Әлібек ЫБЫРАЙ. Соңғы үй

Әлібек ЫБЫРАЙ. Соңғы үй

                                                 (деректі хикаят)

Бақберген жиырмадан асқанша ауылынан алысқа ұзаған жоқ. Әгарәки, сұрай қалсаңыз, онысын кәрі ата-анасына қарайласатындығын, оқу оқи алмағындығын ұзақ-сонар отырып әңгімелеуге бар. Әсілі, ол қаланың тұрмысын аса ұната қоймайды. Ауылда қалып әке-шешемді бағам, мал ұстаймын деп оңашада қиялға ерік беретін, бір мезгіл.  Сегізінші кластан кейін, аудан орталығындағы кәсіптік-техникалық училищесін тиіп-қашып жүріп бітірді де,  ескі бір трактордың рөліне отырды. Жүргенінен тұрғаны көп көне «Беларусьті» тырқылдатып, кеңшардың оны-мұны шаруасына көмектескен болады. Арасында қойлы ауылдағы әкесіне барып, жем-шөбін әзірлеуге жәрдемдеседі. Ауылдастарының да сөзін жерде қалдырған кезі жоқ. Бірінің көмірін тасып береді, енді бірінің жүгін әкеп бере қояды. Әйтеуір, бозала таңнан қас қарайғанға дейін бір дамыл көрмейді.  Өзінің  ептеп домбыра шертіп, «әу» дейтіні бар. Сонысын жақсы білетін рабочком, ауылнай, комсорг біткен мереке сайын Бақбергеннің соңында жүргені.

-Қалқам, айналайын Бақберген, концертке қатысып, бір әніңді әуелетіп жібер. Дауысыңды естіп, ауыл тұрғындары бір масайрап қалсын,-деп бәйек болатын ондайда.

-Ертең соғамын. Бүгін қолым тимейді. Көріп тұрсыздар ғой, шаруам көп, – деп шалқая түседі бұл да. Өйтетін жөні де жоқ емес, ауылда Бақберген ес білгелі домбыра тартып, ән айтатын екі адам болса – бір осы. Ал жалғыз болса, нақ өзі.

-Тек, бізді жерге қаратпа. Ауданнан өкіл келетін көрінеді. Көркемөнерпаздар көңілдерінен шықса, «Тереңөзек толқындары» дей ме, ансамбль құрмақшы екен. Бізге басын ашып айтқан жоқ, соған қарағанда, бір саусағын бүгіп отырмаса, нетті. Жұрттың алдында ұятқа қалмайық,-деді де ауылнай жігіт асығыс жөнеп берді.

-Көрерміз!

Бақберген өз-өзіне масаттанғандай, ескі трокторын гүрр еткізіп, ауыл көшесін шаңға бөктіріп кете барды. Бағыты – Ащысай. Кеңшар мен қойшы ауылдың арасы шамамен жүз шақырым.  Орталықтан ерте шыққан көлік мұнда түн ауа бір-ақ жетеді. Бірақ, одан ыққан емес. Бұл төңіректі жатқа біледі. Әкесімен бірге талай аралаған жер емес пе…

***

Әкесі – Жұман  ұзақ жыл кеңшардың қойын баққан бейнетқор кісі-тін. Үкіметтің берген бір отар қойын өргізіп, қалың шіліктің ішінде отыз бес жыл отырды.  Елдің шетінде, желдің өтінде жүргенде зейнет жасына  қалай келгенін де байқамапты. Бар болғыр үкімет адамды алдап жұмсауды білетін еді ғой, пәлен жүз саулықтан бәленбай қозы алдың деп жыл сайын Алғыс хатын әкеп табыстайды. Омырауына екі-үш медаль де тақты. Жұман қарт туды-бітті малсақ кісі. Бірақ, аудан басшыларының арқасынан қағып, сөлкебай таққанын іші теріс көрмейді, жымың қағып атына қамшы басатын. Жұрттың, көзінше мақтап, «өрденді шопан» дейтінін елең қылмай, өле-өлгенше кемпірі екеуі жалғыз ұлдың тілеуін тілеп өтті. «Осыдан, пенсияға шықсам,  жалғыз ұлды оқытам, қатарынан кем қылмаймын»,-деуші еді жарықтық. Осы ойын бір кездескенінде кеңшар директорына да айтқан.

-Ақсақал, соны сөз деп тәйірі… Ізіңізді басып келе жатқан жастар бар, алпысқа толған күні малыңызды солардың біріне тапсырасыз. Қам жемеңіз, ауылда үйіңіз дайын. Қартайғанда қолыңызды жылы суға малып, рахаттанып бір демаласыз,-деп директор жылы шығарып салды.

Жұман түгілі жұрттың бәрі директордың сөзін құранның тәпсіріндей көреді. Кеңшар басшысы екі айтпайды. Қой баққалы көріп жүр емес пе, ел сабылып іздеп жүрген қат тауардың бәрі қойшының үйінен табылатын. Үнді шәйі дейсіз бе, түркіменнің қалы кілемі дейсіз бе, не керек – ай аралатып соғып тұратын автолавкаға теңдеп тиеп, әкеп тастайды. Арасында кемпіріне бума-бума сәтен, жібек матаның неше атасы, галош, орамал сияқты керек-жарағы болатын. «Столичная» арағын жәшіктеп түсірткізіп алады. Келімді-кетімді кісіге құяды. Жаз басталса бітті, Ащысайдың табанынан кісі арылмайды. Әсіресе, ауданнан әрнені сылтауратып келетіндер көп.

Жұман ақсақал кеңшар орталығынан жырақтағы Тереңөзек қыстауында отырады. Көктемге салым бар малын алдына салып, жүгін артып Ащысай маңындағы жайлауды бетке алушы еді. Биыл да сүйтті. Шіркін, қалың шіліктің айналасы малға жайлы, жаздай өз аяғымен жайылған түлік тез оңалады. Бірақ, мал рақат көргенмен, бұл малдан рақат көрмепті. Белі жиі шойырылады, соңғы уақытта құяң деген бәле жабысты. Енді қара күзге дейін шыдаса, қойын тапсырып, орталыққа біржола көшіп бармақшы. Жалғыз түйір Бақбергені оқуын оқып, адам қатарына қосылса, келін әкеп, әке-шешесінің қолын жылы суға малғызса, Жұман үшін одан асқан жұмақ жоқ сияқты. Әйтпесе, трактор рөлін жалғыз ұлына қол көрмейді. Ең болмаса «әртістік оқу» оқытамын деп отырушы еді домбыра тартқанына сүйсініп.

-Апырмай, төрт жүз үй түтіннен ең болмаса төрт домбырашының табылмауы дүйім елге ұят нәрсе ғой. Біздің Бақбергенге ауыздарын ашып, қарап отыра ма осылай? Шаруаның ебін білмейтін өңшең қиқым,- деп оңаша әлдекімді  зілсіз сыбап та алады. – Ерегестіргенде жібермей қояйын ба?..

Ұлын көтермелей сөйлеу қашандағы әдеті. Бәлкім, соңынан ерген жалғыз тұяғы болғасын жел-құзға қақтырмайын дейтін шығар… Оны Жұман ғана біледі.

***

Таң сібірлеп енді ата бастағанда әудем жерден трктордың гүрілі естілді. Мал баққалы түн баласы үш-төрт сағат қана көз шырымын алуды әдетке айналдырған ол күн шықпай тұрып, қойды өріске айдайды. Содан ымырт үйірілгенде ғана үй бетін көреді. Ерте көктемнен қара суық түскенше осы. Бүгін сәл жата тұрғысы келген. Бірақ, белі құрғыр көсіліп жатуға шыдас бермеді. Киімін жүре киіп, сыртқы есікке қарай беттеген. Алдынан арсалаңдап Бақберген шыға келді.

-Апырмай, балам, аман-есенсің бе?! Жеті қараңғы түнде жын қуғандай қайдан жүрсің? Бұлай ат үсті келе бермеуші едің…

Жұман қарт әлденеден секем алғандай ұлының жүзіне барлай көз тастады.

-Аман-есенмін, әке.  Жалғыз өзім әбден зеріктім. Сосын әй-шәйға қарамай, осында тарттым да кеттім.

-Ауыл аман ба?

-Жұрт ептеп көшіп жатыр. Кеңшарды таратады деген сөз ел іщінде желдей еседі. Айтпақшы, малдың бәрін жекеге таратып беретін көрінеді. Кейбір пысықай содан үлес алмақшы. Осы сөз түбі шындық болмасын!

Осыны айтты да Бақберген ішке енді. Екі бөлмелі қоржын үйдің іші қара көлеңке. Шешесі Нағима пешті тұтатып, шәй қамына кіріскен.

Нағиманың жасы елудің жетеуіне келген. Бойы сәл еңкіш тартып, маңдайына қатпар-қатпар әжім түскенмен су тасу, шөп суыру, қи ою сияқты  шамалы еркектің қолы батпайтын жұмысты тасқаяқтай қағыстырады. Жасырақ кезінде бет біткеннің сұлуы еді. Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді, жүзінен әлі әрі тая қоймаған. Жұманның ауызының салымы бар. Ауылдан шәк аттамаса да құрығына Нағимадай сұлудың іліккеніне жұрт қайран қалысқан. Көркіне мінезі сай. Қонаққа деген құрметі ерекше. Кісі келсе, лезде қазан көтере қояды, шәй-суы дайын. Әйтеуір, осы жаққа қарай ағылатын адамның қарасы басым. Бұл да қыңқ демейді. Келген қонақтың бабын табуға әбден төселген. Иен далада екеуден-екеу отырғасын кісінің келгенін қалайды. Кейде директордың өзі соғып тұратын. Оның да ат-ізін салмағанына біраз болды. Күн аралатып «сәлем беріп» тұратын уәкілдер де сап тиылған.

