ТҮНДЕЛІК
Күнделік жазып қарық қылмаған пақырыңыз Түнделік жазбақшы. Қабыл алыңыз. 18260-шы түннен бастадым. 50*365=18 250 екен, дә… Айтпақшы, 50 деген келген жасым, 365 деген бір жыл ғой. Он күн асырып бастап кеттік. «Түнде не болушы еді?» десеңіз, қателесесіз. 21+дан басқа түс көруге де, түнде өмір де болады екен…
Ал бастаймыз!
18 260-шы түн
Футбол ойнап жүрміз. Қорғаушымын. Доп алдыма келеді, тебе алмаймын. Кейде жүгіре алмай, бір орында митықтаймын. Аяғыма доп тиген бетте, ысқырық, 1 тайм бітті. Сол уақытта оянып кеттім. Ашық қалғанмын ғой, мұздап қалыппын. «Бәсе, осыдан екен ғой, доп тебе алмай қиналғаным» деп қоямын. Көрпеге қымтанып алып, бой жылып, маужырай бастадым. «2 таймда қатырамын» деген оймен қайта ұйықтап кеттім… Ойынның жалғасы болған жоқ…
18 261-ші түн
Жиналыс өтіп жатыр. «Здравствуйте, дорогие друзья! В дальнейшем буду говорит нам всем понятном языке…» деп алып, үлкен жиын өткізіп жатқан ағамыз: «Өздеріңіз білесіздер, жер де, тіл де, діл де қазақтікі! Еліміз, жеріміз жасасын!» деп қазақша сөйлей кетті, бәріміз ду қол шапалақтай жөнелдік. Әнұран орындалды. Көздерінен жас аққан қазақтар ғана емес басқа ұлт өкілдері де жүректеріне қолын қойып, қосыла шырқап жатыр. Малшына ояндым. Тер судай аққан екен… «Мә, түске де кірмейтін нәрсе жоқ екен-ау, бір орыс отырса, жартылай қазақша, ал, олар екеу болса, былдырласақ та, «слюшайте, што у нас в городе где…» деп сайрай жөнелетініміз есіме түскенде, түсіме кірген жұрттан ұялдым…
18 264-ші түн 18262 мен 18263 түндері не болғаны есімде жоқ. Тойға бардық. Әйелім санымды шымшып отырған. Басында төмен қарап отырдым. Әрі қарай, айтпай-ақ қойсам да болар. «Ал давай» шашыптастапты…
Бұл енді 18264-ші түн. Жазуға ерініп от………. М… Пышшшшш…
18 265-ші түн
2023 жыл екен. Яғни, биыл, ауылда жүрміз.Төрт мектеп бар. Әр мектепте бес жүз бала оқиды. Мұғалімді құдайдай сыйлайды. Арасында мен де бармын. «Құрметті ұстаздар, айлығымыз екі миллион. Күзде мектепке оралғанда тағы бес жүз мың қосылады» деп директор сайрап тұр… Ауыл әкімі де мәз ғой, «Бүгін бізде үлкен той. Ауылымыз аудан орталығы болады» деп. Киіз үйлер тігілген, арасында жастар атқа мініп, табақпен ет тартып жүр. Оянып кетпесім бар ма? 50-60 үйі қалған, кезінде бір сыныпта (а, б және орыс класы деп бөлінетін) 50-60 бала оқыған қайран ауылым есіме түсіп…
18 266 түн
Ұл үйленемін деп әбігер басталды. Өйткені ортаға орамал тасталды. Тойдың болғанынан боладысы тек қызық емес, шыжық екен. Шақырылатын қонақтардың бір-екеуі бұзықекен.
Кімді шақырамыз. Мен жазғаным баталы, қатынға керегі қалталы. Тізім тағы қысқарды.
«Ол бәлені шақырмау керек».«Неге?».«Өткенде халал тойда дастарқанда жоқ нәрсе, соның ішінде болды емес пе?». Бірге тығылып ішкеніміз ойында жоқ, қой.«Шырқын бұзбаса да көрініп қойды емес пе?» Айтар уәж осы. Бүлдірмесе де білдіріп қойған бір дос әйелімен қоса сызылды. Оның орнына алыс туысы келіп тізілді.
Ұйқым болса бұзылды. Кімге айтамын, сізге айтпай қыжылды…
18 267 түн
Тізім түнгі 12-де қайта жазыла, жо-жоқ, сызыла бастады. Біраз құрдас құрдымға, дос қырымға, қалтасыз туыс жырымға кетті. Бұл түні де әйел жақ басым түсті, мен айтқандарымның жартысы тізімге кірмей «ажал» құшты, өйткені қатынның аргументі күшті.
