Арқалықта көктемгі су тасқынынан зардап шеккендерді жұмыспен қамту үшін екінші мәрте жұмыс жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Жәрмеңкеге мемлекеттік мекемелер мен қаланың ірі кәсіпорындары қатысып, жұзден астам бос жұмыс орындары ұсынылды.
Сала мамандары жұмыс іздеушілердің мүддесін көздей отырып, жалақы, еңбек шарттары жөнінде толық мағлұмат берді.
“Су тасқыны кезінде қалаға қарасты Екідің және Қызылжұлдыз ауылдарының тұрғындары өте көп зардап шекті. Мемлекет басшысы барлық зардап шеккен тұрғындарға қажетті көмек көрсетілетінін айтты. Су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға 100 АЕК мөлшерінде бір жолғы өтемақы төлемдері, мал шығынына орай төлемдер төленді. Қазіргі уақытта қалаға көшуге ниет білдірген аталған ауыл тұрғындарының өтініштері қабылданып, үкімет тарапынан пәтерлер алынып берілді. Жұмыс көзі жеткілікті”, – деді қала әкімі Әмірхан Асанов.
Жұмыс жәрмеңкесінде Арқалық жылу электр станциясына 15 жұмыс орнын, “Арқалық құс” ЖШС 13 жұмыс орнын ұсынды. Олардың арасында “Восточный” ЖШС ,”Нұр-Жайлау” шаруашылығы да бар.
“Жұмыс іздеушілер еңбек шартымен жұмысқа алынады. Зейнетақы, медициналық, әлеуметтік аударылымдар төленеді. Ілкімді істің нәтижесі де жоқ емес. Бұрынғыдай маман келеді деп күтіп отырмай, ынта танытып, жастарды жұмысқа тартып, оқытып-үйретіп, тәрбиелеу қажет”, – деп тапсырды қала әкімі жәрмеңкеге қатысқан мекеме басшыларына.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген автор
Арқалық қаласы