Батпаққара өңірінде де су тасқыны салдарынан баспанасыз қалған отбасылар қуанышқа кенелді. Аудан орталығының “Тойтөбе” атауымен танымал бөлігінде бой көтерген үлгілі типтегі заманауи үйлер өз иелерін тапты.
Кілт табыстау рәсіміне облыс басшылығы, “Қазақстан халқына” қоры, зиялы қауым өкілдері, ауданның беделді тұлғалары және жергілікті тұрғындар жиылды.
Жиында сөз алғандар мұны аудан тарихындағы маңызды оқиғаға балап, амангелділіктерге құттықтауларын жолдады.
Үр жаңа үйдің иесі атанған ағайын да үкіметтің қолдау-демеу көрсеткеніне алғаусыз алғыстарын айтты.
“Мен су басқан ауылдардың бірі — Айтбайдың тұрғыны едім. Үйіміз топан астында қалғанда мені отбасыммен құтқарушылар тікұшақпен шатыр басынан құтқарып алды. Ондан кейін де қамқорлықтан тыс қалмадық. Мемлекет басшысына, облыс әкіміне, аудан азаматтарына, құрылысшыларға — бәріне тағдырлас ағайын атынан мың алғыс айтамын!” — дейді зейнеткер Зәкен Бопанұлы.
Белгілі меценат, мәртебелі “Алтын адам” марапатының иегері Сапар Ысқақ та дүйім жұртқа жүрекжарды лебізін арнап, жерлестерін бірлікке, жасампаздыққа шақырды.
“Әр қиындықтың бір қайыры бар” деген осы болар. Қуаныштарыңызбен құттықтаймын. Бұл сынақ бәріңізді ендігі уақытта аудан игілігі жолында тізе қоса қызмет ету мұратына біріктірсін. Осындай үйлерді өз күшімізбен салатындай күнге жетейік. Туған жеріміз дамып, өркендей берсін”, — деді ол.
Жаңа қоныс иелеріне кілтпен қоса тұрмыстық техника (“Әсел-пеш”) сыйға тартылды.
Толығырақ — газеттің алдағы сандарында.
Жандос ЖҮСІПБЕК
Суреттерді түсірген Ернұр Әуезхан