Арқалықта Белсенді ұзақ өмір орталығы ашылды

Арқалықта Белсенді ұзақ өмір орталығы ашылды

Қазір еліміздің барлық жерлерінде ардагерлердің бос уақытын ұйымдастыру, олардың көңілді демалуларына жағдай жасау үшін Белсенді ұзақ өмір орталықтары ашылып жатыр. Осындай орталық жақында Арқалық қаласында да қолданысқа енгізілді.

Мұнда қазіргі таңда тоғыз үйірме жұмыс істейді. Арнаулы үйірме жетекшілері бар. Ардагерлер үйінен екі бөлме беріліп, мамандар аптаның бес күнінде орталықтың жұмысын жандандыру үстінде. Ардагерлер үшін «еңбек терапеясы», «шахмат», «дойбы» үйірмесі, «суға жүзу» үйірмесі бекітілген.

Аптаның әрбір сәрсенбісі күні қарияларбассейнге тегін барып, суға жүзіп, денсаулықтарын шыңдайды. Сол сияқты «биллиярд», «теннис», «домбыра» үйірмелері қамтылған.

 «Қазіргі таңда бұл орталықта алпысқа жуық адам тартылған. Орталықтың арнаулы үйлестірушісі бар. Бұрын әлеуметтік көмек бөлімінде жұмыс істеп, зейнеткерлікке шығып, тәжірибе жинақтаған адам. Арнайы маманды еңбекақы төлеп жұмысқа алып отырмыз.  Сондықтан, ардагерлердің осы орталыққа келіп, атсалысуларын сұраймыз. Орталықта ардагерлеріміз үшін барлық жағдай жасалған. Келем деушілерге есігіміз әрқашан ашық»,– дейді қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Түбекбай Әубәкіров.

Орталықтың жұмысын жүргізуге қалалық бюджеттен 2 миллион 500 мың теңге бөлінген. Жылдың жеті айына қарастырылған бұл қаражат тек қана орталықтың үйірме жетекшілерінің жалақысын төлеуге ғана емес, ардагерлердің өзге де жоспарлаған іс-шараларын өткізуге жұмсалатын болады.

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

Суреттерді түсірген автор

Арқалық қаласы

Жаңалықтармен бөлісу