Амантай Балғарин: «Білікті мамандарды құшақ жая қарсы аламыз»

Амантай Балғарин: «Білікті мамандарды құшақ жая қарсы аламыз»

Бұл жолғы оқырман сұрақтарына Сарыкөл ауданының әкімі Амантай Балғарин жауап береді. Сіздің де белгілі бір басшыға қоятын сауалыңыз болса, бізге жолдаңыз. Whatsapp +7 771 213 7202.

– Сарыкөл ауданында тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар қанша? Оларға үй беру кезегі қалай жүріп жатыр?

– Қазір Сарыкөл ауданында тұрғын үй кезегінде 132 азамат тұр. Бүгінгі таңда «Сарыкөл ауданы әкімдігінің сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары бөлімі» ММ-нің балансында бос 2 пәтер бар. Оған аздаған жөндеу жүргізілгеннен кейін аудан халқының әлеуметтік осал топтағы азаматтары қоныстанатын болады.

2023 жылы аудандық бюджет қаражаты есебінен тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету үшін жобалық-сметалық құжаттама (ЖСҚ) әзірлеу үшін 4 млн теңге бөлінді. Бұл қаражат Сарыкөл кенті аумағында автономды жылыту пункті бар 18 пәтерлі тұрғын үй құрылысына ЖСҚ әзірлеуге бағытталған. Бүгінде жобаны іске асыру үшін облыстық бюджеттен қаржы бөлу мәселесі қарастырылуда.

– Ауылдарда жеке шаруашылығы бар кәсіпкер азаматтар жұмысшыларына баспана салып беріп жатыр ма?

– Иә, бізде ауылдық жерлерде ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші кәсіпкерлер тарапынан тұрғын үй салу белсенді жүргізілуде. Ауыл қызметкерлерін тұрғын үймен қамту үшін 12 тұрғын үйдің құрылысы жоспарланып отыр. Бұл құрылыс «Жұмыс берушілер мен жергілікті әкімдік арасындағы меморандумдарға» сәйкес іске асырылуда.

Мысалы, «СарыкольДорСтрой» ЖШС Сарыкөл кентінде 30 миллион теңге қаражат бөліп, 2 пәтерлі тұрғын үй тұрғызуды қолға алды.

Тимирязев ауылында «Аникин С.Н.» және «Утимисовтар» шаруа қожалықтары 60 миллион теңге көлемінде қаражат бөліп, 3 үй салуда.

Комсомол ауылында «Қазпроинвест» ЖШС тағы 2 екі пәтерлі тұрғын үй салуға 30 миллион теңге бөліп отыр.

Сорочин ауылында «Агро-ПАРАСАТ» ЖШС жұмысшылары үшін 40 миллион теңге қаражатқа 2 екі пәтерлі үй салу жоспарлануда.

Островное ауылында «Макатов К.К» шаруа қожалығы 20 миллион теңге көлемінде 105 шаршы метр үйдің құрылысын жүргізіп жатыр.

Тәгіл ауылында «Сатаев Б» шаруа қожалығы 30 миллион теңгеге екі тұрғын үй салып беруді қолға алған.

– Қандастарға, оңтүстік облыстардан көшіп келушілерге қандай мүмкіндіктер қарастырылған?

– Сарыкөл ауданына оңтүстік өңірлерден қоныс аударушы отбасылардың ағымы жыл сайын тұрақты түрде өсіп келеді. Бұл үдеріс аудандағы әлеуметтік-экономикалық даму үшін маңызды әрі болашағы бар қадам болып саналады. Соңғы 5 жылда Сарыкөл ауданына жалпы саны 42 отбасы көшіп келді. Бұл отбасылардың ауданда тұрақтап, ауыл шаруашылығы мен өз кәсіптерін ашып қана қоймай, басқа салаларға үлес қосып қоғамға оң ықпал етуі біздің негізгі мақсаттарымыздың бірі.

2024 жылға келетін болсақ, осы жылдың өзінде ауданда тағы 12 жаңа отбасыға жаңа өмір бастау мүмкіндігі ұсынылды.

Жергілікті атқарушы органдар олардың жаңа ортаға бейімделуін қолдап, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізуде. Қоныс аударушылардың барлық әлеуметтік жағдайлары мен тұрмыстық сұраныстарына мән беріліп, балаларды мектепке орналастыру, тұрғын үй жағдайын жақсарту және тұрақты жұмысқа тарту мәселелері жан-жақты қарастырылуда.

Ерікті түрде қоныс аударған қандастар мен оңтүстік өңірлерден көшіп келушілер үшін бірқатар қолдау шаралары қарастырылған. Алдымен, қоныс аударған әрбір азамат пен оның отбасы мүшелеріне 70 АЕК көлемінде материалдық көмек беріледі. Сонымен қатар, тұрғын үй құнының 50%-ын өтейтін арнайы экономикилық ұтқырлық сертификаты ұсынылады, бірақ сомасы 1160 АЕК-тен аспауы қажет. Қоныс аударушыларға үй сатып алғанға дейін тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтер шығындарын өтеу үшін де ай сайынғы көмек көрсетіледі.

Ауылдық жерлерге қоныс аударған жағдайда бір адамға 15 АЕК, екіден төртке дейінгі отбасы мүшелері барларға 18 АЕК, ал бесжәне одан да көп мүшесі бар отбасыларға 21 АЕК көлемінде ай сайынғы төлем қарастырылған.

Қоныс аударушыларға қолдау көрсету бойынша біз тиісті шараларды күшейтіп, қажетті жағдай жасауға ниеттіміз.

– Басқа өңірден келем деген дәрігер, мұғалім, мәдениет және спорт салаларының мамандарына баспана, жәрдемақы немесе өзге де жеңілдіктер бар ма?