Теріс қарап жатып қалдым. Сөйтіп өзімше қатыннан өшімді алдым. Оған қарап жатқан ол жоқ. Пысылдап әлі тізімді сызып жатыр. Ол жаққа қарар менде енді жол жоқ…
18 268 түн
Бүкіл сөзді өзімізге тели бастадық. Бастадық деймін, бұрыннан бұрып әкеп тастадық. Алғаш әзіл, кейін зіл болды.
Будапешт — будақтаған пеш, Аргентина — Арғынтегі…
Ойбай, сіздерге қарсы емеспін. Мейлі, солай болғаны да дұрыс та. Тек маған, қалқам, ұрыспа.
Тәржіма да кетті.
Шварцнегер — Қаракесек. Ағам-ау…
Мойындағы жағам, ау.
Күнде айтар «вообще»,«бәбше» болды, арғы тегі «бәйбіше» бола салсын… Ләднә. Ләднәні ертең түнде тәпсірлеймін, мөжнә ма?
Ұйқым пришлә…
Келесі түнде кездескенше!
ҚАРА ТІЗІМ
– Кешке досым тойға шақырды.
– Барсайшы…
– Барсам да, бармасам да, екінші рет шақырмайды ол.
– Неге?
– Өйткені менде апарар ақша жоқ.
– Сонда…
– Барсам «келді, бір тиын әкелмеді» деген қара тізімге кіремін. Бармасам «білдей жерде жұмыс істей тұра, сараңдық танытып келмеді», – дейді.
– Ех, дүние.
– Дүние – байлық, барлық. Ал менікі – жоқшылық.
– Не істейік?
– Қоңырау шалып, мені сұраса «іссапарға кетті» де.
– Ақшаң жоқ, қайдағы командировка?
– Ұйықтайтын бөлмеге кеттім, оған «сеть жоқ жақта шығар» де, ондай ауыл шүкір, жетеді ғой, бізде.
Қоңырау. «Байланыс аясынан тыс жерде, немесе ұялы телефоны сөндірулі. Т-у-к-т-у-к…».
ЖАҒМИН
Мынау тағы да нені шығарды, Жағмині несі? Балконды – қылтима, киоскіні – дүңгіршек деп аударғандай, бірдемені бықсытайын деді ме деп отырған шығарсыздар? Алаңдамаңыздар, мен аудармашы емеспін. «Қылтима» дегенді кім шығарғанын білмеймін, білгім де келмейді. Ал Жағмин дегенге келсек, ол – жаңадан құрылған министрліктің қысқартылған атауы. Иә, солай! Қысқасы, Жағмин, яғни Жағымпаздану министрлігі құрылған бетте жан-жақтан оның бөлімдері де ашыла бастады. Жұмысы оңай жүріп кетті. Бір ай ішінде бүкіл штат толып қалыпты. Сондай бөлімнің бірі біздің ауданда да ашылды. Кәдімгідей той болды. Бастық болып сайланған Жақ Ашпасұлының нөкерлері жанында елпілдеп жүгіріп жүрді. Өйтпегенде қайтсін, бөлімнің жұмысы сол емес пе, заңмен бекітілген. Солай! Біреуі аяқ астындағы кілемді сыпырғышпен сыпырып, екіншісі үстіне түскен қарды үрлеп әлек.
Той-тойымен. Кейін сол бөлімде не болғанына көшейін. Жақ Ашпасұлы кабинетінде өзінің біртуар адам, бұл әлемдегі теңдессіз бастық екендігі туралы қызметкерлерінің әңгімесіне ұйы-ы-ып отырғанда есік дүңк етіп ашылып, ішке бір жігіт кіріп келді.
– Бұл не деген бассыздық? Бастығымыздың кабинетіне баса-көктеп кіріп келетін сен кімсің? – деді бас маман.
– Шығыңыз да, қайтадан есікті қағып, біздің ауданымыздың қазіргі қорғаны, алып орманы болып отырған Жақ Ашпасұлынан рұқсат сұрап кіріңіз, – деп шәңк етті жағымпаз әйелдер бөліміндегі Гүлпатша ханым.
– Мен мұнда жұмысқа тұруға келдім, аты-жөнім – Кір Жұқпасұлы.
Жақ Ашпасұлы орнынан атып тұрып, түлкідей жылмыңдап, жаңағы жігіттің жанына жетіп барды. Қолын созып:
– Ассалау… Кір Жұқпасұлы, сізді күткеніме үш күн болды. Маған сізді келеді деп облыстағы бастық Бақ Ашарұлы айтып еді. Қош келдіңіз! – деп еді, анау қолын алған да жоқ. Ішке кірді де, Жақ Ашпасұлының орнына былш етіп отыра кетті. Бәрі аң-таң. Басекеңдеріне қарады да қалды…
Келесі күні Жақ Ашпасұлы көңілді келді. Түнде облыстағы көкесіне жаңа келген қызметшісінің қылығын мәймөңкелеп жеткізгенде ол «бәрін шешем» деген. Кір Жұқпасұлы да келді:
– Мен сізді «нәрмәлній» ма десем, «стучайттап» қойыпсыз ғой.
– Айналайын, менің жұмысым солай – бұл жерде болып жатқанның бәрін жоғары жаққа жеткізу. Олай болмаса, неге отырмын мұнда қонжиып?..
Екеуі біраз тіресіп қалды. Қалта телефондары бірінен соң бірі шырылдай бастады. Анау өз көкесіне, мынау өз көкесіне қоңырау шалуда. Ақыры бұл дауға орталық телефоннан түскен қоңырау нүкте қойды. Ар жақтан қаһарлы да әмірлі дауыс естіледі:
– Әй, боқмұрындар (ол кісі басқаша айтты, боқтап айтты, мен соны жеткізуші болғаннан кейін сөздерін сәл әдемілегім келіп кеткені ғой, әншейін) біреуің – менің әйелімнің подружкасы Мықтыгүлдің ағасы Қақпыштың садикке барып жүрген ұлының досы Ботиктің әкесінің туысы екенсің, енді бірің – менің құрдасым Боряның ағасы Мығымның досы Моняның ағасының баласы екенсің. Енді бұдан былай екеуің бір-біріңе жағымпазданбай, прямой маған жағынасыңдар. Болды!
– Әміріңізге құлдық, басеке!
– Сіздің айтқаныңыз бізге заң ғой…
Екеуі бірінен-бірі асып түсіп жатты. Ақ тер-көк тер болған олардың үні телефон өшсе де, өшер емес…
Тағы да бір апта өткенде жоғары жақтан бұйрық келді. Әуелде бұл жағымпаздануға қарсы министрлік болып құрылуы тиіс екен. Сол «қарсы» деген сөз түсіп қалған ғой. Бір күннің ішінде бүкіл қызметкерлер басқа жұмысқа ауысып кетті! «Опыт» бар ғой.
Жағымпаздануға қарсы министрлік пен оның өңірлердегі басқармаларында қазір конкурс жарияланған. Жұмысқа тұрасыз ба? Әй, білмейм… Маған Жағмин ұнап қалып еді, енді не болатынын!..
ШЕДЕВР
– Айналайын, құтты болсын, мына тұсауы кесіліп, аттай шауып кеткелі, биіктерге сүрінбей жеткелі отырған… «Ата, – деп сыбырлады құлағына жанында тұрған жиен немересі, –мен ержетіп кеткенмін, бұл атамның тұсаукесері». «Бәлі-ай, атанның тұсауы кесілмеп пе? Әлгі әртістер сияқты қалтасы қомпиғанда ғана үйлену тойларын бала-шағасымен қосыла жасайтыны секілді, бұл қай сасқаны». «Жоқ, ата бұл ол кісінің жақында баспадан шыққан кітабының тұсаукесері»
– Айналайын, құда, құтты болсын! Мына тұсауы кесіліп, аттай шауып кеткелі, биіктерге сүріңбей жеткелі отырған немереңнің деп бұдан отыз жыл бұрын айтқан тілегім есіме түсіп кеткені, олай болса бүгінгі кітабыңның тұсаукесері құтты болсын!
