27 қараша күні Ақкөл ауылында Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен, “Ауыл және мәдениет” жобасы аясында ақын Шәміл Мұхамеджановтың шығармашылығына арналған “Сағынышқа айналған ақын” атты әдеби сазды кеш өтті.
Кеш Ақкөл ауылындағы Аңсаған Қоңқабаев атындағы орта мектебінің акт залында ұйымдастырылды.Шәміл Мұхамеджанов – қазақ әдебиетінің айшықты тұлғаларының бірі, өз өлеңдерімен ауыл өмірін, табиғат сұлулығын, махаббат пен туған жерге деген ыстық сезімді бейнелеген ақын. Ақынның шығармашылығын дәріптеу мақсатында өткен бұл кешке ауыл тұрғындары мен мәдениет саласының өкілдері қатысты.
Кеш барысында “Жас қаламгер” үйірмесінің мүшелері ақынның өлеңдерінен арнау өлеңдерін оқып, өз шығармашылықтарын ортаға салды. Атап айтқанда, жас ақындар – Шәміл Мұхамеджановтың өлеңдеріне деген сүйіспеншіліктерін білдіріп, оның шығармаларының мәңгілік мәнін ерекше атап өтті. Сондай-ақ, ауыл кітапханашысы кешке арнайы дайындалған “Жыр ғұмыр” атты кітап көрмесін таныстырды. Көрмеде ақынның шығармалары, өмірі мен қызметі туралы кітаптар мен басылымдар орналастырылды. Бұл көрме кешке қатысушылардың ақын туралы тереңірек мағлұмат алуға мүмкіндік берді.Мектеп директоры Мейрамғали Қоңқабаев осы әдеби сазды кешке қатысушыларды мектеп ішіндегі мұражаймен таныстырды. Мұражайда мектептің негізін қалаушы, сондай-ақ ауыл мәдениетіне үлкен үлес қосқан тұлға – Аңсаған Қоңқабаевтың өмірі мен шығармашылығына қатысты бірегей экспонаттар қойылған. Мұражайда Аңсаған Қоңқабаевтың фотосуреттері, оның қызметі мен қоғамдық өмірі туралы деректер, сондай-ақ оның тұтынған заттары мен жеке бұйымдары сақталған.«БІРТҰТАС ТӘРБИЕ БАҒДАРЛАМАСЫ» ұлттық, адами құндылықтарға негізделген. Бұл бағдарламада – білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысын толыққанды жүзеге асыру үшін білім алушылардың бойында қалыптастырылуы тиіс құндылықтар мен тәрбиенің мақсаты, міндеттері айқындалады. Аталмыш бағдаралама аясында – мектепте жұмыс істейтін тігін үйірмесінің шығармашылығына да ерекше назар аударылды. Үйірме мүшелері өздерінің шығармашылық қабілеттерін танытып, түрлі қолөнер бұйымдары мен тоқыма өнерінің қыр-сырына бойлап, ерекше туындылар жасады. Балалар жүннен түрлі әдемі бұйымдар, көз тартарлық кілемдер мен сәнді аяқ киімдер жасап, өз қолдарымен жасаған өнімдерін көрермендерге мақтанышпен ұсынды. Бұл шығармашылық жұмыстарда оқушылардың шеберлігі мен таланты айқын көрініс тапты.Үйірменің жетекшісі, мектептің білікті мұғалімі Іскендір Гүлімшат Жандарбекқызы балаларға тек білім ғана емес, қолөнерге деген сүйіспеншілікті, шығармашылық қиялды да ұштауға үнемі ынталандырып келеді. Мектептегі тігін үйірмесі мен оқушылардың шығармашылық ізденістері бірте-бірте үлкен жетістіктерге жетуіне жол ашады.
«7 сынып оқушысы Ыхлас Мәдина Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының “Жангелдин ауданының білім бөлімі” ММ-нің ұйымдастыруымен өткен Республикалық «Зерде» зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобалар конкурсында тамаша жетістікке жетті. Бұл байқау аудан бойынша 2-7 сынып оқушылары арасында ұйымдастырылып, түрлі секциялар бойынша шығармашылық жұмыстар мен зерттеулер ұсынылды. Мәдина өзінің ерекше жобасымен — технология және өнер секциясы бойынша — құрғақ жүнмен (фильц) тоқу өнерін дамыту мақсатында, құрғақ илеу тәсілін қолданып, жүнді инемен пішіндеп, әсем панно жұмысын ұсынды. Оның бұл туындысы өз көркемдігімен, шеберлігімен және жаңашылдығымен қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды», – деп атап өтті үйірме жеткшісі Г.Жандарбекова.
