Арқалықта  ақсақалдар алқасы құрылды

Арқалықта  ақсақалдар алқасы құрылды

«Мұхтасиб Әлмұхамед»  қалалық мешіттің бас имамы Нұрхан қажы Асанұлы қала ақсақалдарының басын қосты.  Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының  тапсырмасымен “Ізгі қоғам” бағыты “Аталар мектебін” қалыптастыру тақырыбында алқалы жиын өткізді.

 

 Ақсақалдар қорымды бірізділікке түсіру, ас беру мәдениеті мәселелерін  ортаға салды.

«Арқалық қаласында жаңа қорым жұмысын бастағалы отыр. Соңғы уақытта діни рәсімдердің өзгеріске ұшырағанын байқап жүрміз. Мысалы, қорым басында құлпытас ретінде орасан ескерткіштер, зәулім қоршаулардың қойылуы белең алды. Бұл қоғамның әртүрлі өкілдері, оның ішінде ақсақалдар мен тіл мамандарының тарапынан жиі сынға ұшырап жатыр. Өйткені, ол жерде ысырапқа көп жол берілген», – деді  мешіттің бас имамы Нұрхан қажы Бақтыбай.

Басқосу барысында қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Түбекбай Әубәкіров, ел ақсақалдары Айтжан қажы Кенжеғали, Арқалық қаласының құрметті азаматы Қайырден Тұрсынбекұлы, Нұрлан Хамзин, Қажымұқанбет Әбдікұлы, Қуанышбай Қазымбек тәрізді ардагерлер мұсылмандықтың хақ жолы дін мен дәстүр тұрғысындағы өзіндік ұстаным, ой-пікірлерімен бөлісті.

ҚМДБ пәтуасы бойынша жаңа қорымда там салынбайды. Қабірге тек көктас қойылады.

«Біз алдағы уақытта мешіт жанынан ақсақалдар мектебін құрсақ деген ойдамыз. Ақсақалдар ізгі істерге мұрындық болып, елдік мүдде, ұрпақтың болашағы үшін атқарылатын осындай шешімін күткен істерді жолға қойсақ деген ниеттеміз», – дейді қалалық мешіттің бас имамы Нұрхан қажы Бақтыбай.

Ақсақалдар алқасы көтерілген мәселелерді әлі де ел арасында кеңінен талқылап, ортақ шешім шығаруға уағдаласты.

Көнекөз қарттарға мамыр мерекелерінің құрметіне мешіт қабырғасында дастархан жайылып, дәм ұсынылды.

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ 

Суреттерді түсірген автор

Арқалық қаласы

 

Жаңалықтармен бөлісу