Арқалықта Амангелді батырдың 150 жылдығына арналған конференция өтті

Арқалықта Амангелді батырдың 150 жылдығына арналған конференция өтті

Арқалықта Ұлт – азаттық көтерілістің қолбасшысы Амангелді Имановтың 150 жылдығына арналған «Ерлігі елге өнеге» атты аймақтық конференция өтті.

Облыстың оңтүстік өңірлері – Жанкелдин, Амангелді, Науырзым аудандары мен Арқалық қаласының өлкентанушылары, тарихшылары, зиялы қауым өкілдері мен білім саласының тарихшы мамандары қатысты. Іс-шара халық батыры Амангелді Үдербайұлы Имановтың өмір жолы мен ерлігін жан-жақты зерттеу, тарихи бағалау, өскелең ұрпақ бойында батыр тұлғасын қалыптастыру, насихаттау мақсатымен ұйымдастырылды.

Батыр ерлігін дәріптеген ауқымды шара қала әкімінің орынбасары Мешітбай Жұмановтың құттықтау сөзімен ашылды. Пленарлық мәжілісте Қостанай облыстық өлкетану музейінің директоры Батырхан Жұмабаев, Арқалық қаласының құрметті азаматы Шөптібай Байділдин, Жангелдин мұражайлар кешенінің директоры Гүлбану Сәрсекей, А.Иманов атындағы мемориалдық мұражайының директоры Сахан Төленов, Арқалық қаласындағы облыстық «Дала өлкесі тарихы» мұражайының ғылыми қызметкері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Батырлан Сағынтаевтардың «А.Имановтың ерлік жолы», «Батыр бата алған киелі мешіт», «Иман батыр әулеті ерлік пен елдік жолында» сынды тақырыптағы баяндамалары тыңдалды.

   «Амангелді батыр туралы көп айтуға болады. Біріншіден, Амангелдіге кесене салынып, құран оқылатын болса, біз батырдың рухы алдында ұлттық парызымызды орындаймыз. Екіншіден -бұл ескерткіш Амангелдіге ерген мыңдаған сарбаздарға көрсеткен құрметіміз болар еді», – деді тарихшы, өлкетанушы Шөптібай Байділдәұлы.

«Батыр атамыздың шын кескін – келбеті әлі күнге дейін беймәлім. Біз тарихи тұлғаны тек суретшілердің елдің айтуымен, жорамалымен салған суреттері арқылы ғана танимыз. «Археолог», «антрополог» сияқты білікті мамандарымыз жетіспейді. Сондықтан, батырды зерттеп, зерделеу, оның шынайы бейнесін оралту – бүгінгі жас тарихшылардың еншісіндегі шаруа», – деді мұражай ісінің үздігі Гүлбану Құлетқызы.

Арқалық қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен «Жастар-Азаматтық бастамалар орталығы» қоғамдық бірлестігі бірлесіп ұйымдастырған шара барысында қонақтар қаладағы №2 облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың конференцияға арнайы әзірлеген «Амангелді – Халық батыры» атты көрмесімен танысып, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының «Алтынсарин мұражайы» мен облыстық «Дала өлкесі тарихы» мұражайына экскурсия жасады.

Мұрат Жүсінұлы

Арқалық қаласы.

Жаңалықтармен бөлісу