Алтынсарин ауданы Силантьев ауылының тұрғындары бір тәуліктен бері жарықтың берілмей тұрғанына шағымданып жатыр. Әрине, жарық болмағасын жылу да жоқ. Газ қазандықтары электр қуатынсыз қосылмайды.
“Үй суық, балалар ауырып жатыр” деп шағым білдірді тұрғындар. Осы мәселеге орай аудан әкімі Арнұр Сартов түсініктеме берді.
“Электр қуатының үзілуіне қатты соққан жел мен үздіксіз жауған қар себеп болды. Ауданының тоғыз елді мекеніндегі электр желілеріне зияны тиді”, – деді Арнұр Сартов.
Боран болған күні бес жүзден астам абонент жарықсыз қалған еді. Бүгінде жергілікті «Форфайт» ЭПК қалпына келтіріп жатыр. Бұған дейін 10 маманымен төрт жөндеу бригадасы жұмыс істеген. Қостанай қаласынан жағдайдың ушығуына байланысты көмекке тағы екі бригада келді.
“Қазіргі уақытта жағдайды қалпына келтіруге жұмыстарын алты жөндеу бригадасы жалғастырып жатыр. Барлық ауылдарына жарық біртіндеп берілді. Жеке тұрғын үйлерде әлі де жөндеуді қажет ететін абоненттер бар”, – деді Арнұр Сартов.