Машина  даусы естіліп, ит үрсе, кісі келдіге жоритын екеуі Бақбергеннің беймезгіл уақытта сап ете қалуынан секемденсе де, тіс жарып дәнеңе деген жоқ.

-Қарағым, осы түнгі қаңғырысты  қойсаң етті. Адам  түн ішінде осылай жалғыз-жарым жүре ме? Не келетін хабарыңды айтқан жоқсың?  – Шешесі кейіген боп, түпкі ойын емеурінмен білдірген болды. Оның сөзінің мәзірін Бақберген түсінсе де, шала естігіндей сыңай танытты.

Шам жағылып, дастархан жайылған соң үшеуі оны-мұныны әңгіме қылып, біраз отырған. Жұман қой шығаруға далаға беттеді. Таңғы шәй үстінде Бақберген сәл бөгеліңкіреп барып, шешесіне қалаға кетпек ойын айтты.

-Биыл әкем аман-есен пенсияға шыққан соң, ауылға көшіп келіңдер. Мен қалаға кетемін.

-Отырған жеріңнен су шықты ма, қарағым?

– Ауылда тұрудың мәні қалған, апа. Мына темірмен бірге тозатын болдым. Қолымды қарашы, жиырмадағы жігіттің қолына ұқсай ма? Әбден күстеніп, күйелеш-күйелеш болды. Төлеп жатқан ақшалары жоқ.

***

Көп ұзамай Бақбергеннің айтқаны айдай келіп, кеңшардың шаруасы шатқаяқтай бастады. Малшы-механизатор біткеннің бәріне төлейтін ақшасы түгесілді. Бартер деген бәле шығыпты. Ауыл-үйдің арасында: «Бір қойды бір қапшық құрмаға айырбастайды екен. Соны малшыларға жалақы есебінде беріп, есеп айырыспақшы» деген әңгіме гулеп тұр.

-О, құдая, құрманы неғыламыз? Одан да қойын бермей ме? Сойып жесек те, талғажау ғой. Құрмамен қай жыртығымызды бүтіндейміз? – деп бет шымшыласты әйелдер.

-Бүкіл техниканы басшылар өздері бөліп алыпты ғой. Қара кедейге кабина да жоқ.

-Өткенде Қатира кемпір бір бұзауды үш кір сабынға айырбастапты.

-Оны айтасың,  Жырық бет қайнағаның  ұлы  үш шыны араққа семіз қойын беріп  жіберіпті, -деп шақырған жерде әйелдер кеу-кеулесіп отырғанын Жұман да естіген.

“Бұ заман не боп барады? Бүйте берсе, тігерге тұяқ таппай қалмаймыз ба?” Жұманды осы ой мазалайды. Баяғы «Сен кімсің? Жұманмын!» дейтін дәурен  келмеске кетті. Пенсияға шықпай-ақ ақ таяғын ұстап қалғанына екі айдан асқан. Бір отар қойды түннің бір уағында кеңшар директорының қарызы бар деп, «Камазға» тиеп әкеткен көрінеді. Бұл «Басымыз аман болсын! Құдай жеткізер!» деп  түйген. Екі-үш күннен соң орталыққа біржола көшіп алды. Содан бері “дейді-дейдіден” басқа әңгіме естімейтін болды.

Бұдан өзімен-өзі малда жүргені артық екен, ауылға қоныстанғалы шындап зерігейін деді. Қорасындағы екі-үш сиыр мен он шақты қойын жайлағаннан басқа істейтін шаруа қалмаған. Ауласынан әрі асса, ел-жұрттың әңгімесінің сиқы бөлек. Есігінің алдында Бақбергені мінген көнетоз трактордың құр қаңқасы ғана жатыр. Бөлшектерін тонап әкетіпті. Әйтеуір, қойда жүргенде азын-аулақ қор жинап алды. Сол ғана дәтке қуат.

Кеңшардың талқаны таусылып, шағын-шағын  қауымдастықтарға бөлінген. Оның өзінің болашағы күмәнді. Жалақы төлемейді. Сондықтан жұрттың жұмысқа зауқы жоқ. Бірінен соң бірі жайлы жер іздеп көшіп жатыр, көшіп жатыр.  Бақберген де сонар көшке ілесіп, қала кетті. Өткенде әке-шешесі  ұзынқұлақтан: «Ұлың зауытқа жұмысқа орналасыпты» деген үшбу хабар алған. Содан бері ләм-лим.

