Қаржы пирамидаларының кесірінен миллиондаған халық сан соғып, миллиардтаған қаражат көлемінде залал келіп отыр. 2024 жылдың 6 айының қорытындысында 36 қаржы пирамидасы, Whatsapp чаттары арқылы жасалған 200 алаяқтық іс анықталды
Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) халықтың сауатын арттыру, интернет желісінде құқыққа қарсы контент жарияланымдарының алдын алу мақсатымен «Қаржы пирамидаларын қалай тануға болады? Дропперлер деген кім және заңды бұзбауға арналған басқа да кеңестер» тақырыбында форум өткізді. Жиын ҚМА-ның ресми YouTube арнасында онлайн режимде өтті.
«Қазіргі таңда ақшаға қол жеткізу өте оңай. Ата-аналар кішкентай балалардың өзіне банк шоттарын ашып беріп жатыр. Президентіміздің «Адал азамат», «Еңбек адамы», «Толық адам» концепцияларын мұқият оқуға кеңес беремін. Отбасымызға, жақындарымызға, тіпті үкіметке сенбей, танымайтын алаяқтарға жиі алданып жатамыз», – дейді Ғылым және жоғары білім министрі Нұрбек Саясат.
Форумға Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың бірінші басшылары, белгілі медиа тұлғалар, сондай-ақ жастар қозғалыстарының өкілдері мен еріктілер шақырылды. Еліміздің ең үздік деген 35 университеті, 20 мыңнан астам студент және 10 миллионнан астам аудиториясы бар блогерлер де қатысты.
Әлеуметтік желіде миллиондаған оқырманы бар, NNN лақап атымен танымал Нұрдәулет Бектұрсын қаржылық пирамиданы жарнамалауға ұсыныс түскенін, дегенмен бірден бас тартқанын айтады.
«Кішкентай кезімде анам алаяқтарға алданып, сан соғып қалғанымыз бар. Бала болсам да сол сәт көңіліме қатты әсер етті. Осы оқиғадан кейін біреуді алдаудан немесе алданып қалудан қорқамын», – дейді ол.
Қаржы пирамидаларының белгілеріне тым жоғары пайда туралы ақпараттар, интернеттегі белсенді әрі жалған жарнама жатады. Олар заңсыз жұмыс істейді, тіпті компания Қазақстанда тіркелмеген болуы да мүмкін. Алаяқтардың басты шарты – міндетті түрде өзіңізден кейін жаңа клиенттер тартуыңыз қажет. Мұндай компаниялар қаражатты қолма-қол, криптовалютамен немесе төлем жүйелері арқылы қабылдайды. ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі егер ақпарат көздерінде бизнестің құрылтайшылары мен басшылар туралы, яғни, оның тегі, аты, әкесінің аты, өмірбаяны жайлы нақты ақпарат болмаса, компанияның нақты мекенжайы, қымбат активтері, қаржылық жағдайы туралы мәліметтері табылмаса сақ болуға шақырады.
«Chia tal» жобасы өзін қытайлық фармацевтикалық компания ретінде көрсеткен. Олар ең төменгі жарна 200 мың теңге деп жариялады. Нәтижесінде 2500 мыңнан астам қазақстандық 3 млрд теңгесінен қағылды. Сонымен қатар, «Focus» компаниясы күн электр станциялары арқылы пайда табуға уәде берсе, қытайлық компанияның атын жамылған «Gpibs» инвестициялық жобасы жылдық жарна 100% болады деп халықты алдаған болатын. Күні кеше ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі Қостанайда рұқсатсыз, заңсыз крипто айырбастаумен айналысқан кәсіпкердің қызметін тоқтатты. Күдікті 2020-2022 жылдар аралығында Қостанай облысының Тобыл қаласында қамтамасыз етілмеген цифрлық активтердің айналымын жүзеге асырып, тыйым салынған кәсіпкерлік қызметпен айналысқан. Заңсыз ісі арқылы 358 млн теңге көлемінде табыс тапқан. Сот аталған азаматты екі жылға бас бостандығын шектеуге үкім шығарды.
«Интернет желісінде алаяқтық, интернет-ұрлық, терроризм актісі туралы көпе-көрнеу жалған хабарлау киберқылмысқа жатады. Қылмыстың алдын алу үшін халық арасында сұхбат жүргізіп, тұрғындардың қаржылық сауатын арттыру үшін интернет-алаяқтардың қолданатын тәсілдерін, алаяқтықтың түрлері жайлы хабарлаймыз. Облыс бойынша жыл басынан интернет-алаяқтық бойынша 400-ден астам қылмыстық іс тіркелген, оның ішінде 60-тан астам іс ашылды», – дейді Қостанай облысы ПД «Киберпол» бөлімінің басшысы Олжас Мағыпаров.
Қаржы пирамидасын құрып және оны ұйымдастырғаны үшін 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы, ал алаяқтарды жарнамалағаны үшін 4 жылға дейін мүлкін тәркілеу жазасы белгіленген.
Диана БАТЫРБЕК