Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры Қостанайға гастрольмен келді. Ұжым 9-14 қазан аралығында өңір жұртшылығы назарына бірнеше туынды ұсынбақ. Алматылық труппа алғашқы қойылымдарымен-ақ көрерменнің ықыласына бөленді.
Өнер керуенін даңқты әртіс, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының көркемдік жетекшісі, Қазақстан Республикасының Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның халық артисі Асанәлі Әшімов бастап келді. Гастрольдің алғашқы күні баспасөз мәжілісімен ашылып, онда осы театрдың директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Жуасбек гасторльдің мақсаты мен алға қойылған жоспары туралы баяндады.
«2026 жылы театрымыз 100 жылдық мерейтойын атап өтеді. Осы атаулы күн алдында Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен гастрольді жыл ұйымдастырылып жатыр. Қостанай жұртына Алматыда көп ойналған, халықтың сүйіспеншілігіне бөленген қойылымдарды әкеліп отырмыз. Спектакльдердің тақырыбы да, жанры да әртүрлі. Көрермен үшін қызықты болады ғой деп ойлаймын», – деді Еркін Жуасбек.
Сонымен, 9 қазанда Алатау баурайынан келген театрдың өнер бескүндігі Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» трагедиясымен шымылдық түрді. Қазақ даласындағы әйгілі махаббат дастаны ерекше назар аудартып, классикалық туынды қалың қауымды тереңіне бойлатты. Қойылымда Қозы рөлін Мағжан Асаубай, ал Баянды Индира Құлмағамбетова сомдап, шеберліктерімен тәнті етті. Жантықты Елжан Тұрыс керемет ойнап шықты. Қойылымның жаңаша сахналануына Қостанайдағы «Баян Сұлу» кондитерлік фабрикасы демеушілік көрсеткен. Атақты туындының алматылық әртістер сахналаған қойылымынан әсер алмаған көрермен кем де кем болды деуге болады.
«Бұл қойылым бізді өзіне баурап алды. Актерлердің ойыны шынайы, әр көріністе терең сезім жатыр. Әсіресе, Қозы мен Баянның трагедиялық финалы жүрегімізді тебірентті. Ұлттық өнердің осындай керемет туындыларын тамашалау біз үшін зор мәртебе. Қостанайға гастрольдік сапарлар жиі болып тұрса екен дейміз», – дейді театрдың тұрақты көрерменінің бірі Арай Смағұл.
Театр ұжымы 10 қазан күні Александр Володиннің «Қоштасқым келмейді» драмасын сахналады. Бұл пьеса ғашықтық сезім, шынайы махаббат және қоштасу қиындықтарына үңілдіреді. Әкемтеатр әртістері бұл спектакльде де шеберлік шыңын көрсете білді.Гастроль аясында Тобыл жұршылығын әлі көптеген тамаша қойылымдар күтіп тұр. Ұжым көптеген классикалық әрі заманауи шығарма әзірлеп алып келген. Атап айтсақ, 11 қазанда Сәуле Досжанның «Махаббат пен қасірет» драмасы, 12 қазанда Абайдың қара сөздері желісіне негізделген «Қара» драмасы, 13 қазанда Тынымбай Нұрмағанбетовтің «Бес бойдаққа бір той» атты комедиясы сахналанады. Ал алматылық ұжымның Қостанайдағы өнер-сапары Ғарифулла Есімнің «Таңсұлу» драмасымен қорытындыланбақ.Айта кетейік, Әкемтеатр 1926 жылы 13 қаңтарда Қызылорда қаласында Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» трагедиясымен шымылдық ашқан. Театр труппасы 1929 жылы Алматыға қоныс аударды. Осы уақытқа дейін көптеген бел-белестен өтіп, ұлттық өнердің символына айналды. Келер жылы ғасыр тойын атап өткелі отыр. Өнер ордасы биылғы 99-шы театр маусымын «Гастроль маусымы» деп жариялаған еді. Тобыл топырағына аялдаған рухани керуен елдің барлық өңірін аралап шықпақ.
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