Федоров ауданында әзірлік қалай?

Федоров ауданында әзірлік қалай?

Алдағы жексенбіде тұңғыш рет қала және аудан әкімдерінің сайлауы өтеді. Бұл халықтың еркін таңдауы арқылы аймақтың дамуына үлес қосатын зор мүмкіндік болмақ. Оның қатарында Федоров ауданы да бар. Пилоттық режимде тұңғыш рет өтетін сайлау барысы қалай?

«Сайлау күні аудан бойынша 37 дауыс беру учаскесі сайлаушыларға қызмет етеді. Учаскелер мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы бұрыш, тактильді жолақ және басқа да қажетті құрал жабдықтармен қамтамасыз етілген. Сайлау учаскелері бүгінгі күні толықтай дайын. Қорыта айтқанда ауданда пилоттық режимде өтетін аудан әкімінің сайлауын өткізуге барлық мүмкіндік бар», – дейді Федоров аудандық сайлау комиссиясының төрайымы Татьяна Волоткевич.

Оның айтуынша, әрбір екі сағат сайын қанша сайлаушы қатысқаны туралы аумақтық сайлау комиссиясына есеп беріп отырады. Ал, сайлау учаскелерінің жағдайына келетін болсақ, әрбір учаскеде сайлаушы санына байланысты дауыс беру кабинасы болады. Оның біреуі мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған кабина. Одан бөлек, мүмкіндігі шектеулі сайлаушылар үшін пандус қойылады.

Көбіне жасы үлкен кісілер мен мүмкіндігі шектеулі жандар сайлауда үйден дауыс беремін деп өтініш беріп жатады.

– Бұл бұрыннан қолданылып келе жатқан тәжірибе. Сайлау кезіне үйден дауыс беру сайлаушының өз өтініші негізінде жүзеге асады. Өтініш берілгеннен кейін әрбір учаскелік комиссияның 2 мүшесі тасымалданатын дауыс беру жәшігін алып, үйлерді аралап, өтініш иелерінің дауыс беруіне жағдай жасайды, – дейді ол.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында азаматтардың жергілікті атқарушы билік деңгейінде шешім қабылдауға қатысуының маңыздылығы туралы айтқан болатын. Сайлау – сол демократиялық ұстанымдарға негізделіп отырған бастама.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Федоров ауданы

Жаңалықтармен бөлісу