Ардақты тұлға құрметке лайық

Ардақты тұлға құрметке лайық

Жуырда редакцияға елімізге белгілі қайраткер тұлға Ілия Омаровтың ауылдас, туыс ағайыны келді.

“Осыдан үш жыл бұрын облыс әкімдігіне хат жаздым. Әлі күнге дейін бұл мәселе шешілмей жатыр. Онда Сарыкөл ауданының Жазы би деген жерінен(Қара-Оба ауылы) қазаққа қызмет еткен үш бірдей тұлға шыққаны жайлы баяндап хатқа тіздім…”, – дейді Мырзатай Нұрпейісов есімді ақсақал.

Олар: қоғам қайраткері Ілияс Омаров, алғаш қазақтан шыққан Кеңес одағында елшілік қызмет атқарған аяулы тұлға Мәлік Фазылов және әлемге аты мәшһүр академик Өмірзақ Сұлтанғазин.

Тұлғалардың есімдері ескеріліп, облыс орталығы – Қостанайдың төрінен көше аты берілсе дейді бүгінде Астанадан ат арылтып әдейі жеткен жерлесіміз. Қолында көрсетуге сақтап келген бір бума қағаздары мен том-том кітаптары бар…

 

Мырзатай Нұрпейісұлы атақты Жазы бидің бесінші ұрпағы. Әкесі Нұрпейіс пен Ілияс Омаровтың әкесі Ділім осы Жазы бидің Төлеген деген тармағынан тарайды екен.

“Мәдениет бөліміндегілермен ақылдасқанымда: “ол туралы бұқаралық ақпарат құралдарында жазылу керек” деген жауаппен ғана шектеліп отыр. Біздің Ілекең туралы қаншама жазылды…”, – дейді қария әр кезде жарық көрген газет қиындылары мен құжаттарды алға тартып.

Ілияс Омаровтың тұлғалармен алмасқан хаттары мен естеліктері жеке-жеке кітап болып шыққан, сексен жылдық тойына қатысқан адамдардың пікірлері мен хаттары осы жинақтарға енгізіліпті. Ғабит Мүсіреповтің, Асқар Закариннің, Сырбай Мәуленовтің, профессор Мажкен Бутиннің қолжазбалары сақтаулы. Тарихшы Манаш Қозыбаев, ақын Ғафу Қайырбековтердің конференцияда сөйлеген сөздері хаттаулы. Ол жерден халық батыры Бауыржан Момышұлының айтқан пікірлері мен естелік суреттерін де кездестіруге болады.

 

“Сібірде жүргенде жасалған портреті. Артында төте жазумен Ілекеңе арналған екі ауыз өлеңі бар. Қытайдан келген қазақ қыздарына аудартып, “Қостанай таңының қара шаңырағында отырған Сәлім Меңдібайға апарып бердім. Кейін көп ұзамай газет бетінде көлемді мақала жарияланды. Дереу қуанышымды Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметовамен бөлістім”, – деп еске алады Мырзатай Нұрпейісов.

 

“Ілияс Омаров есімін 30 жылдың орта кезінде естідім. Қызылорда ауыл шаруашылық техникумының даярлық курсында оқитынмын. Директорымыз Кәрім Әбенов оқушылармен өз теңіндей сөйлесетін, тетігі аузында тұрған ақкөңіл кісі еді.

Бір күні:

– Совет сауда техникумына Ілияс Омаров деген жас жігіт директор болып келіпті, өзі мәдениетті, білімді жас. Ташкенттегі Орта Азия Жоспарлау экономика институтын бітіріпті, – деді.

Біздің техникумының жатақханасы сауда техникумының қарсы алдыңда болатын. Аққұба, талдырмаш жігіттің түр-сипатына, киім киісіне, жасына қарамай, байсалды жүріс-тұрысына алыстан қызығатынбыз”, деп жазады жазушы, ақын Сырбай Мәуленов қоғам қайраткері жайлы мына бір естелігінде.

