Сүйінші! Тараз қаласында қазақ күресінен ересектер арасында өткен Қазақстан республикасының чемпионатында жерлесіміз Архат Баймурзин 55 келі салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанды.
Ел біріншілігі Жамбыл облысының Құрметті азаматы, ҚСРО-ның және Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Марат Нұрмұхамбетұлының 80 жылдық мерейтойына орайластырылған.
Балуандар 16 салмақ дәрежесінде бақ сынасып, жарыстың соңғы күні ерлер – 55, 60келі, түйе балуан, ал әйелдер – 48, 52 келі салмақ дәрежесінде боз кілемге шықты.
«Міне, бүгін керемет жаңалыққа куәгер болып отырмыз.Осы сәтті пайдалана отырып биыл ғана құрылған «Тобыл- Торғай Тарландары» Қостанай облыстық қазақ күресі федерациясының Президенті Ринат Зәкиұлына, клубымыздың директоры Ерік Қонақбайұлына және облыс әкімдігінің Дене шынықтыру және спорт басқармасының осы күнге дейін спортымыздың дамуына қосқан үлесі үшін алғысымызды білдіреміз», – дейді бапкері Алтынбек Болатов.
Атап айтатын болсақ, бұл ересектер арасында он жылданастам уақыт салып қайталанып отырған жеңіс. 2010 жылы ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының Чемпионатында Ерлан Омаров жеңімпаз атанған болатын.
«Спортшымыз, шәкіртіміз Архат Баймурзинді осынау керемет жетістігімен және де осы еңбек жолында аянбай маңдай терін төккен жеке бапкері Алтынбек Болатов пен Қостанай облысы құрамасының аға жаттықтырушысы Сайлау Рыздықовты құттықтаймыз», – дейді жеңімпаз және спортшы жаттығатын әрі білім алатын қалалық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі мен Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының ұжымдары.
«Тараз-Арена» спорт кешенін дүбірге бөлеген байрақты бәсекеге еліміздің Астана, Алматы және Шымкент қалалары мен 17 облысынан 500-ге тарта балуан сайысты.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Арқалық қаласы