Арқалық қаласында жолаушылар тасымалы жанданды

Арқалық қаласында жолаушылар тасымалы жанданды

Биылғы маусым айынан бастап, Арқалық қаласында қоғамдық автобустар жұмысы жандана бастады. Жолаушылар тасымалымен айналысатын «Ayala Trans Group» ЖШС 121 млн теңгеге 4 жаңа автобус сатып алды.

Серіктестік таяуда тағы 2 автобус алуды жоспарлап отыр. Бұл жоба арқылы орташа жалақысы 150 мың теңге болатын 24 жұмыс орны ашылды.

Жағымды жаңалықпен жақында қалаға жұмыс сапарымен келген облыс әкімі де арнайы танысқан. Мұндағы жолаушылар тасымалының мәселесі облыстық “Қостанай таңы” газетінде де жиі көтерілген еді.

№4 бағытта жаңа автобустар бұрынғы №3 және №4 маршруттарды біріктіріп, жаңа бағыт бойынша Западный және Новый шағын аудандары, қаланың негізгі көшелері: Шақшақ Жәнібек және Абай даңғылының бойымен жүреді. Сондай-ақ, жолаушылар көліктерінің қозғалыс бағытына қала жанындағы Дорожник, Северный шағын аудандары да кіреді. Жолақы төлеу оңайлатылған, яғни қолма-қол ақшамен қатар, төлем картасы және QR-код арқылы да төлеуге болады. Жол жүру құны – 60 теңге. Тағы бір жаңашылдық SMSBUS қосымшасы арқылы автобустың жүру бағытын да қадағалауға мүмкіндік бар.

Автобустардың жол жүру интервалы – орташа есеппен 10-15 минут. Аптаның барлық күнінде жүреді. Алайда, жексенбі күні аралық уақыты 30 минутқа дейін ұзарады. Қалалық «Тұрғын үй құрылысы жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы» бөлімі Жолаушылар нөпірі көп болса, жексенбі күні де автобустардың ара қашықтығы сәйкесінше қысқаратынын алға тартады.

«Қаламызға жаңа автобустар келіп, үлкеніміз бар, кішіміз бар, сондай қуанып, мәре-сәре болып жатырмыз. Бұған дейін қаланың ішінде жүріп-тұруымыз мүлде қиындап кетіп еді. Әсіресе, біз сияқты жасы келген кісілерге қиын болды. Бұл жағдай шаһар маңындағы кенттердің тұрғындарына да үлкен қолайсыздық тудырды. Автобус мәселесін шешіп берген азаматтарға рахметімізді айтамыз, – дейді қала тұрғыны Бақытжамал Аяғанқызы.

Еске сала кетейік, қала басшылығы жолаушылар тасымалына байланысты туындаған мәселені шешу үшін кәсіпкерлермен бірнеше мәрте кездесулер өткізіп, инвестор тартқан болатын. Жаңадан іске қосылған автобус қызметі соның нәтижесі. Жолау-
шылар тасымалымен айналысатын серіктестікке субсидия төленетін
болады.

Арқалық қаласы

Жаңалықтармен бөлісу