Арқалық аспанын күй күмбіріне бөлеп, елордамыз Астана күні және Ұлттық домбыра күніне орай 300 домбырашы бір мезетте 7 күй тартты.
«Демалыс саябағындағы» дала сахнасында жиналған жұртшылықты қала әкімі Әмірхан Асанов мерейлі мерекелермен құттықтап, марапаттауларын табыс етті.
«Астанамыз – бірлік пен берекенің, Отанымыздың телегей табыстарының символы. Қазақстан халқы қол жеткізе алатын шексіз мүмкіндіктердің үлгісі. Елордамыз Тәуелсіз Қазақстанды әлемге танытты. Еуразияның жүрегінде орын тепкен керемет шаҺар шын мәнінде де ғылыми ой-сананың діңгегі болып, әлемдік деңгейдегі жоғары инновациялық технологиялар орталығына айналды. Домбыра қазақтың жаны, ұлтымыздың асқақ рухы, баға жетпес қазынасы. Бабалар үнін ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, азаттықтың ақ таңы атқан бүгінгі күнге дейін халқымыздың сенімді серігі бола білді», – деп атап өтті қала әкімі Әмірхан Асанов қала халқын қос мерекемен құттықтауында.
Қала басшысы тілге тиек еткендей ұлттық домбыра күнін арқалықтықтар үш жылдан бері ұлықтап келеді. Алғашында көршілес Аманкелді ауданында бастау алған «1000 домбыра» іс-шарасы Арқалықта «1500 домбырамен» еселене түсті.
Былтырдан бастап жоспарланып, дайындығы жүргізілген «2024 домбыра» өкінішке орай, биылғы су тасқыны табиғи апатына байланысты кейінге қалдырылды.
Салтанатты шақта рухымызды көтеріп, мерейімізді өсіретін Ұлттық домбыра күніне орай мерекелік іс-шараны ұйымдастыруға демеушілік қолдау көрсеткені үшін кәсіпкерлер «Арқалық-көмір» ЖШС басшысы Сағидолла Аяп, Нұрымжан Бірімжанұлы, Сәбит Әбдіқадірұлы, Әсел Мұратқызы, Родина ауылдық мектебіне екі жыл бойы 20 домбыраны сыйға тартқан Индира Болатбекқызы, ең қарт домбырашы Бейсембай Ержанов, сондай –ақ, үйірме жетекшілері, қатысушы өзге ұлт өкілдері, ең жас домбырашылар қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Жайдары жаздың кешінде қалалық ұлт-аспаптар оркестрі мен қала тұрғындарынан құралған домбырашылар мерекеге жақсы әзірлікпен келгендіктерін көрсетті.
ҚР Мәдениет қайраткері Бораш Әбеновтің дирижерлық етуімен жүздеген домбырашылар: Сейтектің күйі «Тойбастар», халық күйлері «Тепеңкөк», «Салкүрең», «Жастар биі», Нұрхан Ахметбековтің «Жеңіс», Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса», Бораш Әбеновтің «Желдірме» күйлерін нәшіне келтіре орындады.
Сонымен қатар, күй күмбірлеген кеште қаладағы өнер ұжымдары: «Ақбота» халықтық би ансамблі, «Наркескен» дәстүрлі әншілер ансамблі, «Арқа сазы» этно-ансамблі, «Атамұра» домбырашылар ансамблі және басқа да жекелеген өнерпаздар ән-жырдан шашу шашты.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген автор
Арқалық қаласы