«Арқалық қаласының мұсылмандар қорымында ай белгілері жоғалып жатыр» деген ақпарат жалған болып шықты

«Арқалық қаласының мұсылмандар қорымында ай белгілері жоғалып жатыр» деген ақпарат жалған болып шықты

Мәселенің мән-жайын білмекке Арқалық қаласы полиция басқармасының тергеу бөлімі қызметкерлері мен Арқалық қалалық «Мұхтасиб Әлмұхамед» мешітінің бас имамы қорым басына арнайы барды. Алайда, ол жерлерден айтылған жайтқа байланысты ешқандай айғақ табылмады.

Бейіттердің басына орнатылған ай белгілері сол қалпында тұр. Бір ескерерлігі, ай белгілері тамдардың бірсыпырасында мүлде орнатылмаған. Ал, табиғи құбылыстармен, уақыттың өтуімен бірді – екілі түсіп қалғандары болмаса, ешкім алмаған.

«Біраз жерді шолып, аралап шықтық. Бейнебаянда айтылғандай оғаш көріністерді көрмедік. Барлық бейіттердің айлары өздерінің орындарында тұр. Қорымда көп тамдарға ай белгісініңмүлде орнатылмағанын ескеру қажет. Оны орнату, орнатпау әркімнің өз еркінде. Жалпы, зират басына тыныштық керек. Бұл бір бас артық әңгіме қылатын нәрсе емес. Бәріміз де мұсылман халықпыз. Осы жерде ата-бабамыз, жақын-жуықтарымыз жерленген. Әлеуметтік желіден тосын жарияланымды естігенде бәріміз де қатты шошынып қалдық. Сондықтан, бір нәрсе айтпас бұрын әбден оның байыбына толық көз жеткізіп алғанымыз жөн. Халыққа тарататын ақпараттарымызға абай болсақ екен», – дейді қалалық мешіттің бас имамы Нұрхан қажы Асанұлы.

Қалай дегенменде, ел ішіне тарап кеткен жағымсыз ақпарат көпшілікті алаңдатып әуре-сарсаңға салып қойды. Жан-жақтан хабарласып, мәселенің анық-қанығын сұрап жатқан азаматтардың қатары да аз болмады.

«Қорымның басына «вандализм» немесе ұрлық фактісінің бар-жоғын анықтау барысында келіп тұрмыз. Қалалық мешіттің бас имамымен бірге аралап қарау барысында ондай әрекеттердің орын алмағанына көз жеткіздік. Адам қолымен бұзылған, болмаса ұрланған бейіт белгілерінен қалған қылмыс жасау орындары анықталған жоқ», – дейді Арқалық қалалық полиция басқармасының тергеу бөлімінің тергеушісі, полиция аға лейтенанты Әлішер Мұратұлы.

Өзекті мәселе аяқсыз қалмас үшін құқық қорғау органдарының өкілдері әлеуметтік желіде жарияланым жасаған ақпарат иелерімен де жұмыс істеуде. Түсірілім куәгерімен видеода көрсетілген бейіттерді аралау барысында да зират басындағы ешбір ай белгісінің ұрлану фактілері анықталмады.

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

Суреттерді түсірген автор

Арқалық қаласы

Жаңалықтармен бөлісу