– Иә, әрине, біз ауданымызға келемін деген жас мамандарды қуана қарсы аламыз және қажетті қолдау шараларын көрсетуге дайынбыз.

Елді мекендерді білікті мамандармен қамтамасыз ету – біздің басты мақсаттарымыздың бірі. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында ауданның әкімшілік орталығына және ауылдық елді мекендерге келетін жас мамандарға әлеуметтік қолдау шаралары ұсынылады. Атап айтсақ, аудан орталығы болып саналатын ауылдық елді мекендерге қоныс аударған мамандар үшін 2500 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде, яғни шамамен 9 млн 230 мың теңге көлемінде тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін бюджеттік несие беріледі. Ал ауылдық елді мекендерге қоныс аударғандарға 2000 АЕК немесе 7 млн 384 мың теңге мөлшерінде әлеуметтік қолдау қарастырылған.

Сонымен қатар, көшіп келген мамандарды алғашқы күннен бастап қолдау үшін 100 АЕК немесе шамамен 370 мың теңге мөлшерінде бір реттік көтерме жәрдемақы беріледі.

Атап айтқанда, соңғы 5 жылда, 63 маманға жалпы сомасы 22 млн 420 мың теңге көлемінде көтерме жәрдемақы төленді. Бұл қаражат олардың қоныс аударуы мен алғашқы шығындарын өтеуге берілді. Сонымен қатар, 33 маманға тұрғын үй сатып алуға 149 млн 73 мың теңге көлемінде бюджеттік несие ұсынылды.

2024 жылы да бағдарлама жалғасын тапты. Биыл 12 маманға 4 млн 430 мың теңге көлемінде көтерме жәрдемақы берілді, 1 маманға тұрғын үй алу үшін 6 млн теңге мөлшерінде бюджеттік несие бөлінді.

Бұған қоса, біздің ауданымызда жұмыс пен тұрмысқа қажетті инфрақұрылым жүйелі түрде дамуда. Әр сала мамандары үшін жеке жұмыс жағдайларын қарастырып, барлық қажеттіліктерге жауап беруге тырысамыз.

Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты – ауылдық жерлерге жас мамандарды тартып, олардың ауданның дамуына қосатын үлесін арттыру. Біз ауылдарымыздың әлеуетін көтеріп, тұрғындардың өмір сүру деңгейін жақсарту үшін алдағы уақытта да қолдау шараларын кеңейте береміз.

– Облыс әкімі аудандарда сүт-тауарлары мен фермалар салу туралы тапсырма жүктеген. Сарыкөл жерінде оған ынта білдірген шаруалар бар ма?

– Иә, біздің ауданнан бұл жобаға қызығушылық танытқан шаруашылық бар. 2025 жылы «ДемАгро» ЖШС Сарыкөл кентінде сүт тауарларын өндіретін, 600 бас ірі қара малға арналған ферма салуды жоспарлап отыр. Жобаның инвестициялық құны 2,7 миллиард теңге, бұл қаржы «Тобыл» ӘКК арқылы несие ретінде берілмек. Сонымен қатар, жобаға шамамен 300 миллион теңге көлемінде меншікті қаражат құйылады. Кепіл мүлкі де қарастырылған. Осы жылдың 19-шы қарашасында жер учаскесіне құқық беру үшін аукцион өткізілу жоспарда тұр. Бұдан бөлек, жобаның сметалық құжаттарын әзірлеу мақсатында “СТРОЙСПЕКТР ИНГ” ЖШС-мен 6 миллион теңге көлеміндегі шарт жасалуда.

– Ауылдарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету тұрғысында қандай жұмыстар жоспарланып отыр?

– Мемлекет басшысының «Өңірлерді дамыту» жобасын іске асыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, ауданымыздың елді мекендері 100% ауыз сумен қамтылған. 23 елді мекеннің 96,6% орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген. 4 шағын ауылда тұрғындардың сапалы ауыз суға қол жеткізуін қамтамасыз ететін су тарату пункттері орнатылған, 2024 жылы жоғарыда аталған ауылдарды да орталықтандырылған сумен қамтамасыз етуге бағытталған инвестициялық жобалар іске асырылуда.

Барвинов ауылын сумен жабдықтау жүйесінің құрылысы іске асуда, жобаның құны 902 млн 428 мың теңге, аяқталу мерзімі – 2025 жылдың қыркүйек айы. Белгіленген жұмыстар аяқталған соң 900-ден астам ауыл тұрғыны сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады.

Комсомол ауылында сумен жабдықтау жүйесінің құрылысы жүргізілуде, бөлінген қаражат көлемі 680 млн 617 мың теңге, аяқталу мерзімі – 2025 жылдың тамыз айы. Аталмыш жоба  500-ге жуық адамның игілігіне бағытталған бастама.

Севастополь ауылын сумен қамтамасыз ету бойынша бюджеттік өтінім «Қостанай облысы әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» ММ-не берілді. Қазіргі уақытта жобаны іске асыру үшін бюджеттен қаржы бөлу мәселесі қарастырылуда.

Соналы ауылындағы су жүйесін салу жобасы қазір жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу сатысында. Жоғарыда аталған жұмыс демеушілердің қаражатына жасалып отыр. Атап айтқанда, «Сүндеталин Уәлихан» шаруа қожалығы 1 млн 300 мың теңге бөлсе, қалған 3 млн 180 мың теңге «Олжа Арыстан ПК» ЖШС есебінен қаржыландырылады. Жалпы жобаның құны – 4 млн 480 мың теңге. ЖСҚ дайын болғаннан соң, бастаманы іске асыру үшін бюджеттен қаржы бөлу мәселесі көтерілетін болады.

Жаңалықтармен бөлісу