САЙЛАУБЕК
(Бейімбетше)
Кеше:
- Уа, кімсің?
- Ыбыраймын!
Қараңғыға сәуле шашқан тұнық аймын.
- Қайда барасың?
- Сайлауға барамын!
Парақор мен, жемқорлардың,
Аяқ-қолын байлауға барамын.
Жердің байлығын қанаған,
Елдің айлығын талаған.
Месқарынды бір шыбықпен айдауға барамын.
- Бірдеңе сұрасам сыбызғыдай сызыласыз ба?
Осы Сіз мансапқа қызығасыз ба?
- Түсінбеңдер мені жаңсақ,
Керек емес маған депутаттық мансап!
Бұл орынға елдің қамын ойлауға барамын!
- Ой, азаматым!
Шығара бер қазақ атын!
Бұзылмасын таза затың!
- Қазақтың атын шығару үшін,
Қолыма байрақ –
Ту алу үшін.
Мұзға мертіккен аттай,
Үйде шатқаяқтап жатпай,
Сайлауда дауыс беріңдер маған!
Осыдан депутат болсам,
Жолдарың тақтайдай тегіс болады,
Алға басқан көп іс болады.
Алқап толы егін болады.
Жанармай тегін болады,
Он соттық жерің болады.
Осыдан бар ғой,
Мен депутат болсам қара да тұр.
Төбесіне төндіріп заманақыр.
Тайраңдап жүрген талайдың,
Әкесін танытам да қамаймын!
Елдің көшін тек алға сүйреп өтем,
Жемқорлардың көзіне көк шыбын үймелетем.
Сіздер үшін тек ағайын, бұл ісім,
Қалғанын кейін айтам,
Осылайша басталады жұмысым.
Құр әншейін ұрандасам,
Айтқанымда тұра алмасам,
Ыбырай атым құрысын!
Бүгін:
- Уа, кімсің?
- Ыбекеңмін!
«Сіз» деп сөйле!
Белгісіз бе кім екенім?
- Құлың болайын, Ыбеке, Ыбыштай,
Неліктен құйрығы құрттаған шыбыштай,
Кеңсені көлеңкелеп шықпайтын болдыңыз,
Елдің жайын ұқпайтын болдыңыз?
Екі жылда еліріп,
Ел танымастай семіріп,
Биттей едіңіз
Киттей болдыңыз.
Ауылдан қашып,
Құлағын кескен иттей болдыңыз!
Уәде қайда баяғы?
Салық өсті,
Халықтың үміті өшті,
Өлуге таяды.
Өлген үмітті көмуге таяды.
Баға қымбаттады,
(Не болғаны жұмбақ тағы)
Ыбеке, бұрылсаңшы, арлы әдетке,
Сізді әділ деп жібердік қой Парламентке!
-Деп еді халық.
Басын көтеріп бұл заманның есіл ері,
Керіліп тұрып есінеді.
Сосын:
- Мені көрмесеңдер өлді деймісіңдер?
Аманмын!
Уәдеме адалмын!
Түн ұйқымды төрт бөліп,
Күйіп жанып, өртеніп,
Тоқалымның…
Ой, тоқалымның деппін ғой…
Отанымның болашағына алаңмын!
Деп міңгірлеп,
Өтірік ойланды.
Халық опасыздан теріс айналды:
Ыбырайым,
Жүр деп едім елдің жайын шын ұғайын.
Дедің-ау былығайын.
Ыбырайым…
Сұмырайым!..
ЖЕМҚОРЛЫҚ
Бұл заманда ең қорлық,
Сыбайластық жемқорлық.
Қорқау қоғам төңірегі,
Екіге бөлінеді:
Жеп – қор болатындар мен,
Жеп – зор болатындар.
Алдыңғысы тұтылып жүр,
Соңғысы құтылып жүр.
Іргеңе іріткі салып,
Шімірікпей құтырып жүр.
Ізін аңдып жүретіндердің,
Айтуынша білетіндердің:
«Параны беру – міндет» дейді,
«Алу – індет» дейді.
«Жемқордың пешенесіне жазылған,
Парыз бен сүннет» дейді.
Бітпесе дерегім,
Жемқор жайлы көп нәрсе дер едім.
Деген сайын,
Тілімнің мысқылы жетпей қалады,
Жеген сайын,
Жемқордың ышқыры жетпей барады.
Араңда барыс-келіс болса,
Жемқормен алыс-беріс болсаң,
Айтқанымды жақтырмай,
Қайдағыны жазасың!- дерсің,
Көпен ағам айтқандай:
«Сиырды баспағымен жұтатындарға,
Пойызды составымен құртатындарға,
Құдай өзі жазасын берсін!»
Ұлтыңды емес, құлқыңды,
Сүйетін болсаң не шара?
Күндердің күні болғанда,
Тәңір алдына барғанда,
Табарсың тәуба бейшара!..
ҚАРЫНДАС, БҮТІНСІЗ БЕ?
-Қарындас, қалайсыз?
Не ғой, айтуға да өзі қолайсыз…
Сіз осы бүтінсіз бе?
-Әлбетте, бүтінмін.
Байға тимей,
Бала сүймей,
Екі универ бітірдім.
-Білемін мына сұрақ ұнамайды,
Дейді ғой қыздың жасын сұрамайды.
Десе де,
Құрбыларыңыз нешеде?
-Құрбыларым өзімменен жасты ғой,
Он сегізден он сегіз жыл асты ғой.
-Ай, қарындас, қандайсыз, ә, қандайсыз?
Жас баланы алдағандай алдайсыз!
Сал ат, сабау қамшы жүріп бүтінмін,
Деп айтуға қалай ғана ұялмайсыз?
-Әй, жігітім, тайталасып қоймайсыз!
Неге жеңіл жүрісті деп ойлайсыз?
-Ойларыңыз екен сіздің алуан,
Жүрісіңде жоқ қой менің шаруам.
Кеттіңіз ғой бұрқ-сарқ етіп түтіндеп.
Бара жатсыз құр ашумен түтіп, жеп,
Атам қазақ айтқан жоқ па кешегі:
«Екі жарты, болады бір бүтін деп».
- Шығар едім жібі түзу жігіт жоқ,
Табылады деген тіпті үміт жоқ.
Кешегі анау текті қазақ ұрпағы,
Тоз-тоз болып тозып кеткен түбіт боп.
- Оу, қарындас, айтқаныңыз далбаса,
Сөйледіңіз намысымды дарға аса.
Кеткен болар бір-біріне үйленіп,
Жібі түзу жігіт пен қыз қалмаса.
Мынау өмір байқатар құр сиқыр өң,
Уақытты бос өткізбеңіз ұйқымен.
Жар атану, ана атану білсеңіз,
Ару қызға осы нағыз – диплом.
Жарамайды босқа налып қайғырған,
Пендені Алла ниетіне сай қылған.
Мешін жылы сізге жігіт жолықсын,
Сәл әдемі көрінетін маймылдан!
Әумин!
ТЫШҚАН МЕН ЖУРНАЛИСТ
Кездессем де дұшпанменен,
Жалған сөзден алыс тұрам.
Қарапайым тышқанменен,
Журналисті салыстырам.
Біріншісі – қазады,
Екіншісі – жазады.
Көп болса да азабы.
Екеуі де тыным таппай,
Арлы-берлі шауып жүреді,
Нәпақасын қарап жатпай,
Маңдай термен тауып жүреді.
Біреуі сыбдырға,
Біреуі дыбдырға елеңдейді.
Қанша «інді» қазса да,
Қанша ма «шындық» жазсса да
Еңбектері еленбейді.
Өмір дейтін өткелдің,
Екінші тұсы тағы бар.
Яғни, әлеуметтік жағы бар
Бұл жағына келгенде,
«Қазатындардың» бағы бар.
«Қазатындар» ініне келіп,
Тынысын бір кең алып қалады,
Бала-шағасын көзімен көріп,
Улап-шулап демалып қалады.
Көзге оғаштау көрінеді,
Іннің іші бөлме-бөлмеге бөлінеді.
Жатын бөлме, қонақ бөлме,
Төргі бөлме, асхана боп,
Бұл жағынан «жазатындар»
Ұялады масқара боп,
Себебі әлі журналистің,
Бірінде де баспана жоқ….
ОРЫСША БІЛМЕЙТІН
Тырп етпей төсегімде тырайып жатқам. Кенет біреу сирағымнан тартып, башпайымның басын қайырып, табанымды қытықтағандай болды. Желімше жабысқан көзімді тырнай ашып, жан-жағыма қарасам, әйелім:
– Тез тұр, жақын маңдағы дүкенге барып қайт! Үйде тіске басар дым жоқ, –дейді. Сасқанымнан: «Тоңазытқышта лавр жапырағы бар емес пе?» – деппін. «Соны өзің же!» – деп оқша атылмасы бар ма! Орнымнан атып тұрып, шалбарымның бір балағын үйде, екіншісін сыртқа шыға киіп, әйелім жазған шұбыртпалы тізімге қоса өмірі бір жетпейтін тиын-тебенімді қалтама сүңгіте сала орталық дүкенге ызғытып келcем, тап есіктің алдында бір орыс солқылдап жылап отыр. Бұл пәтшағарға не болды, біздің елде өзге ұлттың жылағаны несі, деп жақындасам: «Ағатай, нан ала алмай тұрмын, көмектесіңізші!» – дейді. Құдая тоба, орыс болса да аяп кеттім. Қалтамдағы онсыз да жетпейтін тиынымды алып шықсам, ол қойнынан бір уыс ақша шығарып тұр… «Ақшам бар, тек түрі ғана қазақ сатушы апайға орысшам жетіңкіремей тұрғаны», – дейді… Сол жерде жата қалып жер тепкілей күлемін деп ішегім түйіліп қалды. Орысша білмейтін орыс! Құдайдың берген осыншалық ғұмырында мұндайды көрсем көзім шықсын. Мен күлген сайын әлгінің жылаған дауысы күшейе түсті. – Неменеге таңданасыз? Біз қазақша білмейтін қазақ көрсек тіпті де таңданбаймыз, күлсек те ішімізден күлеміз. Сіз мені түсінетін шығар деп едім. Бәрі осылай мазақ етеді, «орысша білмейтін орыс» деп саусағын шошайтып келеке қылады. Мектеп қабырғасынан бері көрген күнім осы. Қазақтың балалары: «Орысша білмейсің!» деп кемсітеді. Сендер де қазақшаны қатырмайсыңдар ғой десем: «Казак тили не важно, главное орысша знаем», дейді. Осының бәріне ата-анам кінәлі!
– Шырағым-ау, олардың не жазығы бар? Сен өзі таза қанды орыссың ба?
– Иә, әкем де, шешем де жеті атасынан орыс. Тек олар мені қазақ мектебіне оқуға берді. Және мен үйренсін деп өздері де үйде үнемі қазақша сөйлейтін. Шіркін, тым болмаса солардың біреуі қазақ болғанда ғой, қазір орысша сайрап тұрар едім.
– Қалқам-ау, досқа күлкі, дұшпанға таба болмай Ресейге көшіп кетпейсің бе?
– Сіз де қатырады екенсіз! Онда барсам аштан өлмеймін бе? Аштан емес, әуелі намыстан өлемін ғой. Ондағы ең бас көкемнің бетіне қалай қараймын? Ана тілімді білмейтінімді естісе ана дөй ағай тірідей «жеп» қоймай ма мені? Жо-жоқ, бара алмаймын!
– Сенікі дұрыс екен. Бізге өзіңдей түрі емес, тілі қазақ азаматтар қажет. Мен саған тегін ақыл айтайын. Басқа ұсақ-түйекке басыңды қатырып қайтесің. Осы қазір анда барып депутаттыққа өз кандидатураңды ұсын.
– Қойыңыз, ұят болады!
– Ұяты несі?! Сен біз үшін жаңалық болып тұрсың. Бізде жаңалық ашқандардың бәрі сөйтеді. Болды, қалған ақыл өзіме де қажет.
– Болмайды! Олар да орысшам жоқтығын білсе мазақтайды…
– Сен күт, мен қазір… Алынбаған азық-түлік әдірем қалсын дедім де, екі өкпемді қолыма ала жүгіріп ентіге үйге кірген бетте «қисық қабырғама» болған жайтты жайып салдым. Ол байғұс та «Динозавр тіріліп келіпті!» дегенді естігендей тапырақтап, әрең есін жиды. Бала-шаға, тайлы-таяғымызбен шұбырып дүкеннің алдына келсек, әлгінің ізі ғана жатыр. Қайда кетуі мүмкін? Түрі де, тілі де қазақ сатушысы бар дүкен іздеп кетті ме екен? Қой, ондай дүкен бұл маңда жоқ қой. Бәлкім, анда тура тартқан болар. Белгісіз… Содан бері сап-сары пендені табанымнан таусыла іздеп таба алмай жүрмін. Айтпақшы, орысша білмейтін орысты көшеден көрген жоқсыз ба?
ДАЛАДА ЖАТҚАН ҚЫЗ БАР МА?
Сіздерге шынымды айтайын ба? Әлде мұңымды айтайын ба? Мен өзі шынын айтам деп мұңын, мұңын айтам деп сырын айтып қоятын кәдімгі ақкөңіл пендемін. Осы күнге дейінгі отыз сегіз жылдық ғұмырымда (мен үшін аз, қыздар үшін көп) талай талдырмаш бел сұлуға ғашық болдым. Қай қызға қырындасам да әйтеубір бойымнан бір мін тауып ала қояды. Былтыр бір қызбен қол ұстасып едім, қол ұстасқанда да көшеде кәдімгі қолтықтасып арлы-берлі көлбеңдеп жүріп, ойнап-күліп, сыйлықтан сыйлық беріп едім, ол маған бұйрықтан бұйрық беретінді шығарды. Ақыры жеме-жемге келгенде «Саған тұрмысқа шықпаймын» деп салды. Оның айтуынша өмірлік жары болуға түрімнің қаралығы тікелей кедергі келтіреді екен. Мені: «қарасың» деген сол сылқым өткенде бір африканың қара баласына тұрмысқа шығып кетіпті. (Негр деп айтпай-ақ қояйын. Көңіліне келер. Қазақсың ба? десе арланатындар бізде де бар ғой). Ал айтыңыздаршы осы да әділдік пе?
Биыл тағы бір еріні қызарған, тырнағы ұзарған сұлуға құрығымды салып едім басында тұтылғандай көрінген, ақыры құтылып кетті. Жай кеткен жоқ құтырып кетті. «Сөзің пысық болғанымен көзің қысық, мұрының пұшық сен күшікті қасыма қалай ертіп жүремін? Көшеде ит жетектеп жүретін қыздардың қатарынан емеспін, текті тұқымнанмын» деп арланды. Арланды ит деп танысаң текті тұқымыңа болайын сенің деп қош айтысып тайып тұрдым. Кеше түнде соқа басып соқиып орталық саябақта келе жатсам, ой, тоба, жаңағы сұлуым бір қытаймен қолтықтасып келе жатыр. «Чаң-чұңдасқан» әңгімелерін қытайша түсінетін адамдай біраз тыңдап тұрдым. Ештеңе ұқпаған соң тап қасына жетіп барып, қысық көздің алқымынан ала түстім. Оңбаған неме, қай бетіңмен біздің елде алшаңдап жүрсің?! Сендерге қазына байлықтың бәрін бердік. Екі қолға бір күрек керек дедіңдер. Беделді, абыройлы жұмыстың барлығын сендерге бердік. Байлыққа айлықты қосып алып жатырсыңдар. Енді келіп екі жарым миллиард қытайдың арасынан қатын таппай қалғандай қызды да бізден алмақсыңдар ма? Қытайлық бетіме қарап күлді. Шамасы «Қайын ағай, бір ашуыңызды беріңіз!» деді-ау деймін. Өз тілінде әлденені ақтарып айтып жатыр. Араға экс-ғашығым тілмаш рөлінде араласты.
«Біздің не кінәміз бар? Статистикалық мәліметке жүгініп: Бір жігітке жеті қыздан келеді» деген әңгімені айтып жүрген өздеріңіз. Қазақтың қыздары тұрмысқа шықпаса, тым құрыса тоқал болмаса, не өздеріңіз алмасаңыздар, не бізге бермесеңіздер музейге апарып қоясыздар ма? Қазақ аруларының бізге ең тиімді тұсы – бұлар бір екі баламен шектелгісі келеді. «Көп бала тусақ, фигурамыз бұзылады» дейді. Іздегенге – сұраған! Бізде ең аз бала туған анаға «Батыр ана» атағы берілмекші. Оның үстіне қайын жұртының бай болғанын кім қаламайды? «Қатын алма, қайын ал» деген мақалды мен шығарыппын ба?
Қытайлықтың жағасына жармасқан екі қолымды босаттым да, кері бұрылып кете бардым. Ойланып келемін. Шынымен де «Бір жігітке жеті қыздан келеді» деген жөнсіз әңгімені айтып жүрген өзіміз. Әйтпегенде, қай жігіт жеті қызбен қабат қолтықтасып жүріп көріпті? Қай еркек жеті әйел алыпты? Бойжеткендеріміздің ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп жатқанына өзіміз кінәліміз-ау. «Бізде артық қыз бар!» деген әңгімені қояйықшы. Далада жатқан қыз жоқ! Егер бар болса, дәл қазір сол қыздың қасына барып жатуға дайынмын!
Алпысбай ӘБДІЛҰЛЫ.
ҚЫРЫҚТЫҢ БІРІ – «ТЫРЫҚ!»
-Алло, жаным, қалайсың?
-Салам, норма? Сен қалайсың?
-Жақсымын, жан. Достармен биллиардь ойнауға баратырық.
-Күшті ғо. Біз үйде қонақ күтуге дайындалыпатырық.
-Жақсы, кешкісін үйге келеатырғанда хабарласам.
-Пока!
Міне дәл қазіргі қазақ жастарының өзара сөйлесу сыйқы осындай. Шіркін тақырыптың өзі де бір түрлі. Осыны қаузайын десем өзім де бір түрлі болып отырмын. Сөйтпегенде ше. Тіпті, қарапайым қазақ жастарын айтпағанда сахна саңлақтарының өзі жиі «тырқылдайтынды» шығарып жүр. Мәселен: Жайдарман ойнағыш жастар мен кейбір құрамы жас театрлар осы бір «Тырқылдақ ауруына» шалдыққалы қашан. «Не істеватырсың? Баратырық, келатырық, жебатырық, кебатырық, деп отырық секілді сахна мәдениетіне жат, төл әдебиетте жоқ тұрпайы сөздер көрермен алдына шығып кеткені жасырын емес. Ал «Сахна – халықтың айнасы» болса, сол айнаға қараған жастардың жайы айтпасақ та түсінікті шығар. Қазір көшеде кездессек, телефон арқылы сөйлессек, тіпті дастарқан басында шүйіркелессек те қысылмай «тырқылдаса» беретін халге жеттік. Сіздерді қайдам, өз басым «тырық, тырық» деген дыбыстың негізінде ауыздан шықпайтынын ескерсем, жүрегім айнып, құсқым келіп кетеді. «Ит мені қапты екен деп, мен итті барып тістесем аузымда не қасиет қалсын?» депті Абай данышпан. Ендеше әркім өз аузына ие болсын! Қазақ жастары, «тырқылдатпаңыздар», қазақтың тілінен жағымсыз «иіс» шықса масқара, ұят болады!
АЙ, ИТ ӨМІР-АЙ!
Орталық саябақта алшаңдай басып жүріп келе жатқам. Тірсегі тірсегіне соғысқан бір бойжеткен үріп келе жатыр. Ой, тоба, о заманда бұ заман адамның үргені несі?! Жетектеген, көтерген не жолында не қолында ит баласын көрсем ит болып кетейін. Бұл не сонда? Жанына жақындай түстім. Бойжеткеннің найзадай кірпіктері көкке шаншылып, боялған көздері бажырая түсті. Беті де бит тайып жығылардай жып-жылтыр екен. Кенет аршын төстің астынан сабалақ жүнді «қуыршақ» күшік басын шығарды да шәу ете қалды. Зәрем зәр түбіне кетті. Талып қала жаздадым. Бұл күйімді көрген бойжеткен көзіндегі бояуы аққанша күлді де «Колхоз!» деді.
-Немене ит көрмегендей шошисың?!
-Қарындас, мынауыңыз не бәле? Ит пе, бит пе, шайтан ба? Сіздей сылқым сұлудың кеудесіне сыйып орналасардай бұл кім соншама?
-Сен аузыңды аңдап сөйле. Менің Лайкамның қанша тұратынын және қайдан келгендігін білесің бе? Мен мұны америкадан арнайы тапсырыспен алдырдым. Интернеттен бір көргеннен құлап қалдым. Ғашық болдым. Егер Лайкама бірдеңе болса қарызыңды өміріңмен де өтей алмайсың!
-Қойыңыз тәйірі, адам өмірінен қымбат не бар дейсіз жалғанда. Ал сіз бұл күшікті не үшін асырап жүрсіз?
-Жалғыздықтан құтылу үшін.
Енді мен жер тепкілей күліп едім, ішегім түйіліп, топлиымның өкшесі асвальт жолдың үстіне жабысып қалып қойды. Шойнаңдай басып біз өкшелі қыздан қалмай келемін.
-Жалғызсырасаңыз жігітпен жүрмейсіз бе?
-Ой, мамбет! Между прочем, жігітпен жүру қазір модадан қалған. «Жүретін жаман жігіттен, үретін жақсы Лайкам артық!» өзім шығарған новый мақал. Лайка қасымда болғанда мен өзімді шын бақытты сезінемін. Мен оны жуындырамын, киіндіремін, массаж жасаймын, дәретке отырғызамын, уақытында тамағын беремін, қыдыртамын. Қысқасы ол менсіз, мен онсыз өмір сүре алмаймыз.
-Сонда да бір үйге бір еркек керек қой, қарындас?..
-Менің Лайкам да еркек қой.
Жылы орнынынан басын сыртқа шығарған биттей ит тағы да шәуілдеді.
Ой, менің Лайкамның қарны ашты. Чау, мамбет!- деді де біз өкше қыз тайып тұрды.
Тақасыз топлиымды қолтығыма қысып, тал-теректі жағалап ойланып келе жатырмын. Адамзат санасының азғындауында шектеу болмайды-ау сірә. Ай, ит өмір-ай!..
ПРЕЗИДЕНТ КЕЛЕ ЖАТЫР!
Ит байласа тұрғысыз шекараның шебіндегі Айдала ауылында үш күннен бері облыс орталығынан келген екі аяқтылар құмырысқаша құжынап жүр. Жүрмегенде қайтсін! Күні ертең аймаққа іс-сапарымен келетін ел Президенті жер бетінде барар жер құрып қалғандай тура осы ауылдың тыныс-тіршілігімен таныспақ.
«Келіннің келгенінен келедісі қызық» демекші мәртебелі мейманның келгенінен келедісі «жойқын» болып тұр. Осы хабарды естігелі бері облыс әкімі өң мен түсін ажырата алмай, аудан әкімінің есі кіресілі-шығасылы болып сандырақтап қалды.
- Қанағанов, – деді ентелеп ауылға таң атпай келген облыс әкімі дәу қара
машинадан түсе салып аудан басшысына иегін көтеріп. Тегі түгілі азан шақырып қойған атын ұмытып қалған жылтыр шеке, селдір шаш аудан басшысы «ол кім?» дегендей жан-жағына жалтақтай қарады.
- Өй, аты-жөніңді ұмытып қалғанбысың! Мен саған айтып тұрмын!
- Иә, тыңдап тұрмын, әкім мырза…
- Сен өзі Президент дегеннің кім екенін білемісің? Неменеге іші ауырған
баладай төмен қарап сүмірейіп тұрсың?
- Иә, Президентті білемін, әкім мырза! Тек теледидардан көргенім болмаса
тірідей кездескен емеспіз… Облыс әкімі күжірейген мойынын қылқындырған жіңішке галстугын кеңітіп қойды да: «Көрмесең енді көресің. Президент келе салысымен дәл осы ауылды аралап көреді. Мектепке, балабақшаға, мәдениет үйіне барады. Ауыл тұрғындарымен жүздеспекші. Шаруа қожалықтарының жұмысымен танысады. Көрсететін нең бар?»,-деді сұраулы жүзбен. Аудан әкімі иығын қиқаң еткізді де:
- Ойбай-ау, әкім мырза, ауылымыз осы. Бірақ алақандай елді-мекенде
көрсететін не бар дейсіз? Мектептегі баланың саны мына менің басымдағы шашымнан да аз.
- Шаруашылықпен айналысатындар бар шығар?
- Әкім мырза! Көріп тұрғаныңыздай біздің ауылда мал жоқ. Мал түгілі тал жоқ.
- Егін егетін диқандар қайда?
- Біздің ауылда егін шықпайды. Масақтары қылтиып өседі де сүмірейіп өліп
қалады. Не болмаса көрші ауылдағы мал бағатын бақташы ішіп кетеді. Сосын малы егінге түсіп кетеді. Картоп ексек арғы ауылдағылар күзде ұрлап қазып алады. Жұрттың бәрі жұмыссыз. Халық күні-түні мектеп пен әкімдіктен қандай орын босайды деп бір көздерімен сығалайды да отырады.
- Өзің бір жүрген жеріне шөп шықпайтын бәле екенсің! Былтыр салынған
мәдениет үйі бар емес пе? Соған барайық! Кеттік! Аудан әкімінің мыжыған әңгімесіне одан әрі құлақ аспаған облыс басшысы жандайшаптарын ертіп ауыл ортасындағы мәдениет ошағына тура тартты. Бұл жерден аймақ басшысын трикоға туфли киген кекеш біреу қарсы алды.
- Асссссалауммммағалайкүм, әәәәәкім ммммырза! Мммммәдениет үүүйіне
қош келдіңіз! Мммммәдениет үйііііінің еееесігі үнемі аааашық. Ттттіпті түнде де жжжжабылмайды.
- Бәрекелді, сонда мәдениет ошағына келушілер көп болып тұр ғой?
- Жоқ, әәәәәкім мырза. Кккккөктемде іргеееесін су шайып, төөөөөрт
қаааабырғасы қақырап құлауға жақын тұр. Еееесігін ққққатты жжжжапсақ қааааабырғасы ооооопырыла ма деп қорқамыз. Сссссондықтан күні-түні еееесігі аааайқара ашық тұрады.
- Мына кекеш кім?-деді облыс әкімі аудан басшысының бетіне бит іздегендей
бедірейіп.
- Ауыл әкімі.
- Әкімге жарыған екенсіңдер! Жарайды ол басқа әңгіме. Ал былтыр ғана
салынған нысанның қирағаны несі?
- Иә, әкім мырза! Бар гәп құрылысқа жауапты болған мердігер компанияда
болып тұр ғой, – деді селдір шаш мұрынының астынан міңгірлеп. Аймақ әкімі мердігердің өзінің туысы екені есіне түсіп әңгімені басқа жаққа бұрып жіберді.
- Анау қираған үйді неге трактормен сырып орнын тазаламайсыңдар!
- Әәәәкім мммыыырза, оооол үүйййде Ұлы Оооотан сссоооғысының
аааардагерііі тттттұррраааады.
- Ал анау зәулім үй кімдікі?
- Мммменннің үйім, әәәкім мммыррза!
Облыс басшысы аудан әкіміне тағы да шұқшиды. «Былай болмайды. Алдымен дереу мектеп ішін реттеңдер. Сосын қаладағы мектептерден уақытша компьютер, ноутбук, IT құрылғыларын, парта, тақта секілді заттарды әкеліп кабинеттерді жабдықтаңдар. Қаладағы ең көрінекті мектептің ұстаздары мен оқушыларын осында түгелдей алдырыңдар! Тіпті, еден жуушылар да қаладан келсін!»
- Ойбай-ау, осы мектептің ұстаздары мен оқушыларын не істейміз? Барлығы
мектепке сыймайды ғой?
- Саспа, оларға да жұмыс табылады. Бетінің кірі бес тонна ауыл адамдары
Президенке көрінбегені дұрыс. Ұят болады. Олар түгел жабылып бір-екі сағат мәдениет үйінің қақырап тұрған артқы қабырғасын тірей тұрса ештеңелері кетпейді. Мемлекет басшысы келген кезде жарылған қабырға опырылып кетіп масқара болармыз тағы. Сосын дәл қазір көрші ауданның әкімімен хабарлас. Бір күнге мың бас мал бере тұрсын. Сосын Президент соғыс ардагерінің үйіне барып қалуы мүмкін ғой. Бір күнге ақсақалды бала-шағасымен мына кекештің үйіне орналастыра тұрыңдар.
- Ойбай-ау, қырсық шал көнбейді ғой. Ертең шындықты шырылдатып айтып
жүрсе қайтеміз?
- «Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады»,- деген. Амалын тап. Осы
үйді сізге сыйлаймыз деп жылпылдатып қоймайсың ба? Сосын, ауылға тілі де түрі де дұрыс әкім болатын бір адам керек! Болмаса ауыл әкімінің рөлін өзің сомдайсың. Бірақ есіңде болсын Президент кеткен соң да осы ауылға әкім болып қаласың! Мұны естіген аудан әкімінің түрі өрт сөндіргендей бұзылып кетті де еріксіз басын шұлғыды. Ішінен әкім болатын адам іздеп әлек. Кенет бір ой жалтыр басына сап ете қалды. Осы ауылдың қыр-сырын жақсы білетін сөз бен іске бірдей пысық тракторист Мәлік деген жігіт бар. «Атаңа нәлетке былтыр субсидия бермей қойып едім… Қалай көндірсем екен? Трактористің қырық жылғы қолының майын қалай кетірсем? Таптым… Гигиена сақтағандай боддырып аппақ қолғап кигізіп қоймаймын ба?..»-деді ол өз өзіне күбірлеп.
Сонымен межелі күн де жетті. Президент келе жатыр! Айдала ауылына жиналған аймақтың беткеұстарлары «Жағымпаздық пен жасандылық» деп аталатын спектакльді ойнап шығуға тас түйін дайын!
«КАРТОП ЖАРАМЫЗ!»
Ет сататын Есіркеп етпетінен түсіп еңіреп қоя берді. Жыламағанда ше? Алты ай қыста бордақылаймын деп қораға байлаған өгіздері бүгінде мойыны ырғайдай, биті торғайдай болып «диета ұстап» тұр.
Жылда шөп-шалаңды біреуді арбап, біреуді алдап алатын Есекеңнің биыл салы суға кетті. Саудагерлер шөпті арбалап та емес, дорбалап та емес, әр талын санап сататынды шығарыпты. Жемді бұрын қаппен алатын еді. Бүгінде граммдап сатылатын болды. Есіркеп «судың да сұрауы болатынын» биыл ғана түсінді. Су беретін месқарын Мамытбек құдды бір су патшасы Сүлеймендей өзін ерекше құдіретке балап, амандасқан жұртқа жақтырмай қарайтын болыпты. Берген суының әр тамшысын граммына дейін өлшеп, сығараяды да отырады. Биыл азық-түліктің бағасы аспанға шығып екі аяғы салақтап ауада қалықтап тұрып қалды. Жай тұрған жоқ салақтаған қос аяқ ұлардай шулаған бейшара халықты қақ маңдайдан теуіп сылқ еткізіп нокаутқа жіберуді әдетіне айналдырып алған.
Дәл бүгін Есіркепті қарыз болса қысып барады. Ал баға болса «ұшып» барады. Ол дереу қорадағы өгіздің ең тәуірін сойып, базар жағалады. Ой, тоба! Бұрын базарда ет көрсе етпетінен түсіп, кенеше жабысатын сатушылар Есіркеп амандаса қалса болды албастының апасын көргендей теріс айналады. Есекеңнің елде не шаруасы бар! Әдеттегідей жағы талғанша жарнамасын жасай жөнелді. «Құрметті ханымдар мен мырзалар! Мына өмірге ырзалар! Ет аламыз! Бұл ет бұрынғыдан өзгеше. Жемесең түсіңе кіреді. Жегендер ұзақ өмір сүреді! Қатты емес тәтті. Шайнасаң тіс ауырмайды, жеген соң іш ауырмайды. Өзім өсірген ала сиырдан туған ақбас бұзаудың еті бұл. Туғанда кіндігін өз қолыммен кескенмін! Танауын да өз қолыммен тескенмін! Қалқанына қылышпен ет турап, найзамен тіс шұқыған ер қазақтың ұрпақтары қайдасыздар?»-деп сарнап қоя берді. Бірақ Есіркептің жалынды жарнамасын ешкім құлағына да қыстырған жоқ. Базардағы ел-жұрт құдды бір астарынан су шыққандай бәрі бір жаққа үдере ауып барады. Есіркеп таңырқай қарады. Базардың қақ ортасына келіп тоқтаған бір «КамАз» картоп пен сәбізді қара халық әп сәтте жылан жалағандай жоқ қылды. «Маған бер! Мен алған жоқпын!»- деп даурыққандардың дауысы құлақты жарып барады. Орта қап сәбіз бен бір дорба картопты мықшыңдап арқалаған шал мен кемпір Есіркептің жанына келіп ентіге тоқтады. «Іздегенге – сұраған» дегендей Есіркеп те баяғы жарнамасын жасай жөнеліп еді қара кемпір «Тәйт әрі! Есі дұрыс адам қазір ет сата ма?» – деп тиып тастады.
- Ойбай-ау, апа, мұныңыз не? Ет жемейтін қазақ бола ма? Атам екеулеріңіз шөп-шалаң алғаннан намыстанбайсыздар ма қайта? Шындығында төрт түлік шөп жейді. Қазақтар сол шөпті жейтін малды жейді емес пе? Есіркеп рахаттана күліп еді кемпір ызаға булығып қалшылдай бастады.
- Оңбаған неме! Мына сәбіздің келісі 500 теңге, картоптың әр келісі 400 теңге тұратынын білемісің өзің?
- Апау, бұл неғылған көкөніс? Алтын жалатылған ба? Бағасы еттен де қымбат қой? Есіркептің көзі алақтап, тілі салақтап не дерін білмей қалды.
- Сен, бала, ойнама! Ертең бұлардың әр келісі 1000 теңгеден сатылайын деп жатыр! Бүрсүгүні келімен емес «штуктап сатылады» дейді білетіндер. Сасыған шикі етіңді құшақтап тұра бермей картоп пен сәбізден аларыңды алып қал!-деді кемпір сыбырлай сөйлеп.
- Ойбай-ау, сонда еліміздің сауда министрі шошқа тағалап отыр ма? Бастан асқан бағаны неге бақыламайды?
- Үндеме бала! Саясатқа араласпа! Ақылың асып тұрса қан-қан болып базарда ет сатпай отырмайсың ба сол министрдің орнында! Айтпақшы, жуырда қызым тұрмысқа шықпақшы! Оған да обал, жыл сайын тұрмысқа шыға беруден жалықтым дейді. Алғашқысында қалың малды теңгелей алғанбыз. Екіншісінде АҚШ долларын уыстап ұстап бір жасап қалып едік. Осы жолы шал екеміз қалың малға 80 қап сәбіз, 40 қап картоп сұрап отырмыз. Сонымен жастардың тілімен айтқанда «картоп жарайық» деп тұрмыз, бала!-деді қара кемпір қуланып. Мұны естіген Есіркеп былжыраған етін апыл-ғұпыл жинастырып, қос өкпесін қолына алып, ішек-қарынын сүйрете үйіне тартты. Келе сала теледидарды қосып, жылт еткен жаңалықты қалт жібермей бақылап отыр. Кенет елімізде орын алған қымбатшылық тақырыбында сауда министрі түсініктеме берді: «Ел-жұрт қызық осы. Біздің елде орташа жалақының деңгейі 550 мың теңгеге жеткелі қашан? Осындай айлық алатын халық үшін сәбіз бен картоптың қазіргі бағасы су тегін ғой. Бағаны әлі де қымбаттатуымыз керек. Былай жалғаса берсе саудагерлер аштан өлмей ме? Халқымыз жұмыс істеп қиналмасын деп мұнайды үндістерге, техниканы орыстарға, алтын-күмісті кәрістерге, қысқасы кен байлықтың бәрін игеруді шетелдіктерге жүктедік. Бәрі де қазақтардың қамы үшін. Тіпті, қазақтардың ашыған қымызбен бірге миын ашытпайық деп қымызды да немістерге патенттеп бердік. Халық осы жақсылықты түсінсе маскамның астындағы мұрынымды кесіп берейін! Сосын, біз халыққа күштеп картоп пен сәбіз алғызып жатқан жоқпыз. Мысалы, мен өз басым вообще картоп пен сәбізді аузыма да салмайды екенмін. Қарыным ашса қара нанға икра жағып жей саламын. Сол да сөз болып па?»-дейді министр мырза масаттанып. «Тоқ министр аш халықпен ойнамайды!»- деді амалы таусылған Есіркеп санын сарт еткізіп. Сол сәт үйден бұзылған еттің иісі қолқаны қауып, ашық тұрған терезеден диетаға шыдамай «өксіп-өксіп» өкірген өгіздердің дауысы құлаққа келе берді.
СИҚЫРЛЫ САЯСАТ
Ауызашарға жиналған қара халық асқазанға ел қонған соң саясаттың «құлағын тарта» бастады. Бұл тақырыпты талқыламауға амалдары да қалған жоқ. Қос бүйірден қысқан қымбатшылыққа халық «шыда жаным, шыда!» деп әрең сабыр етіп отыр.
- Біздің елде әділдік жоқ!-деді төрде отырған қария шоқша сақалы шошаң етіп.
- Масқара, ұят-ай кеше жемқорлыққа қарсы агенттіктің өкілі парамен ұсталыпты!-деді тағы біреу жерден жетпіс жеті қоян тапқандай таңырқап.
- Осы біздің денсаулық сақтау министрінің ақыл-есі дұрыс па? Елді есеңгіреткен індетке қарсы екпені алдымен өзі алудың орнына өзгелерге жарнамалап жүр. «Пышақты өзіңе сал, ауырмаса кісіге сал!»- деген, – деді жас кезінде көшеде «жүріп» қалып, кейін «отырып» шыққан Отарбай баяғы әдетіне басып.
- Билік басындағылардың ешқайсысы дұрыс жұмыс істеп отырған жоқ. Тіпті, қорғаныс министрінің өзі қару сатады. Құдай сақтасын елге сырттан жау келсе бізді қорғайтын біреу бар ма екен өзі? Әлде соғысқа қарсы рагатка мен ағаш мылтық алып аттанамыз ба? – деді ауған соғысына қатысқан мосқалдау жігіт ағасы. Үй іші у да шу болып кетті. Біреу интернеттен көргенін, таксистердің әр жерден «тергенін» айтып қауқылдасып қалды. Сол сәт құдды бір алақандай ауылдағы ағайынның өтініші мен өкінішін естіп қойғандай теледидардан жаңалықтарды жүргізетін журналист сарнай жөнелді. Міне, керемет! Көк жәшіктен пікір білдіріп жатқан халық қалаулылары әр саланың тізгінін ұстаған шенділердің көбінің жұмысына қарыны шұрылдап тұрып ашатынын жасырмады. Әрі ондай арамтамақтардың орнынан кетуі керектігін талап ететіндерін айтты.
«Бәрекелді!-десіп отырғандар шу ете қалды. Баз біреулер бөркін аспанға атып еді кейбірінің бас киімі бұлтпен араласып кетті ме жерге түспей қалды. Алақандай ауылда қуанбаған тірі пенде қалған жоқ. Ауызашардың арты тойға ұласып, қорадағы ақ түйенің қарыны пох етіп жарылды.
О, Тоба! Ертеңгісін көк жәшікке телмірген халық жағасын ұстап, ауыздарын ашып, көздерін басты! Қызметінен босатылған сауда министрі қорғаныс министрінің орнына, денсаулық сақтау саласын жауаптанған дәу ағай білім және ғылым министрінің қызметіне, ауылшаруашылығына жауапты бұрыңғы шенеунік тағы бір лауазымды орынға қонжиыпты. Қысқасы қалғып-мүлгіп қызметін дұрыс атқармағандардың итжеккенге айдалған, қол-аяғы байланған ешқайсысы жоқ. Тоқсан сөздің тоқ етерін айтқанда саясат дейтін шахмат ойынындағы жоғары мәртебелі Корольдің қасындағы фигуралардың орны ауысты. Бірақ ойын әлі сол қалпында жүріп жатыр. Ал халық ше? «Баяғы жартас, сол жартас…
Павлодар қаласы