Суреттегі Әбдіманат Алдияров пен жұбайы Лаура Мінайдарқызы осыдан екі жыл бұрын Жанкелдин ауданының Милісай ауылына Қызылорда облысының Жаңақорған ауданынан қоныс аударған. Ауылдағы ағайын көп балалы отбасының бар жағдайын жасап, ірілі-ұсақты мал беріп, тұрғын үйін заман талабына сай жөндеп берді. Арада бір жыл өткеннен кейін аудан орталығына көшіп келуге мәжбүр болған. Себебі, ұялы байланыс пен интернет желісінің сапасы төмен. Балаларының болашағын ойлап, осындай шешім қабылдаған. Қазіргі таңда аудан тұрғындарының қатарын толықтырып, өзінің сүйікті ісімен көпшілікке үлгі болып отыр. Жұбайы Лаура Мінайдарқызы 2 млн теңге несие алып, бау-бақшамен айналысуға бет бұрды. Алған қаржыны мақсатты жұмсап, Шымкент қаласынан 180 мың теңгеге көкөніс пен жеміс-жидектің және облыс орталығынан 64 мың теңгеге қарақат пен алма ағашының көшеттерін сатып алды. Бақшамен айналысуға 5 гектар жер алып, осы көктемде білек сыбана іске кірісті. Арнайы техникасы болмағандықтан қолға күрек алып, жер жыртты, маңдай терімен күндіз-түні еңбек етті.
Аудан әкімдігі тарапынан да қолдау көрсетілгенін атап өту керек.
–Мен өзі еңбек адамымын. Кезінде техниканың тілін жатық меңгерген механизатор болдым. Бірнеше мәрте республикалық деңгейдегі марапаттарды иелендім. Ол менің еңбегімнің еленгені деп білемін. Жанкелдин ауданына көшіп келгеннен кейін қабырғаммен кеңесіп, бау-бақшамен айналысуды жөн көрдім. Аудан әкімінің қабылдауында болып, алдағы жоспарыммен бөлістім. Ол кісі құп алып, аудандық жер қатынастар бөлімі арқылы жер алып берді. Көктем айында шаруаға кірісіп, өз күшіммен жер жырттым. Жұбайым да көмек қолын созып, жаныма демеу болды. Аудан әкімдігінің тарапынан жас жігіттер келіп, біраз істі тыңдырды. Сондықтан аудан әкімі бастаған азаматтарға айтар алғысымыз шексіз. “Еңбек түбі – береке” деп тегін айтылмаған. Жастайымнан еңбекке араластым. Адал еңбектің арқасында нәпақамды тауып, отбасымды асырап отырмын. Осыған да шүкіршілік етемін. Бау-бақшамен айналысу ата кәсібім. Алайда өнім беріп келе жатқан жемісімді шегіртке қаптап, 3 гектар жердің рәсуасын шығарды. Қаншама еңбегім заяға кетті. Қарға, сауысқан, күзен, сарышұнақтан бақшамды қорғап жүргенде су соратын моторымды ұрлап кетті. Бұл адамгершілікке жатпайды. 10 түп алма, 20 түп қарақат, 46 түп шие ағашын отырғыздым. 1000 түп қияр, 1400 түп қызанақ ектім. 2 тонна қарбызды жинап алып, келісін 140 теңгеден, ал қауынның 1 келісін 350 теңгеден сатып жатырмын. Шыққан шығынымды ақтаса болды. Алла қаласа, келер жылы жер көлемін ұлғайтамын, – дейді Әбдіманат Шәйбекұлы.
Өткен жылы жұбайы Лаура Мінайдарқызы 1 млн 200 теңге қайтарымсыз несие алып, оған үш бұзаулы сиыр сатып алыпты. Қазіргі уақытта мал өсіп, 8 басқа жеткен.
– Осы бау-бақшамен айналысамыз деп қайтарымсыз несиеге құжат дайындадым. Бірақ неге екені белгісіз, мамыр айында бау-бақша егудің уақыты өтіп кетті деп бетімді қайтарды. Сондықтан Каспий банктен пайыздық мөлшері бар несие алдым. Аллаға шүкір, отағасының арқасында ел қатарлы өмір сүріп жатырмыз. Балаларым да қатарынан кем емес. Екі балам студент, үш балам мектеп жасында. Алда қойған жоспарымыз көп. Тек, қаражат мәселесі оңтайлы шешілсе болғаны, – дейді бағбанның жұбайы.
Ия, әр істің бір қайырымы бар. Дала тағыларынан қорып өсірген жеміс пен көкөніс табиғи өнімнің бағасы да қолжетімді. Түрлі қоспасы бар қытайдың өнімдерін алғанша, топырағы киелі жердің таза әрі құнарлы жемісін алған әлдеқайда артық әрі денсаулыққа пайдалы. Ал, әлгі су соратын моторды жымқырып кеткен сұғанақтардың мұрнына адал еңбектің иісі де бармайтыны анық. Ұрыны анықтау үшін жергілікті полиция өкілдері тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Алпысты алқымдаған Әбдуманат Алдияров үйінің ауласына жонышқа шөбін де егеді екен. Жаз және күз айында орып алады. Жонышқаның кереметтігі сондай. маңайындағы арамшөптердің тамырын байлап, олардың дендеп өсуіне мүмкіндік бермейді-мыс. Егер 5 гектар жерге жонышқа ексе, қолы жетпей жүрген қаражат қардай жауады екен. Бұл отбасы дүкеннен нан да сатып алмайды екен. Кешегі көненің көзі болған ардақты әжелердің ізін жалғап, табаға салып, шоққа қарып нан пісіреді. Дәмі шыныменде тіл үйіреді. Қаймақ шайқап, май алмайды. Сүтті пісіріп, оны айран қылып ұйытады. Содан кейін күбіге құйып, 600-700 рет піскенде ғана май шығады екен. Майының да дәмі тым ерекше. Қысқасы, еңбексүйгіш отбасы құнарлы тағамның қадірін жақсы білетініне көз жеткіздік.
“Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен” жүретіндер қоғамға кері әсерін тигізері хақ. Кейбір жалқаулықтың жағасынан ұстап, етегіне жармасқандар “анау алма піссе, ауызыма кеп түссе” деп айдағы жұлдызды санап, еріккеннің ермегіне есіріп жүр. “Жалқаулықтың қамытын киген жастарды еңбекке баулысам” деген бағбанның ойы жүзеге ассын деп тілейміз.
Байбатыр НИЯЗБЕКҰЛЫ
Жанкелдин ауданы