Бүгін қаланы үздіксіз жылумен қамтып отырған Арқалық жылу электр компаниясына үш бірдей жаңа автокөлік пайдалануға берілді.
Осыған орай, мекеме ғимаратының алаңқайында жиын өтіп, қала әкімі Әмірхан Асанов кәсіпорын әкімшілігіне жеңіл көліктердің кілтін салтанатты түрде табыс етті.
Атап айтқанда, мекеме басшысына және оның орынбасарына Джак автокөлігі, сондай – ақ компанияның абоненттік бөліміне Шевролет Дамас автокөлігі тарту етілді.
Арқалық жылу электр компаниясы қала өміріндегі маңызды мекеме болып саналады. Мұны еңбек озаттарын «Алғыс хатымен» марапаттаған қала басшысы да өз құттықтауында айрықша атап өтті.
«Қаланы сумен жылумен қамтуда, кәріз жүйесінің мінсіз жұмыс жасауы жолында ұжымның атқарып отырған еңбектері зор. Мемлекет тарапынанда инфрақұрылымды дамытуда жақсы көңіл бөлініп отыр. Біз өз тарапымыздан коммуналдық орталық қызметкерлеріне қолайлы жағдай қалыптастыруда бірқатар жұмыстарды қолға алып келеміз», –деді қала әкімі Әмірхан Біркенұлы.
Айтса айтқандай соңғы үш жыл көлемінде кәсіпорын базасы жаңартылып келеді. Іргелі ұжым жұмысқа қажетті мамандандырылған техникалармен қатар қызметтік көліктермен де қамтылуда.
«Бүгін бізде өте қуанышты жағдай. Соңғы уақытта автопаркіміз жаңарып, қуатты техникалармен қамтылып жатырмыз. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан нақты қолдаулардың арқасында мекемеміздің әлеуеті жылдан жылға арта түсуде. Жұмысты атқаратын техника. Заманауи мүмкіндіктерге ие болудамыз. Үкіметімізге, облыс, қала басшылығына мол алғысымызды білдереміз», – дейді компанияның «Құбырларды жөндеу және қалпына келтіру» учаскесінің басшысы Алмас Жылкелдіұлы.
Металургтер күні қарсаңында қол жеткізіп отырған табысты істерімен ұжымды мекеме басшысы Жасұлан Әбдірахманов та құттықтап, көктемгі су тасқыны кезінде ерлік пен табандылық көрсеткен азамттарға «Апатпен күрескені үшін» медалін табыс етті.
Мәртебелі медалді компания қызметкерлері Сертай Хамитұлы, Айтбай Сардарұлы, Әлібек Айтмағанбетов, Марат Алданазаров және қаланың бір топ ерікті азаматтары Мұрат Дүйсембаев, Рымкеш Қосаев, Сәулет Қаненов, Нұркелді Жұмабекұлы, Әли Исабековтер кеуделеріне тақты.
Мерейлі шақта компания ардагері ізбасарларына батасын беріп, еселі еңбек иелерінің құрметіне қала өнерпаздарының күшімен ән мен жырдан шашу шашылды.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суреттерді түсірген автор
Арқалық қаласы