Қазақстан Республиксы Премьер министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев Арқалыққа келген жұмыс сапарында ең алдымен қаланың су басқан ауылдарының, су тасқынынан зардап шеккен жолдар мен көпірлердің жай-жапсарымен танысты.
Бүгінгі таңда бұл жерлерде жойқын су тасқынынан көпірлер қирап, ауылдар жол қатынасынсыз қалып отыр. Жолдарды уақытша жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Су басқан Екідің, Қызылжұлдыз ауылдарының тұрғындары қаладағы студенттер жатақханасына белгілі бір уақытқа дейін орналастырылған.
Премьер министрдің орынбасары қиындыққа ұшыраған халықпен кездесіп, олардың қазіргі хал-жағдайларына назар аударды.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес табиғи апаттың салдарынан зардап шеккен ауылдарды аралап, бұзылған жолдарды, қираған көпірлерді, бүлінген үйлерді өз көзімізбен көрдік. Президент көктемгі су тасқыны зардаптарына орай тиісті кеңес өткізіп, бірде бір қазақстандықтың көмексіз қалмайтынын айтты. Апаттың салдарынан келген барлық шығындар үй, мал, дүние-мүлік бәрі қалпына келтіріледі. Үйлерді жөндейміз немесе жаңадан саламыз. Мал тіркеуде болса құны өтеледі. Қазіргі таңда көріп білгеніміздей Екідің ауылында су қаупі сейілген. Азаматтар қуанып жатыр», – деді Премьер министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев.
Лауазымды тұлғаға тұрғындар тарапынан көптеген сұрақтар қойылды.
Екідің ауылындағы «Жасымбек» шаруа қожалығының төрағасы Құрманғазы Нұрғабылов халықтың басына түскен нәубетке үкіметтің назар аударып жатқанына ризашылығын білдіріп, төтенше жағдай кезінде ілкімді іс-қимылдар жасаған облыс, қала әкімдеріне алғысын айтты. Сондай-ақ, шығынға ұшыраған малдардың өлексесін табу мүмкін болмай отырғанын жеткізді. Өлген малдың өлекселері алапат тасқынмен бірге ағып кеткен.
Үкімет басшысының орынбасары алдыңғы кезекте мал – мүліктің барына төлем жүргізіліп, жоғы кейін қарастырылатынын, бәрі де заң аясында әділ жұргізілетінін алға тартты.
«Жаңа Қазақстан деп жатырмыз. Ауылға жұртты көшіре алмай жатырмыз. Ал, біздің Қызылжұлдыз ауылының тұрғындары көшпейміз, үй салып беріңіздер деп отырмыз. Біз ауылдан көшпейміз. Ауылда еңбек етіп, қаланы өніммен қамтамасыз етеміз», – деді ауыл тұрғыны Әбдіқадір Түбеков.
Кездесу тарқарда қойылған бұл сұрақ Премьер министр орынбасарының көңілінен шығып, ауыл тұрғынымен қол алысты. Қанат Бозымбаев сонымен қатар, арқалықтықтарға атқарылған жұмыстардың нәтижесімен танысуға алда тағы келетінін айтып, уәдесін берді.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суреттерді түсірген
Бердіболат Көркембаев
Арқалық қаласы