Тасқын су Қостанай облысының біраз елді мекеніне жайылып, залалын тигізбей қоймады. Қызыл су Рудный қаласын да айналып өтпеді. Қалалық Төтенше жағдайлар басқармасы шұғыл әлі нақты шешім қабылдап, ең қауіп төнген қалаға қарасты Перцев ауылын аман алып қалды. Осы тұрғыдан алғанда ТЖ қызметкерлерінің еңбегі ерен.
“Жылда көктемгі су тасқынына тыңғылықты әзірленеміз. Бірақ биыл елімізде қарқыны қатты болды. Біз болжамға сай алдын ала дайындалдық. Тарихи су басу қауіпі бар қалада үш жер бар. Олар Перцев ауылы, қаланың өзінің Фролова мен Парк көшелерінің Тобыл өзені жағалауы. Жер үйде тұратын адамдарға алдын ала сақтану қажеттігі хабарланды. Штаб құрылып, алдағы іс-әрекетімізді бағдарлап отырдық. Барлық күштік құрылымды үшке бөлдік. Ең қиынға соққаны, адам мен техника күшімен сақтап қалған Перцев ауылы болды. Ауылдағы 150 үйдің бірде-біреуін су басқан жоқ. Су қарқыны қатты болғандықтан, күдік басым болды. Сол себепті ауыл тұрғындарын 505 адамды толық эвакуацияладық және 300-ден аса малды қауіпсіз жерге шығардық. Су жүйесі мекемесінің барлық горажын босатып, су басқан жағдайда халықтың мүлкін сақтап қалу үшін әзірлеп қойдық”, – дейді ҚР ТЖМ Қостанай облысының ТЖД Рудный қаласының ТЖБ басшысы, полковник Азамат Ағатай.
Тобыл өзені ернеуінен асып, су 2,5 шақырымға дейін жайылған. Ауылды қорғап қалу үшін үш күннің ішінде ұзындығы 1,5 шақырым, биіктігі 4,5 метр, ені 2,5-4 метрдің арасында бөгет салынды. Басқарма басшысының айтуынша, кей тұстарда өзен деңгейі жеті метрге дейін көтерілген.
Жеті күн, жеті түн тілсіз жаумен күрескен ТЖБ қызметкерлеріне қосымша көмек жұмылдырылды. Барлығы 400-ден аса адам, күн-түн демей жұмыс істеді.
“Бас-аяғы 35 техника болды. Рудный қалалық жылу жүйесі мекемесінің, ТЖБ қызметкерлері кезекшілік атқарды. “ССКБӨК” АҚ қосыша техникамен көмектесті. Мұның сыртында аты-жөнін де білмеймін. Менің нөмірімді тауып алып, менде мындай техника бар, менде мынандай дүние бар қажеттеріне алыңдар деп хабарласқан азаматтар көп болды. Бір наубайхананың иесі өзінің көлігімен келіп, нан үлестірді. Осындай жомарттық танытқан кәсіпкерлерді айтпай ету айып болар. Ораза кезі болатын, кең пейілді адамдар ауызашар ұйымдастырды. Барлық көмектескен адамдарға алғыстан басқа айтарым жоқ. Қала мекемелерінң қызметкерлері, мұғалімдер қауымы тасада қалмады. Қысыл-таяң шақта бәрі бір жеңнен қол, бір ағадан бас шығарып қол ұшын созды. Сөйтіп алғашқы үш күнде бөгетті салып бітірдік. Су деңгейінен тағы бір метр асырып құм үйдік. Сонда ғана ауылда аман алып қалатынымызға көзіміз жетті. Соны ғана қала әкімінің басқаруымен штаб кеңесі өтіп, тұрғындарды үйлеріне қайтару туралы шешім қабылданды”, – дейді Азамат Ағатай.
Ауылдың оң жақ шетіндегі жалғыз үйді ерлікпен аман алып қалды. Өйткені, су деңгейі күрт көтеріліп, бөгетке құм үйіп жатқан техника батпаққа батып қалған. Шеткерілеу тұрған соң кеңесе келе, жасап жатқан бөгетті кейін қарай итеріп, қосымша екінші бөгеттің бір қанатын тұрғызуға тура келген. Сосын үйдің жан жағын экскаватордың көмегімен жағалатын қазып тастады. Осылайша үйді су басудан құтқарып қалды.
“Бөгет салып жатқанда мұғалімдер де келіп құм қаптасты. Олар қаптап беріп тұрды, ТЖБ қызметкерлері техника бара алмайтын тұстарға қолмен жеткізіп, төсеп тұрды. Қауіп болды. Бірақ мұндай шақта қорқыныш, үрейдің бәрін жеңіп, ширақ қимылдау қажет болды. Парк көшесіндегі су сору станциясының құрылғысын салафанмен орап жердің астына көміп тастадық. Мүлікке су тигізіп алмай керек. Фролова көшесіндегі бір үйдің қора-қопсысына су келді, бірақ үй аман. Рудныйда бірде-бір үйді су басқан жоқ. Қашар кентінде де қызыл судың бетін қайтарып, кентке кіргізбей судың бетін бұрып жібердік. Осылайша, жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, тілсіз жауды бірге еңсердік”, – дейді Азамат Ағатай.
Рудный қаласының Төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты Ермахан Қабыкен су тасқыны кезінде күні-түні желіде отырған.
“Жұмыста ең басты қызметіміз қала аумағында табиғи және техногенді төтенше жағдайларды болдырмау. Осы мақсатта күнделікті алдын алу жұмыстарын жүргіземіз. Оның ішінде, өрт қауіпсіздігі ережелері, суда өзін-өзі ұстау ережелері және азаматтық қорғаныс. Жеке секторлар мен көпқабатты үйлерде рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылып, халыққа үгіт-насихат жүргізіледі. Осы жылы орын алған су тасқынының салдарын жоюға қатысып, Рудный қаласының әкімшілік аумағын қалалық азаматтық қорғау қызметтерімен бірлесіп су басуына жол бермедік. Бұл жерде кезекшілік атқардым. Бұл менің жұмысым. Біздің қызмет тәртіп, шыдамдылық пен білімді талап етеді. Жұмыстағы әріптестеріммен бірге тәжірибе алмасып, күнделікті дамып келемін”, – дейді жас маман Ермахан Қабыкен.
Қазір шілде айында күннің күйіп тұрған шағында өрт қауіпсіздігін берік ұстанбаса, оқыс оқиға орын алуы бек мүмкін. Бұл салада 15 жылдық тәжірибесі бар аға өрт сөндіруші Нұрлыбек Оспанов өрттің шығу себебі, көбіне сақтық шарасына бейжай қараудан дегенді айтады.
“Тұрғындар көбіне қарапайым сақтық шараларына салғырт қарайды. Үйдегі электр жабдықтарын қысқа тұйықтайды, болмаса істен шыққалы тұрған құрылғыларды қолдануды жалғастырады. Салдарынан тұтанып, өрт шығады. Көктемде жеке тұрғын үйден өрт шыққаны туралы хабарлама алдық. Жедел оқиға орнына барып мән-жайды анықтадық. Жасы 70-тер шамасындағы адам тұрады екен. Оны сыртқа, қауіпсіз жерге шығардық. Үйдің ішінен 27 литрлік екі газ балонын алып шықтық. Үйдің іші көк түтін, өзімідің түтінге қарсы киетін құрылғымызды киіп әрекет еттік. Күнінен кем дегенде бірнеше хабарлама келіп түседі. Өзге адам үшін бұндай жағдай таң қаларлық болып көрінуі мүмкін, біздің жұмыс болған соң тек қызметімізді атқарып жүрміз деп есептейміз”, – дейді Нұрлыбек Оспанов.
Мұнда құтқарушылардың да қызметі қауырт. Көпқабатты үйдің құрсауында қалып, үйінен қандай да бір жағдаймен шыға алмай қалған адамдарды аман-есен алып шығу басты міндеті.
“Шілде айының басында егде кісіге көмек қажет деген хабар түсті. Білуімше көршілері хабар берген. Өйткені, қарт адам денсаулығы нашарлап, үйінде жүруге жарамай қалған екен. Пәтердің есігін ашып беріп, жедел-жәрдем қызметкерінің қолына тапсырдық. Осы сынды оқиғалар орын алып тұрады. Көмекке күн-түн демей дереу жетуге тырысамыз”, – дейді аға өрт сөндіруші, құтқарушы Олжас Наурызбай.
Нұрбек Айтқожанов алты жасар баланың өміріне қауіп төнгенде әріптестерімен жедел жеткен. Ойын баласы қалалық арухананың жылу желілерінің екі құбырынының ортасына түсіп кеткен. Құтқарушыларға қасындағы тәтесі хабарласыпты.
“Оқиға 7 мамыр күні болды. Абырой болғанда сол сәтте өткінші ер адам да көмекке келген. Біз жеткенше басымен екі құбырдын ортасына қысылып қалған баланы демеп, ұстап тұрды. Тәтесі шамалы қорқып қалған екен. Оқиға орнына жеткен соң, баланың басына зақым келмеу үшін, өрт сөндірушінің шлемін кигіздік. Арнайы гидравликалық құрылғының көмегімен, екі құбырдың арасын ашып, баланы шығарып алдық”, – дейді бөлімше командирі, аға сержант Нұрбек Айтқожанов.
Кеншілер қаласында өткен жылы тоғыз адам құтралыған. Жыл басынан бері 65 өрт тіркелген. Есепке алынбайтын жалулардың жаны 300-ден асады. Бөлімде 72 адам жұмыс істейді. Оның жетеуі басшылық құрам. Қалада әзірге тек 1 бөлімше бар, тағы екінші бөлімше ашуға жобалық-құндық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға жіберілген. Қаржы бөлінгені күтіп отыр. Жоспарға сай ол бөлімше қаладан бетке, тас жолдың бойына 4 шығысқа арнап салу жоспары тұр. Жергілікті билік өкілдері де көмектесуге дайын екендерін жеткізген. Жыл сайын арнайы техникалар да жаңарған. Биыл облыстан тағы бір су жаңа камаз өрт сөндіру көлігінің кілтін алған.
Өрт сөндіру, азаматтық қорғаныс қызметі, құтқарушылар мен инспекторлар барлығы жыл он екі ай дайындық үстінде. Қыста боранмен күрессе, көктемде сумен, жазда өртпен алысады. Оқу-жаттығулары жоспарлы түде өтіп тұрады. Бірақ сын сағата қызметкерлер тәуекелге бел буады. Жеңілдің үстімен, ауырдың астымен жүрген бірде біреуі жоқ. Сол себепті осы сала мамандарына қандай құрмет көрсетсе де артық емес.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген – Бейбіт МЕЙРАМҰЛЫ