 

 

Ілияс Омаров осы баспалдақтан Қазақ КСР сауда министрлігіне дейін көтеріледі. Қазақ КСР Министрлер кеңесінің төрағасының орынбасары, Шығыс Қазақстан облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің үшінші хатшы болды. Сонда тарихшы Е. Бекмаханов Кенесары хан жайлы кітабын шығарғанда Ілияс Омаров тарихи тұғырнаманың редакторы болады. Содан кейін бұлар қуғынға ұшырайды. Е.Бекмахановты жиырма үш жылға соттап жібереді. Ілекеңді үшінші хатшылықтан Қазақ фильмнің директорылығына түсіріп тастайды. Мәскеуге хат жолданып, Президиумынан жауап алынған сәттер де болған екен. Сонда Израиль елінің тұрғыны Қазақстанда болғанын айтып, І.Омаровтың қандай адам екенін жазып, министрлікке хат жібереді. Д. Қонаев 1967 жылы Ілияс Омаровты мәдениет министрі етіп сайлайды. Қалыбек Куанышбаев Ілекеңді құттықтауға келсе, төрде Қонаевтың, Брежневтің емес, Темірбек Жүргеновтің портреті ілінген екен . Соның жөнін сұраса, Ілекең: “Темекең болмаса мен министр болмас едім, сен қайраткерлік атақ алмас едің. Осылай жүргеніміз сол Жүргеновтің арқасы” деген екен жарықтық… Ғабит Мүсірепов, Мұхтар Әуезовтер жастары үлкен болса да Ілекең деп өмір бойы сыйлап өткен. Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі, марқұм Сәлім Меңдібайдың сөзімен айтсақ: “Әкесінен тумай жатып, анасынан жеті жаста қалған Ілиястың көргені – балалар үйі, интернаттың қара наны мен қара көжесі. Талабы бар бала жастайынан көп оқыды, әдебиет пен өнерге жақын жүрді. Тіпті Сауда министрі бола жүріп, ол әдебиет пен өнер туындылары жөнінде білікті пікірлер айтты. Талай мақалалар жариялады. Ол жазушылар мен артистердің, компазиторлар мен суретшілердің үлкен досы болды. Бүкіл елге мәшһүр болған “Гүлдер” ансамблі, “Қыз Жібек” кинофильмі тікелей Ілекеңнің басшылығымен дүниеге келді”.

Өмірзақ Сұлтанғазин болса, физика-математика ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА-ның академигі. Қазақ КСР ҒА-ның вице-президенті, Қазақстан Республикасы ҰҒА-ның президенті қызметтерін атқарған. Ғарыштық зерттеулер институтының директоры ретінде еліміздегі ғарышкерлікті дамытуға үлес қосқан тұлға. Қазақтың тұңғыш ғарышкері Т. Әубәкіровтің ғылыми ұшу бағдарламасын дайындағаны үшін Ленин орденімен марапатталған.

Өмірзақ Махмұтұлының жетекшілігімен ғарышкер Т.Мұсабаевтың ұзақ уақыт орбиталық «МИР» станциясында ұшуына байланысты академияның әр саладағы институт ғалымдарының ғылыми тәжірибелер жоспары құрылған.

Облыстық өлкетану музей қорындағы жинақталған мәліметтерде көрсетілгендей, Мәлік Фазылұлы Қазақтан шыққан тұңғыш және жалғыз Төтенше және өкілетті елші дәрежесіндегі КСРО-ның Мали мен Мароккодағы елшісі болған дипломат. Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын бітірген. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрінің кеңесшісі болды. Үш рет Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған. Екі рет Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған тұлға.

Елінің даңқын асқақтатқан перзенттеріне облыс орталығынан көше аты берілсе нұр үстіне нұр.

 

Айбек ҒАЛЫМҰЛЫ

Жаңалықтармен бөлісу