Жуырда Қостанай әуежайының маңдайшасына ұлтымыздың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлы есімі жазылған еді.
“Енді міне, Ахаң атындағы өңірлік университет те ресми “Ахмет Байтұрсынұлы” атанып, маңдай жазуы жаңаланып жатыр. Бәрекелді дейміз!”, деп жазады газет оқырманы Қыдырбек Қиысханұлы Фейсбук парақшасында.
“Ұстазым, академик Зұлқарнай Алдамжар осыдан 30 жыл уақыт бұрын дәл осы оқу ордасын Ахаң есімімен аталсын, “Байтұрсынұлы” университеті болсын деген хатпен үкіметке хат жолдағанда, ұзақ уақыт шешім шықпай, әрең дегенде жоғары жақ “Байтұрсынов” деп бекітіп жіберген деп естелік кітабында жазған болатын”, – деп тебіренеді пікір иесі.
Ал былтыр 2022 жылы 28 ақпанда Ахаң тойының ашылуына Қостанайға арнайы келген Алаштың жоқтаушысы, белгілі ақын, ҚР Парламентінің депутаты Қазыбек Иса ағамыз біздің облыстық “Қостанай таңы” газетіне сұқбат берген кезінде:
–Біздің парламентте көтерген депутаттық сауалымыз бойынша көптеген ұсыныстардың ішінде облыс орталығындағы әуежайға Ахмет Байтұрсынұлы есімі берілу туралы ұсыныс та өз қолдауын тауып жатыр. Әуежай әкімшілігі өз келісімін берген, қазіргі күні осы мәселенің шешілуі үкіметтік деңгейде қарастылып жатыр. Сонымен бірге бір айта кетерім, мынау университеттің алдындағы «Ахмет Байтұрсынов» деген тегіндегі «ов» жалғауын алып тастау керек. Алаш көсемдері Ахаң, Әлихан, Міржақыптар өз тектерінен «ов» жалғауына қарсы болған, ол туралы мақалалары да бар, – деді халық қалаулысы.
Енді міне, ұлттық мүддені қорғаушы, ұлтшыл зиялылардың ұтымды ұсыныстары өмірге жолдама алды.
Алаш жасасын!