Мәдинаға тиесілі жүлделі 1-ші орын оның еңбекқорлығын, шығармашылық қабілетін және қолөнерге деген ерекше талпынысын көрсетеді. Бұл жетістік тек оның өзіне ғана емес, үйірме жетекшісі Іскендір Гүлімшат Жандарбекқызының да еңбегінің нәтижесі болып табылады. Гүлімшат Жандарбекқызының жетекшілігімен оқушылар тек білім ғана емес, қолөнер саласында да үлкен жетістіктерге қол жеткізуде.
Мектептің тігін үйірмесі – баланың шығармашылық әлеуетін ашуға, дәстүрлі қолөнерді сақтауға және дамытуға бағытталған маңызды бастама. Үйірме мүшелерінің еңбегі мен жетістіктері мектептің мәдени өмірінде ерекше орын алады, әрі оқушылардың болашақта қолөнер саласында да өзіндік жолдарын табуына жол ашатыны сөзсіз.
Кештің сәнін жергілікті “Балдәурен” ансамблі толықтырды. Ансамбль керемет күймен қонақтарды қарсы алып, кештің атмосферасын көтерді. Ақынның “Сөнбес махаббат” поэмасы да оқылып, тыңдармандарды терең ойға батырды. Сонымен қатар, “Аналар ансамблі” түрлі әсем әндерді орындап, кешті сәнді әрі рухани бай етті. Оқушылар ақынның өлеңдерінен шумақтар оқып, өлеңдерін мәнерлеп жеткізді.
Кешке Жангелдин ауданының ауыл кітапханашылары мен клуб меңгерушілері де қатысып, әдістемелік көмек алмасу мақсатында бір-бірімен тәжірибе бөлісті. Бұл кездесу ауыл мәдениетін дамыту жолындағы маңызды қадамдардың бірі ретінде бағаланды. Мекеме басшылары мен мәдениет қызметкерлері арасында өзара байланыс пен ынтымақтастықты нығайту, әдебиет пен мәдениетке деген құрметті арттыру мақсатында ұйымдастырылған кеш ауыл тұрғындарына да үлкен әсер қалдырды.
Кеш соңында Аңсаған Қоңқабаев атындағы орта мектебінің директоры Қоңқабаев Мейрамғали және Ахмет Байтұрсынов орта мектебінің директоры Жармағанбетова Ләззат – Жангелдин ауданы әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар, аудандық мәдениет бөлімі мен ауыл әкімінің алғыс хаттарымен іс-шараға белсене қатысқан бірнеше азаматтар мен ұйымдар марапатталды.
Іс-шара барысында ерекше назар аударарлық тағы бір маңызды аспект – «Үш таған» ұғымының жүзеге асуы болды. Бұл ұғым Ақкөл ауылындағы мектеп, кітапхана және мәдени клубтың бірлесіп атқаратын жұмыстарының мәнін ашады. Егер осы үшеуі күш біріктіріп, өзара ынтымақтастықта жұмыс істейтін болса, ауыл мәдениетіне зор үлесін қосары сөзсіз.
Біздің басты мақсатымыз – ауданның-ауылдың мәдениетін көтеру, өнер мен білімге деген құштарлықты арттыру, жастардың шығармашылық әлеуетін дамыту. Осы мақсатта мектеп, кітапхана мен мәдени клуб арасындағы тығыз қарым-қатынас ерекше маңызға ие. Ақкөл ауылында бұл үш тағанның біріккен жұмысы айқын көрініп тұр, олар өзара байланыс орнатып, мәдени іс-шараларды бірлесіп ұйымдастырып келеді. Бұл, әрине, ауыл тұрғындарының мәдениетке деген қызығушылығын арттыруға, білім мен өнер саласында жаңа мүмкіндіктер ашуға зор ықпалын тигізеді.
Мектеп оқушыларының шығармашылық қабілеттерін дамыту, кітапхананың әдеби мұраны сақтау және мәдени клубтың өнерді насихаттаудағы рөлі бір-бірін толықтырып, ауданның рухани және мәдени дамуына өз үлесін қосып келеді. Ақкөлде орын алған осы бірлік, ауылдың мәдени өміріне жаңа серпін беріп, оны жақсартуға үлкен мүмкіндіктер ашады.
Шәміл Мұхамеджановтың шығармашылығы бүгінгі күні де өз құндылығын жоғалтпай, жас ұрпаққа үлгі болып, қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған асыл қазына болып табылады. Аталған әдеби сазды кеш ақынның мұрасын ұрпақтан ұрпаққа жеткізу, оның шығармаларының жаңа ұрпаққа таныстырылуы тұрғысынан маңызды оқиға болды.
Марғұлан Қасымбек,
Жангелдин ауданының
мәдениет және тілдерді
дамыту бөлімінің
бас маманы