Аулиекөл ауданына қарасты Аманқарағай ауылындағы Школьная көшесінде жаңа балалар алаңы ашылды.
N2 орта мектептің жанында орналасқан ойын алаңы ауыл балаларының көңіл көтерер ортасына айналды.
Игі істің бастамашысы – ауыл тумасы, осы мектептің түлегі, кәсіпкер Ғабдұлмұталап Мұқанов. Ол аудандық әкімдік пен «Аманат» партиясымен үшжақты меморандумға қол қойып, жобаның жүзеге асуына себепкер болды. Кәсіпкер ойын алаңының құрылысына шамамен 6 миллион теңге қаржы жұмсады.
Алаңның құрылысы осы көктемде басталып, қысқа мерзімде аяқталды. Жаңа алаң түрлі жастағы балаларға арналған ойын элементтерімен жабдықталған. Жарқын түсті әткеншектер, сырғанақтар, құмсалғыштар және қозғалысқа арналған ойын бұйымдары ауыл балаларын бірден баурап алды.
Аманқарағай тұрғындары туған ауылына осындай сыйлық тарту еткен кәсіпкерге шын жүректен алғысын білдіруде. Сондай-ақ, жобаға қолдау көрсеткен және оның жүзеге асуын қамтамасыз еткен әкімдікке де ризашылықтарын айтуда.
«Мұндай игі бастамалар ауылды көркейтіп, оны тұрғындар үшін жайлы әрі заманауи мекенге айналдырады», – деп бөлісті ауылдықтар.
Жаңа балалар алаңы – тұрғындар, билік және кәсіпкерлердің бірлесе жұмыс істеуінің нәтижесі. Алаңнан шыққан бүлдіршіндердің шаттық күлкісі туған жерге деген сүйіспеншілік пен болашаққа деген сенімділіктің айқын көрінісіндей.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА