Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Қостанайда халықпен кездесті

Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Қостанайда халықпен кездесті

Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Қадыров Қостанайға іссапарлап келіп, тұрғындармен кездесті.

Президент Қ.Тоқаев былтыр министрлік басшыларының халықпен кездесу өткізуі туралы Жарлыққа қол қойған еді. Студенттер сарайындағы жұртшылықпен жүздесу осы тапсырма аясында ұйымдастырылды.

Данияр Қадыров министрлік бастамасымен жүзеге асырылып жатқан жұмыстар туралы баяндап, тұрғындардың сұрақтарын тыңдады. Ол бастапқы сөзінде мемлекет тарапынан қолға алынған бастамалар жөнінде де ақпарат беріп өтті.

«Биыл Жастар саясатын дамыту концепциясы қабылданды. Жастарға негізінен не керек? Ең әуелгісі – баспана мен жұмыс. «Отбасы банкі» және басқа да банкілермен келіссөздер жүргізіліп, осы бағытта жұмыстар атқарылып жатыр. Одан бөлек, жұмыспен қамтуға арналған түрлі бағдарламалар бар. Өздеріңіз білесіздер, жастардың жасы 29-дан 35-ке дейін ұзартылды. Қоғамдық даму бағытында да ұстанған бағытымыз айқын. Биыл Мәжіліс қоғамдық бірлестіктер туралы заңға өзгерістер енгізбек. Құрылтайшыларын оннан 2-3 адамға дейін қысқарту көзделіп отыр. Соның бәрі сіздер сияқты тұрғындармен кездесуден кейін қолға алынған жұмыстар», – деді вице-министр.

«ГрИн» ұйымынан Динара Өтебаева қоғамдық бірлестіктер шағын және орта бизнес өкілдеріне теңестіріліп жүргенін тілге тиек етіп, жаңа салық кодексінде ҮКҰ мүддесі ескерілсе деген тілегін жеткізді. Вице-министр бұл жөнінде көптеген хат түсіп жатқанын айтты.

«Сарапшылар мен мамандардан құрылған жұмыс тобы бұл мәселені біледі. Бірақ, біз түсінуіміз керек, ҮЕҰ тек грант ұтушы емес, ол да табыс таба алатын ұйым болуға тиісті. Бұл жағынан да жауапкершілік болуы керек. Ал салық төлемі жөнінде әлі де қарастырамыз, назарымызда болады», – деді Д.Қадыров.

Толығырақ газетіміздің алдағы санынан оқи аласыздар.

Жаңалықтармен бөлісу