28 мая, 2025
Аманкелдіде түлектер аллеясының эстафетасы жалғасын тапты

Аманкелдіде түлектер аллеясының эстафетасы жалғасын тапты

«Атаңнаң мал қалғанша, тал қалсын» демекші адам ғұмырындағы ең үлкен істердің бірі тал егу.

Ол біздің болашағымыз және Табиғат анаға жасаған үлкен сыйымыз.

Ата — бабамыз ағаш өсіруді бала тәрбиелегенмен бірдей, дегенді ертеден айтқан.

Баланы туылғанынан өмірдің ызғарлы желіне төтеп беретін бекем, берік қылып өсіруді мақсат тұтатындай ағашты да табиғаттың алапат күшінен аман қалдырып, тамырын қаққан қазықтай мығым ету үшін күтіп баптап қарау керек.

Ал артында тал қалу бұл табиғаттың әсемдігі, тіршілікке ең қажетті дүние, ауаның таза болуы, қазіргі заманауй тілмен айтқанда экологиялық атмосфераның жақсы қалыптасты.

Ел президенті Қ.Ж.Тоқаевтың халыққа жолдауында «Таза Қазақстан» жалпы ұлттық экологоялық акциясын барша қазақ халқы қызу қолдап, ел тазалығы жақсы жолға қойылды.

Былтыр осы бастаманы 1966 жылғы туған құрдастар өздерінен кіші іні- қарындастарына табыс етті. Ауданымыздың көркейіп, көп желектің жайқалып өсуіне әр жылда туған түлектердің 2025 жылғы үлесі, биыл 1967 жылы туған түлектерге табыс етілді.

Бұл іс-шара өз мақсатында елге деген сүйіспеншілігі, сыртта жүрген азаматтардың кіндік қамы тамған өз ауыл-аймақтарына келіп, қолдарынан келгенше жанашырлық таныту.

Амангелді селосының орталығында өскен ағаштардың көбін халық «Омаровтың орманы», — деп атаса, қазіргі Боранбаев мектебінің жолында жайқалып өскен ағашты былтыр өмірден озған Хамит Камалиұлы Досжановтың атымен атайды.

Ауылымыздың Құмкөл бойында егілген ағаш қазіргі таңда шағын орманға айналды  десек қателеспейміз, оны кезінде осы елдің басшысы болған Аманкелді Садырбеков ектірген болатын. Осындай игі істердің жалғасы қазірде атқарылуда.

Қазақстан мемлекетінің әр жерінде жүрген 1967 жылғы азаматтар өздері қаржы қосылып, Аманкелді селосы мен Есір елді мекенінің ортасына барлық жағдайларды қарастыра отырып жүз түптен артық Пирамидалы терек отырғызды және осы отырғызған ағаш көшеттерін, арнайы түрде Қостанай қаласынан алдыртты.

Жан-жағының қоршауын, әр ағаштың түбіне жеткізілетін су қондырғыларын, қара топырақты жеткізуді бәрін өздері ұйымдастырып, екі күннің ішінде барлық жұмыстар атқарылды.

Былтыр өздерінен бір жас үлкен замандастарын Бейбіт Оспанов, Мұқаш Дүйсенбаев тағы басқадай азаматтар бұл істі ауыспалы эстафета жасап, өздерінің қабылдаған ауыспалы естелік жәдігерін сол жердің 1967 жылғы тумалары, Әлмағамбетов Нұрлыбек пен Жармағамбетов Сабитке тапсырған болатын.

Осы ауыспалы естелік жәдігер ағаш белгіні ұйымшылдықпен қабылдап, жан – жақтағы құрдастар бірігіп жүздің сыртында азаматтар қаржы жинап, бір жарым миллионның жұмысы атқарылды. Осы игі іске белсене кіріскен Бөлекбаев Берік, Мурзаев Жаңабай, Молдашев Әлімгерей, Бірсейтов Қайрат және де басқа азаматтардың еңбегі айрықша айтуға тұрарлықтай. Осы жұмыстардың атқарылу барысында құрдастардың ынтымақ бірлігі, татулығы бірден бақыланды.

Аудан әкімі Қ. Кеделбаев атқарылып жатырған іс-шараға арнайы келіп, елге жасалып жатырған үлгілі іске ырзашылығын білдіріп, алғыс айтып, бір топ азаматтармен фото суретке түсті. Атқарылған іс- шараның соңы, өзіміздің өмірден ерте өтіп, бүгінгі күнде ортамызда жоқ құрдастарымызға ас беріп, құран- дұға бағышталды.

Осы астың үстінде өзімізден кейінгі туған 1968 жылғы тумаларға ауыспалы қолдан жасалған ағаш жәдігерімізді көпшіліктің қатынасуымен салтанатты түрде табыстадық. Аманкелді ауданында қазіргі таңда көпке үлгі боларлық осындай іс- шара жалғасын табуда. Тек мемлекеттің қаржысына тиесілі жұмыстардан, ел азаматтарының азғантай болсада елге жанашырлық танытуы құптарлық жағдай. Алдағы уақыттада әр жылғы түлектер осы бастаманы қызу қолдап, дәстүрге айналдырса,” Түлектер аллеясы”- болып қалыптасып, ауданымыздың экологиялық жағдайының жақсара түсіп,үлкендер еккен ағашты, кейінгі ұрпақ саялап, ұрпақтар игілігіне жаратса , бұлда кейінгі ұрпаққа қалған игілікті істердің бірі болар еді.