң істердің қолға алынғанын тілге тиек етіп, қаланың еңсе көтеріп келе жатқанына ризашылықтарын білдірді.

Мұрат Жүнісұлы

Суреттерді түсірген автор.

                                                                                                   Арқалық қаласы.

 

Жаңалықтармен бөлісу