Арқалық қаласындағы «Дала өлкесі тарихы» облыстық музейінің ұйымдастыруымен жеңімпаз спортшы жерлесіміз, джиу-джитсу және грэпплингтен әлем чемпионы Бекболат Байназаровпен кездесу кеші өткізілді.
Жерлесіміз грэпплингтен Грецияның Лутраки қаласында және еліміздің Астана қаласында өткен әлем чемпионаттарынан І орын және джиу – джитсудан Біріккен Араб Әмірлігінің Абу Даби қаласында өткен әлем чемпионатынан ІІ орын иеленген.
Бекболат Бақытұлы Жанкелдин ауданының Ақшығанақ ауылында дүниеге келген.
Атақты Байназаровтардың ұрпағы. Мектепте түрлі секцияларға қатысып, жоғары оқу орнында спортың «қазақ күресі», «самбо», «жауынгерлік самбо», «жекпен жек» түрлерінен жаттықан.
Ақшығанақ ауылының тумалары: Қазақ күресінен Орта Азияның ІІ дүркін жеңімпазы Дүзелбай Айсин, спорт шебері Рүстем Шалабаевтардың есімдерін ұлықтап, еліктеп өскен.
Спортты біраз қойып кеткен кездері де болыпты. Арқалыққа қоныс аударғаннан кейін «жауынгерлік самбо» клубына қатысып, «жекпе жек» залына барып, аз уақыттың ішінде жетістіктерге жете бастайды.
«Жерде күрескенді жақсы көремін. Сондықтан, грэпплинг, джиу-джитсу түрлеріне шындап бет бұрдым. Әнұран ойнап, көк туды көтерген кездің сезімі бөлек. Оны тілмен айтып жеткізе алмайсың. Қаншама жасаған еңбегің, алған жарақатыңның бәрін ұмытып кетесің. Жарыстарға барғанда Арқалықтың жігіттері намысқой, олар қарсыласының дәрежесі өзінен жоғары болып тұрса да намыс үшін аянып қалмайды деп дәріптеп жатады», – дейді даңқты спортшы.
Кездесу барысында спортшының туғандары атынан Бәшір Нұғманов ақсақал жылы лебізін білдірді.
Жаттықтырушысы, «Намыс ММ» клубының жеткешісі Ербол Мұқанов «Аралас жекпе жекте Бекболаттан ұтылған жігіттердің жоғары жетістіктерге жетіп жүргенін, араға 7-8 жыл салып спортқа қайта келген шәкіртінің еңбегі жанып, жеңісті жолын бастағанына қуанышты екенін жеткізді.
Жеңімпазға және оның бапкеріне қазақы салт- дәстүрімізге сай иықтарына шапан жабылды.
Қалалық «Жастар ресурстық орталығы» атынан чемпионға қол сағат сыйға тартылды.
Еске сала кетсек, «Намыс ММ» клубы қалада 2017 жылы ашылған. Спорттың бұл түрінен балалар 12-13 жастан бастап қабылданады.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы