сатира
Он саусағы былқылдап, бармағының бедерінен шедевр шылқылдап тұрмаса да мүсінші Можантопай – әкім-қаралардың алдында әжептәуір беделі бар бәдізші; өлісі бар, тірісі бар дегендей, бұған дейін бірнеше бай-бағыланның, шенді-шекпендінің мәрмәрдан мүсінін қашаған, сом алтыннан сұлбасын сомдаған сәулет саңлағы; бұрнағы жылдары бәленше деген қаладағы қан базардың қақ ортасына Базар бастығының алып кеуітін қоладан құйып, қасқайтып қойған сабазың да – дәл осы кісі. Қойшы, әйтеуір, қол қусырып, құдайға қарап, ауызын қу шөппен сүртіп отырған кезі болған жоқ. Қазір де өз шеберханасында қауырт шаруа, шалқар шабыт үстінде қалбалақ қағып жүр. Қайтсін енді, бұл жолғы “заказы серьезный”, қалалық әкімдік өкілдері, қалалық сәулет және құрылыс бөлімінің басшысы өзі хабарласып:
– Можеке, өнеріңізге тәнтіміз, осы жолы сізге жауапты жобаны тапсырғымыз келіп отыр. Алаштың ардақтысы Абай Құнанбаев пен ағартушы Евгений Михаэлиске арнап ескерткіш қашап берсеңіз! – деп, үлкен бастарын кішірейтіп, ғиззат-құрмет көрсетпесі бар ма. Мұндай ілтипаттан іші еріп кенткен Можекең:
– Аса қадірлі басшы мырза, мұндай жауапты жұмысты маған сеніп тапсырамын дегеніңізге алғысымыз шекесіз. Дегенмен, ескерткіш үлгісіне алдын ала конкурс өткізу, тендер, жоба жарысын ұйымдастыру сияқты шырмауықтай шырмайтын шаралар болмаушы ма еді?! – деді өтірік сасқан сыңай танытып.
– Можеке, сіздің кішіпейілділігіңізге сөз жоқ, бірақ бұның бәрі жай ғана «формальность» қой. Конкурс-монкурс, тендер-мендер деп бас қатырмай-ақ қойыңызшы. Таңдауымыз сізге түсті. «Бір көзден» сатып алуды көздеп отырмыз. Осымен әңгіме бітті. Іске кірісіңіз!
Биліктің ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс. Мүсінші: – Ләббай, тақсыр! – деп, қуанышы қойнына сыймай, бөлме ішінде жортақтай жөнелді. Осы сәтте оның етектей болып жайылып кеткен ерінінен шаттықтың сөлі жерге тамып-тамып кетті.
Ескерткішті қашап, сосын құюға жіберетін алғашқы меже күз айлары болатын. Сондықтан да біздің тас қашаушы тайраңдап, арқаны кеңге салып жүрген-тін. Кенет маусымның мамыражай күндерінің бірінде шеберханадағы шідерлі телефон, қалтадағы сымсыз телефон жын буғандай зіркілдеп, ышқына шырылдап, әлдебір тықырдың таянғанынан хабар берген.
– Можантопай Қолабаұлы, бұл қалалық сәулет бөлімінен!- деді телефонның арғы жағындағы өктем дауыс. – Осы айдың соңына дейін, мұрныңыздан қан кетсе де, ескерткішті дайын етуіңіз шарт. Срочно! Облысқа Бірінші келеді. Меже – сол күнге дейін.
– Бірінші дегеніңіз кім?
Соны да білмейсіз бе дегендей сұраулы, әрі салқын үнсіздіктен соң:
– Елбасы. Түсінікті ме?!
– Құп! – деді өңі құп-қу болып кеткен Можекең.
Бұйрық қатты, жан тәтті. Биліктің айтқаны құдайдың қалауынан кем емес деп ұғатын қолбала адамдардың бірі еді. Ұлы Абайдың ұлық сипатын әспеттейтін өнер туындысы сол сәтте-ақ ойыншыққа айналды. Кесімсіз кеудеге ерепайсыз басты қондырып, ебедейсіз қолдың біріне домбыра ұстатып, бірімен кітапты қаусыра салды. Орындықта отырған мешел адамнан абыз ақынды тану мүмкін емес еді. Ал қасына суырдың айғырындай шақшиған сақалды сәби – Михаэлисті қаздитты.
Әкімдіктегілер ескерткіштің кеспірі қандай болып шыққанында шаруасы болмады. Тексеруге уақыт жоқ. Мүсінді сараптамадан өткізбек түгіл, мұрындарын сілкуге мұршалары жоқ. Елбасы келе жатыр! Елбасы келе жатыр! Президентке қала мен даланы қалай сәулеттендіріп, дәулеттендіріп жатқандарын көрсетулері керек қой. Қойшы, әйтеуір, қазақ мәдениетіне, сәулет өнеріне қосылған қомақты үлес, ұлттар достығының керемет үлгісі болып табылуы тиіс Абай мен Михаэлис ескерткіші бой көтерді деп қуана хабарламақ. Жедел операция осылай Елбасы келетін күнге қарсы, түн ауа жүзеге асып, жөпелдемеде құйылған қола мүсіндер көп ұзамай көше қиылысынан құтты тұрағын тапты.
Ал ертеңінде, ертеңінде, күн шыққанда, шабармандар шалқасынан түсе жаздады, атыздай көздері шарасынан шығып, шырадай жанды. Шығыстан атқан шапаққа бөленіп, маңдайлары шып-шып терлеп, екі ергежейлі мүсін бұларға ежірейіп қарап тұр дерсің. «Ұят-ай, масқара, Елбасыдан ұят болады!» – десті. (Абайдың аруағынан ұялған жоқ. Саналары жетпеді) Мұны көрсетуге болмайды. «Ах, Можантопай мырза, мылжа-мылжаңды шығарамыз», – деп кіжінген шенеуніктер өздері сүттен ақ, судан таза көрінді.
Елбасыдан ұят болады деп шабылған шенділер, бүкіл елдің алдында ұятқа қалғанын сезбеді. Елден бұрын Абай аруағының алдында жүзіқара атанды. Елге қарауға беттері жоқ болғандықтан, түнімен бір топ адам жер бауырлап келіп, қола ескерткішті қопарып әкетіпті деп естідік.
Әй, ағайындар-ау, осылардың Алла мен аруақтан емес, адамнан қорқып қызмет жасайтындарын-ай!
Павлодар қаласы