Еліміздегі денсаулық сақтау саласын дамыту үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптeстік тетіктері арқылы ресурстарды белсенді тарту қажет. Бұл жайында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та халыққа арнаған Жолдауында айтқан болатын. Осыған сай қаладағы «Әуежай» шағын ауданында «Grand Clinic Kst» жаңа медициналық орталығы ашылды.
Орталық дәрігерлері заманауи әдістерді қолдана отырып, хирургия, гинекология, проктология, қалқанша без ауруларын емдейді. Мұнда тек қаралып қана қоймай, жатып ем алуға да болады. Орталықтың құрылысына 1 млрд теңге бөлінген, ал 450 млн теңгеге жабдық орнатылған. Көп салалы емдеу мекемесінде операция заманауи ультрадыбысты, лазерлі аппараттармен жүргізіледі.
Қабылдауды санаты бар жоғары білікті мамандар жүргізеді. Клиникалық база 40 төсекке есептелген. Мұнда әлемдегі жетекші елдердің осы секілді мекемелерінің ең заманауи стандарттарға сай келетін қолданыстағы терапия әдістері жетілдіріліп, жаңа емдеу технологиялары енгізілген. Емдеуге жатқызу әзірге ақылы түрде болады. Бірақ келер жылдан бастап медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі бойынша міндетті медициналық сақтандыру қоры бөлген қаражат көлемі шеңберінде жүзеге асырыла бастайды. Орталықтың ашылуына облыс әкімі Құмар Ақсақалов барып, аралап, дәрігерлермен де тілдесті.
–«Әуежай» шағын ауданында жаңа медициналық орталықтың ашылуы қала тұрғындары үшін ыңғайлы болады деп ойлаймын. Біз “Юбилейный” және “Береке” шағын аудандарында емханаларды қоса алғанда, жаңа нысандар салуды жалғастырамыз. Болашақта медициналық желіні әр тұрғынға қол жетімді ету үшін кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Осындай орталықтардың ашылып жатқандығы жақсы үрдіс. Ол халық денсаулығын нығайтудың бірден бір кепілі. Қазір ауыл медицинасын өркендетуге де ерекше көңіл бөлініп отыр. Биыл жыл аяғына дейін облыс бойынша 25 денсаулық сақтау мекемесінің құрылысы аяқталып, тапсырылады, – деді облыс әкімі.
Негізі жаңа аудан тұрғындары үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында жаңа медициналық орталық базасында №2 қалалық емхананың филиалын ашу жоспарлануда. Ондағы жалпы практика дәрігері мен педиатр осы емханаға тіркелген.
– Бұл ауданда толыққанда көмек беретін орталық жоқ. Біз бір күнде 100-ге жуық науқасты қабылдай аламыз. Қырық жатын орны бар. Ем алушы күндіз қаралып, денсаулығына қарай жатып та ем ала алады. Екі ота жасайтын бөлме жабдықталған. Жыл аяғына дейін 2 мыңға жуық ота жасаймыз деп жоспарлап отырмыз. Медициналық сақтандыруға қарай тегін де қабылдаулар жүргізілетін болады. Барлық керекті құрылғылар, тиісті лицензиялар бар. Дәрігерлер де жеткілікті. Өзім хирургпін. Мен ота жасаумен қоса қалқанша безге де ем жүргіземін. Біз мемлекетпен біріге жұмыс істейміз, алдағы уақытта да бірлестік арта бермек. Қазіргі кезде еліміздегі клиникалардың көбі коммерциялық негізде ақылы қызмет көрсетеді. Ал біз міндетті медициналық сақтандыру қорымен тығыз байланыста жұмыс істеп, тегін емдеуге дайынбыз, – дейді медициналық орталықтың бас дәрігері Виктор Гаврилов.
Бұл аудан жаңадан салынған. Мердігер үйлердің бірінші қабатын тиімді пайдаланып, медициналық орталық қана емес, толыққанды емхана салуды да көздеп отыр. 12 мың тұрғын бар «Әуежай» шағын ауданы үшін мұндай нысандар ауадай қажет.
– Әрине, медициналық көмек үнемі керек. Ол жақын әрі жайлы болса тіптен тиімді. Осы маңайда №2 мектеп те салынып жатыр. Балабақша, сауда орындары да бой көтереді. Тұрғындардың қатары жыл өткен сайын өсіп жатыр. Сондықтан әлеуметтік нысандардың барлығы да халыққа қажет. Ашылған орталық тек емдеу жүргізіп қана қоймайды, қан сараптамасын алатын жеке зертхана да болады, – деді қала әкімі Марат Жүндібаев.
Үкімет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында:
– Өкінішке қарай, шетелдердің мемлекеттік-жекеменшік әріптeстікке қатысты озық тәжірибелері заңнамамызда толық көрініс тапқан жоқ. Мұның бәрі жобалардың тиімсіз болуына, бюджетке түсетін салмақтың тым артуына әкеп соқтырады. Бұл тәсілдерді қайта қарап, инвестиция тарту үшін ақылға қонымды тарифтер ұсыну қажет. Үкімет денсаулық сақтау және білім беру саласындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке қатысты жаңа нормативтер мен ережелер әзірлеуі керек, – деген еді.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА