Әлемде қазақ ұлты біреу болса, оның отаны да жалғыз  

Әлемде қазақ ұлты біреу болса, оның отаны да жалғыз  

 Жақында Астана қаласында Сыртқы істер министрлігіне қарасты республикалық «Отандастар» қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы ұйымдастырған «Отандастар» форумы өтті. Атажұртта сырттағы қандас-қазақтардың басын қосқан осы айтулы жиынға қатысып қайтқан «Отандастар» қорының Қостанай облысы бойынша фронт -кеңсесінің сарапшысы Нәзира Жәрімбетова редакцияның бүгінгі қонағы болып отыр.

 

–Нәзира Қыпшақбайқызы, өзіңіз қатысып қайтқан «Отандастар» форумы ауқымды басқосу болды. Осы жиынның өзектілігі неде? Әңгімені осыдан бастайық. 

–Иә, өзекті мәселені қозғаған форум осымен екінші рет өтті. Дүниежүзіндегі қазақтардың басын қосқан алғашқы форум 2019 жылы өткен болатын. Мұның өзектілігі неде дейсіз? Заманның желі теріскейден соққан ауыр жылдары елден шығандап шығып кеткен қазақтардың ұрпағы қазір біраз елдерде тұрады. Сонымен қатар Тәуелсіздік алған отыз жылдың ішінде сырт елдерде білім алып, жұмыс істеп жүрген, сонда тұрақтап қалған қазақтар да аз емес. Олармен байланысты үзбеу және сыртқы көш мемлекетіміз басшылығы саясатының бірі болып табылады. Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «шетелдегі қандастарымызбен тығыз қарым-қатынас орнатып, рухани байланысты нығайта береміз.

Бұл мәселе менің жеке назарымда» деген болатын. Осы бағыттағы ауқымды жұмыстардың бірсыпырасы Сыртқы істер министрлігіне қарасты «Отандастар» қорының да еншісіне тиеді. Осы ұйымның ұйымдастыруымен өткен форумға қырықшақты елден 200 қазақ келді. Форумға министрліктерден, басқа да мемлекеттік органдардан лауазым иелері, парламент депутаттары, зиялы қауым өкілдері қатысты. Сырттағы қандастарды ауызға алғанда, кімнің де болса есіне алдымен «егер қазақ біреу болса, олардың түпкі Отаны да жалғыз» деген ой келеді. Сондықтан сырттағы қазақ пен іштегі қазақтың ой-арманы да, көкейін тескен өзекті мәселе де біреу болуы тиіс. Сондықтан форумға жиналғандар шетелдегі қандастар мен елдегі қазақтардың әлеуеті Қазақстанның дамуына қайткенде үлес болып қосылады деген мәселені ашық диалогты алаңда талқылауға мүмкіндік алды.

–Сонда форум негізінен нақты қандай мәселелерді ортаға салды?

–Форум аз уақыттың ішінде нәтижелі жұмыс істеді. Онда «Ел дамуындағы қандастардың рөлі», «Отандастардың интеллектуалдық әлеуеті – ұлттық құндылықтарды ілгерілету драйвері», «ХХІ ғасырдағы қазақ тілі және бү¬гінгі мүмкіндіктері», «Медиа және заманауи трендтер» атты панельдік сессиялар, сондай-ақ «Отандастар» қоры жаңа жобаларының тұсаукесері» және «Тайқазан» қорытынды сессиясы болды.

Осы сессияларда шетелден келген және елдегі түрлі салаларда жоғары табысқа жеткен, биіктерге көтерілген азаматтар сөз алды. Сөзімнің басында айтқандай, форумның мақсаты да сол, шетте жүрген қазақтардың интеллектуалдық әлеуетін өмірдің бар саласында елдің дамуына тарту ғой. Әсіресе, ел экономикасын ілгерілету үшін инвестиция да, озық технологиялар да керек. Соларды сырттан тартуға да қандастарымыз тарапынан да іс-қимыл болып жатқа қандай ғанибет! Ішті-тысты болу үшін байланысты мықтау – елдің парызы. «Бармасаң-келмесең – жат боларсың» деп ата-баба ескерткен жоқ па?

–Шетелдердегі қазақ диаспоралары арасындағы көрнекті тұлғалардың есімін кейде ести бермейміз. Оларды елге таныстыруда форумның орны ерекше екенін байқап отырмыз.  

–Әрине. Қазір сырттағы қазақ диаспорлары арасында өзге жұрт мойындаған мықты бизнесмен, кәсіпкерлер де, ғалымдар, қалам иелері, өнерде жүрген азаматтар да жеткілікті. Олардың кейбірі атажұртқа көшіп келіп, ғылымдағы, бизнестегі жұмысын осында жалғастырып жатыр. Бір мысал, Назарбаев университетінің Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебінің профессоры, Жаңа материалдар және күн энергетикасының жүйелері зертханасының жетекшісі Нұршат Нұражы Қытайда туған, көп жылдар Америкада тұрған. Ғалымның ғылыми еңбектері үшін Қытайда, Америкада алған сыйлықтарын тізбелемей-ақ, әлемдегі импакт факторы бар жоғары журналдарда 60-тан астам ғылыми мақалалары жарияланғанын, Американың Техас университетінде Нұршат Нұражы атындағы ғылыми-зерттеу тәжірибеханасының болғанын айтсақ та, ғалымның деңгейін бағамдай аларсыз. Химия-физика саласында жоғары жетістіктерге жеткен ғалымның өзі сөз алғанда Америкада жүргенде зерттеу жұмысын Нобель сыйлығының лауреаттарымен бірге жүргізгенін, оларды өзінің жаңалықтары қызықтырғанын айтты. Міне, осындай ғалымның қазір өз елімізде ғылымды дамыту және мамандар дайындау саласында жүруі жүрегі қазақ деп соғатын әркімді қуантары хақ. «SignTech» компаниясының директоры, «Damu Business Group» қауымдастығының серіктесі, Алматы қалалық мәслихатының депутаты Жалынбек Жайнарбай да елге келіп, елдің дамуына үлесін қосуда. Форумда сөйлеген кәсіпкер, «UWEE GROUP» компаниясының Орталық Азия бойынша басқарма төрағасы, «Қазақстан, Орталық Азия және Қытай Халық Республикасы кәсіпкерлер Альянсының» тұрақты хатшысы, Қытай, Шандунь провинциясының Орталық Азиядағы бас өкілі Өркеш Сламболды, Қытай Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қытай халық жазушысы, Қазақстанның құрметті жазушысы, Абай шығармаларын қытай тіліне аударған Әкбар Мәжит, актриса, тележүргізуші, «миллиардтың ішіндегі бриллиант» Жанар Сағатқызын, омыртқа, жұлын жолының эндоскопиялық ота¬сын жасаған әлемдегі екінші нейрохирург, Монғолияда тұратын қандасымыз Нұрбек Бабанұлын және Францияның Крейл қаласы әкімінің оынбасары Ешим Саваш сияқты көптеген қандастарымызды сыртта жүрсе де, қазақтың мақтанышы деуге болады. Форумға келген мұндай мақтаныштарымызды әрі қарай тізе беруге болады.

 –Тәуелсіздік алған отыз жылдың ішінде де шетелдерге шыққан жастарымыз баршылық. Олардың арасында да табысқа жеткен қазақ жастары ауызға алынды ма?  

–Иә, бар. Қазір білім алуға, жұмыс жағдайымен шетелдерде тұрып жатқан қазақтар аз емес екені рас. Олардың арасында да ұлтымыздың атын ұлықтап, топ жарып жүрген отандастарымыз жеткілікті. Форумға Швейцариядан дәрігер Серік Тұрсынов, Америкада өнерімен топ жарып жүрген эстрада және джаз әншісі Гүлзар Ғабдрахман, АҚШ-та «Silkroad Innovation Hub» бас¬шысы қызметін атқарып жүрген, «Digital Nomads» ұйымының негізін қалаушы Әсет Әбдуалиев келді. «Digital Nomads» ұйымы шетелде ІТ саласында қызмет етіп жүрген 400-ден аса қазақтың басын қосып, ұлтымыздың білімді ұл-қыздарын ұйыстырып отыр. Бәрін атауға мүмкіндік болмас. Бірақ, қазақты сырттағы жұрт осындай кереметтер арқылы да біледі.

–Дүниенің әр түкпірінен келген қандастарымыздың атажұрттан іздейтін қажеті не?

–Тіл, ана тілі! Тіл жоғалған соң, олар да қазақ бола қоймас. Бұл орайда біздің ел тарапынан көптеген жұмыстар жүргізіліп отыр. Осы тақырып форумда әңгіме болды. Онда Мемлекеттік тілді дамыту қорының басшысы, Soyle.kz жобасының жетекшісі Азат Шәуеев мырза қазақ тілін үйренудің электрондық мүмкіндігі туралы егжей-тегжейлі айтты. Soyle.kz жобасымен дүниежүзіндегі көптеген елдерде қазақ түгел өзге ұлт өкілдері қазақ тілін үйреніп алған. Шетелдерде халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының филиалдары жұмыс істейді. Мысалы, біздің көршіміз Ресейдің Орынбор облысында Сәуле Тәйкешева басқаратын филиал да көптеген игілікті істер атқарып жүргенінен хабардармыз. Ең бастысы, «Отандастар» қоры сырттағы қазақтардың елмен байланысы үзілмеуі, тілді ұмытпауы, Қазақстанды тани түсуі үшін көптеген бағытта жұмыстар жүргізеді.

–Енді іштегі-тыстағы қазақтар «Отандастар» форумын немен қорытты?

–5-6 сессия бірінен кейін бірі қатар әрі қызықты өтті. Қызықты болатыны онда қаралған, әлгінде айтқан мәселелердің барлығы да өзекті еді. Форум шет жердегі қандастарымыздың интеллектуалдық-инновациялық әлеуетін елдің дамуына пайдалану екенін басты бағыт етіп ұстанды. Осы форумда «Отандастар» қорының да бірнеше жобасының тұсауы кесілді. Соның ішінде Qazalem порталы – шетелдегі отандастарымызға сервистік қызметтер мен қызықты жобалар ұсынатын, шетелдегі қазақтардың Қазақстанмен байланысын нығайтуға арналған жоба. Ал «Метаәлем» жобасы виртуалды әлем арқылы ақпарат жеткізудің тың тәсілін ұсынатын қазақстандық өнім екенін айтайын.  Әр сессияда қаралған мәселер бойынша қатысушылардың ұсыныстары бизнесті дамыту, білім, денсаулық саласында озық технологияларды елге әкелу, шеттегі қандастар мен отандық кәсіпкерлердің бірлескен жобаларының мүмкіндіктерін қарастыру, шетелдегі жастарға ұлттық құндылықтарды таныстыру, жеткізу жөнінде болды. «Тайқазан» сессиясы форумды қорытындылады, онда да қонақтар шығып, пікір-ұсыныстарын айтты. Қазіргідей ашық, әрі цифрлық жылдам заманда әлемдегі бар қазақтың араласуына кедергі көп бола қоймас. Тек ынтымақ керек. Форум жұмысы осыны меңзеді.

– Әңгімеңізге рахмет.     

 Айтолқын АЙҚАДАМОВА

 

 

Жаңалықтармен бөлісу