Сонау жылдары айдарынан жел ескен кеңшарда бүгінде адам қатары едәуір селдіреген. Кетік кемпірдің тісіндей әр жерден сылағы түсіп, қоңырайған үйлер еңсе тіктей алмай, жәутеңдей қарайтындай. Тастай қараңғыда тіпті үрей шақырады.

-Ех, қайран уақыт! Баяғы көше біткен самаладай жарқырап, жастардың клубқа қарай ағылып жататын кезін аңсаймыз деп кім ойлаған? – деп ауыр күрсінді Жұман. Бұлай бетімен кете берсе, мына жерде қауқылдасар адам қалмай ма деп қауіп қылады. Ана жолы Нағима да Астанаға қарай жылжиық дегенде бұл ауылда соңғы адам қалғанша отырамын деп шорт кескен. Содан бұл тақырыпқа қайта айналып соққан жоқ.

-Құдай шебер, жалғыз қалып не істейін деп едің? Ең болмаса, жұрт қатарлы сапқоздан үлесіңді де алмадың. Маған неғыл дейсің? – деп ішінен күбірлеп, қазан-ошаққа қарай беттеді.

Мұнысын шалы естіген жоқ. Естісе де елең етпейтінін біледі. Жұманның туа бітті мінезі Нағимаға әлмисақтан белгілі. Туған жерімді ешқашан тастамаймын дегенді соңғы кезде жиі айтатынды шығарды. «Өлсем, жаным артық емес. Кісінің есігін қаққанша, туған топырақты жамылып жатқаным артық!» Нағима шалының бұл сөзін соттың үкіміндей қабылдады.

Ауыл әлі көшіп жатыр. Тіпті, тоқтайтын түрі көрінбейді. «Бәленше көшкенде қорасындағы тақтайға дейін әкетіпті» деп отырған ана жолы көршісі Дәмежан. «Оны қайтеді екен, өлгенше басына мола сала ма екен…!» Енді міне, оның өзі де Жұман мен Нағиманы тастап, Қостанайдың маңайына  кеткелі жатыр деп естіді.

-Мейлі, жолы болсын! – деді Жұман шаруа киімін сілкілеп, қағып жатып,-  Барсын! Әлі-ақ, көшкендер туған жерімен жылап көрісер. Талайлар көшуін көшіп алып, елге келе алмай жүрген көрінеді.

Осыны айтқан оның көзі жасаурап, иегі кемсең қақты. «Мен кетсем, ол кетсе, мына жер қу медиенге айналмай ма! Иесіз жер жау шақырады. Әлемде өз мемлекеті жоқ, тулақтай жерге зәру елдер аз ба? Біз болсақ көшіп-қонып, әлі күнге байыз таппай жүрміз. Жердің де киесі бар.  Бір жағыңда ормандай болған орысың, бір жағыңда көзі қысық қытайың отырғанда бұлай жөңкіле берген де жақсы емес»,-деп бір түйді ойын.

Кейінгі уақытта өз-өзінен күбірлеп, әлдекімді сыбап отыратын әдет тапты. Дәу де болса, директорға кіжінеді-ау. Айдың-күннің аманында елдің тоз-тозын шығарды. Мал-мүлік болмашы тиын-тебенге сатылып, ізім-қайым жоғалды. Әйтпесе, аз ғана ауылды сүттей ұйытып отырса несі кетті…. «Кендірлі» кеңшарын он жыл басқарған Әбдір малы түгілі, техникасының шашауын шығармай сақтап қалған жоқ па.

… Бүгін Жұман қария күндегісінен ерте тұрды. Түні бойы дөңбекшіп жата алмаған. Жиі күрсінеді. Таңертеңгі шәй үстінде Нағима: «Шал-ау, естідің бе, Серік те Қостанайға жүгін артыпты. Енді сопайып екеуміз ғана қалдық. Жаманның сандырағы келеді деген, жалғыз қалсам да ешқайда көшпеймін деп қасарушы ең. Көшкен елдің жұртын күзетіп, отырған түріміз мынау»,-деп мұңайды.

-Ее, «моласындай бақсының, жалғыз қалдым, тап шыным» деген екен ілгері де біреу, – деп бірталай уақыт үнсіз қалды ол. Жай отырған жоқ, қалың ойдың құшағына шомған. -Тағдырдың маңдайға жазғанын көреміз де….

***

Арада жылдан артық уақыт өтті. Маусым айының соңғы  күні «осының күйі жақсы-ау» деген бір қашарын сойып, аудан орталығына апарып пұлдады да, екі күндесін Бақбергені жіберген «Газельге» кемпірі екеуі мықшыңдап жүріп жүгін тиеді. Бұл Шілікті ауылындағы соңғы үй еді…

Әлібек ЫБЫРАЙ

Қазақстанның Құрметті журналисі

Қостанай қаласы

Жаңалықтармен бөлісу