Қостанай облысының оңтүстік өңірлерінде мал басын көбейту үшін 1%-пен несие беріледі. Бұл жөнінде Арқалықтың әкімі Әмірхан Асанов қалаға қарасты Қайыңды ауылдық округі, Көктау, Аңғар ауылдарында Президент Жарлығына сәйкес жарты жылда бір рет өткізілетін халық алдындағы есеп берулерінде айтып, жеткізді.
«Мал басын көбейту үшін жұмыс жасау керек. Жақында Үкімет басшысының қаламызға келген сапарында ауыл шаруашылық министрі Торғай өңірінің тұрғындары үшін осындай ең төменгі пайызбен несие берілетіндігі жөнінде өз ұсынысын берді. Сол себепті, қазірден бастап осы бағдарламаға қатысқысы келген азаматтар құжаттарын жинақтап, кепілге қоятын мүліктерінің заңдастырылғандығын тексеріп, әзірлене бастауы қажет. Бұл ауылда еңбек етемін деген адамдарға ең жоғары мүмкіндік», – деп атап өтті қала әкімі Әмірхан Асанов.
Қала басшысы халық алдындағы есеп берулерінде қаланың әлеуметтік – экономикалық барысына тоқталып, ауыл әкімдерінің есептерін тыңдады.
Биыл Арқалық қаласын дамытуға 14 миллиярд 300 миллион теңгеден астам қаражат бөлінген. Қала әкімі осы қаражаттың қаншасы қай салаға бөлінгендігін жіліктеп тарқатып берді.
Ауылдардағы мәселелердің көшбастап тұрғаны мектептердегі бала санының аздығы. Бала саны белгіленген мөлшерден аз болса мектеп жабылып қалады. Ал, мектеп жабылса ауылда адамның да тұрақтап қалмайтыны белгілі. Сондықтан бұл мәселеге ел болып жанашырлық танытып, ауылды сақтап қалу үшін мектепке бала тартудың қам — қарекетін жан — жақты жүргізу керек. Өзге елдімекендердің тәжірибесіндегідей көп балалы отбасыларды ауылға көшіріп әкеліп, оларға жағдай жасап, аяқтарынан тұрып кетуге жәрдемдескен жөн.
Шешімін күткен күрделі мәселелердің бірі – жол. Есеп беру жиындарында оның назарға алынып жатқаны айтылды. Қайыңды ауылына жобалық — сметалық құжаты әзірленуде. Алдағы жылы қиыршық тас төселеді. Көктау мен Аңғар ауылдарында мердігерлер осы жұмыстармен айналысуда. Демек, бұл ауылдар үшін жол мәселесі биылдың өзінде күн тәртібінен түседі деген сөз.
Қайыңды, Көктау ауылдардың жерлері мал өсіруге аса қолайлы. Кезінде мыңдап отар ұстаған ауылдар. Халықпен кездесулерде өзге малдан гөрі қой басын көбейтудің тиімділігін айтылды.
Көктау ауылында ұсақ мал өсіруге қам жасап жатқан инвестор бар екен. Ауыл әкімі Нұрболат Ғабиболлатұлы мәлімдегендей «ABAgro-kz» ЖШС ауылда асыл тұқымды қой өсіру, мал басын асылдандыру жобасын қолға алуда.
Тағы бір жағымды жаңалық қайыңдылықтар «Ішімдіксіз ауыл» мәртебесін алуға бейілді. Ауыл тұрғындарымен жүздесуде қала әкімі Әмірхан Біркенұлы шағын ауылда ішімдіктен түбегейлі бас тартуға кедергі жоқ екендігін айтып, ұсынысын қолдауға шақырды. Көршілес Әбдіғаппар хан ауылы мұндай игі қадамды әлдеқашан бастап кеткен.
«Ауылда арақ ішетін адам жоқ», – деді ел атынан сөз алған ауыл тұрғыны, жігіт ағасы Берік Жұмабай әкімдермен кездесу жиынында.
Олай болса, облыстың тағы бір ауылы таяуда «Ішімдіксіз ауылдар» қатарына қосылады.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы