Қазақ халқына есімі белгілі Еңбек ері, даңқы жерлесіміз Кәмшат Дөненбаева жер-жерде құрмет көрсетіліп жатыр. Таяуда Алматы облысына қарасты Қарай ауданының Қырғауылды елді мекенінде ардақты тұлғаны еске алуға арналған кеш өтті.
ТМД елдері арасында теңдесі жоқ мұражай саналатын «Аналарға құрмет» музейінде ұйымдастырылған кеш «Даланың нағыз иесі» деп аталды. Іс-шарада Кәмшат Дөненбаеваның еңбек жолы, өнегелі өмірі, адами қасиеттері туралы жылы естеліктер айтылды. Кешке Еңбек ерінің немерелері, сіңлісі, замандастары және өнер қайраткерлері қатысты. Музейге қастерлі тұлғаның балалары портретін табыстады. Мұны бір адамның ғана емес, қазақ әйелінің келбетін, болмысы мен рухын бейнелейтін тарихи туынды десе болатындай.
Бұл – белгілі суретші, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, журналист және продюсер, Алматы обылысының құрметті азаматы Жанұзақ Мүсәпірдің туындысы.
«Мен бұл портретті салу кезінде Кәмшат анамыздың қарапайымдылығы мен рухының мықтылығын сезіндім. Оның көздерінен тек еңбекқорлық пен қайраткерлік емес, аналық жылулық пен ұрпаққа деген мейірім көрініп тұрды. Әр қылқалам қозғалысында – даланың кеңдігі, егін алқабының шексіздігі, еңбекпен шыңдалған жанның қайсарлығы мен мейірімі бейнеленді. Мен сыртқы келбетін ғана емес, оның өмірлік ұстанымын, қажыр-қайратын, аналық махаббатын жеткізуге тырыстым», – деп тебіренді суретшінің өзі.
Кешті дала еңбеккерлерінің ерлігі мен ананың мейірімін ұлықтайтын іс-шараға балады жиылған жұрт.
Айта кетейік, Кәмшат Байғазықызы – қазақтың тұңғыш әйел-механизаторы, Социалистік Еңбек Ері, ауыл шаруашылығы саласының айтулы қайраткері, Қостанай облысының тумасы. Оның еселі еңбегі, ауыл шаруашылығы саласына енгізген жаңа технологиялары КСРО деңгейінде жоғары бағаланды.