Бұл алғашқы тілек иесі тоқсандағы Тойшыбай құданың игі тілегі еді. Сөйтіп кешіміздің шымылдығы ашылды… Сонымен ауылдық клубқа жан-жаққа көшкеннен қалған 90 үйдің тұрғыны жиналды. Кештің бас қаһарманы – Сылбыр Көшекұлы. «Мен өзім туралы жазамын немесе аудан әкімі Кең Пейілұлының қабылдауында болғанымдағы түйгендерім» атты су жаңа кітабының тұсаукесері. Ауылымызға өзі жақсы болды. Жылда осы Сылбырдың «шедеврлерінің» тұсаукесері өтетіндіктен, балалары клубты әдемілеп ұстайды. Жалпы саны 17-і кітабы шыққан оның аты, аудан демей-ақ қояйын ауылдастарының ауызында. Осы кештің жүргізушісі болғандықтан, Сылбырды жұртшылыққа таныстырып жатырмын (жылдағы айтылатын сөз болса да, тұрғындар үйреніп алған, әйтеуір бір жиналыс па бірдеме өтсе болды оларға) «Аудандық мәслихаттың депутаттығына жеті рет үміткер, ауданның «Құрметті азаматтығына» сегіз рет кандидат, ауылдың бас белсендісі, 80-ге келсе де тұғырдан таймаған…» кете береді, кете береді. Жалпы оқылатын, яғни, оның мадақтау беті он сегіз парақ. Яғни ауылдастарының кітаптағы жазған алғы сөзі. Оқи-оқи жағым да талды. Кейбір беттерін тастап кетейін десем аңдып отырған ұрда-жы құлдарынан қаймығамын, өткен жылы осындай кештен кейін қаладан арнайы шақырылған асаба бір бетті тастап кетемін деп таяқ жеп қала жаздағаны да бар… Маңдайым тершіп, кеш иесін халыққа таныстырып шықтым-ау әйтеуір. Сегіз жылдық мектептің бір-екі оқушысы бұдан екі жыл бұрын осы клубта алғаш тұсауы кесілген: «Ауылдағы біздің жағдай немесе көк шөп жеген қара мал» деген Сылкеннің ән-жыр кітабынан үзінділер оқып берді. Келесі бөлімде мен ақсақалдың бүгінгі шыққан, әлі сиясы кеуіп үлгермеген жаңа кітабына көштім. Ауылдағылардың біразы аудан әкімінің қабылдауына барып, тек Сылбыр Көшекұлының жолы болып ішке кіріп шыққан екен. Осы кітапта соны қамтыған, оқып тұрмын: «… аудан әкімі Кең Пейілұлының қабылдауында болғанымды өзім үлкен мәртебе санаймын! Ол – Атымтай жомарт, ауданның атын облысқа паш еткен іскер, жүрегі адал…», жалпы мадақтауды оқып біткенше алдыңдағы асқа мұз қатады. Оны да оқып шықтым-ау… «Кең Пейілұлы маған он пайыздық жеңілдікпен он тонна көмір бергізді, ол ақкөңіл, (тағы мақтау, бұл жолы төрт-ақ бет) сонда онды-онға көбейтсек, маған көмірдің тегін келгені ғой»…
У-ф, әйтеуір бітірдім ғой.
«Сылбыр Көшекұлы, мынауыңыз нағыз «шедевр»! Мемлекеттік сыйлыққа ұсыну керек!» деп кешті аяқтадым. Үлкен ұлы жетіпк елді: «Қандай сыйлық ол біз білмей жүрген, ертең сонда хат жаз, әкемнің бүкіл кітабың жібер, алмаса да Мемлекеттік сыйлыққа үміткер деген ат болсын!». Сылбырды кілемге отырғызып алған ауылдықтармен бірге үйіне қарай бара жатырмыз, бұл уақытта жылқы мен сиырдың еті екі қазанда бүлкілдеп пісіп жатқан болатын…
ИКАСАЙ
Ауылға бір топ делегация келді. Жәй келген жоқ, аталарын іздей, үміттерін үзбей келді. Артынып, тартынып алып ескерткішті тией жетті. Сонау кеңес заманында картаға түскен жер-су аттарына зер салған ғой. Сөйтсе, ауылдағы бірнеше сай-сала атауы орысша жазылып кеткен екен. Соның бірі «Икасай» дүр. Соны қазақшалап әкелген «Ықы» батырдың үрім-бұтағы осында жүр.
Далаға он шақты киіз үй тігілді. Союға әкелінген екі жылқы мен бір сиырдың тізесі бүгілді.
– Айналайын, атам-ау. Жылдар бойы іздедік қой сені. Енді, міне, «өшкеніміз жанып, іздегеніміз табылған» күнге де жеттік. Халайық, Ықы батыр бұдан бес ғасыр бұрын сыртқы жаумен шайқаста қаза болыпты. Атам-ау, атам, – деді, өзін Ықы батырдың он бесінші ұрпағымын деп таныстырған Бәкібай шал. Ортаға сөзге шешен, кәсіпкер, миллионер деп сөз берген Қиқым Сиқымұлы шықты да төгілді дерсің.
– «Елім, жерім» деп айбалтасын қолына ұстап, қайқы қылышты беліне байлаған қайран атам. Ұрпағың сені, сен бізді тапқан күн. Тамыры тереңге тартқан Ықы батырдың он алтыншы бұтағы ретінде, өзі4е арнап халықаралық конференция өткіздірттім. Талай тарихшы өмірі аттың үстінде өткен өзің туралы мақала жазды. Ортамыздағы ақын ағамыз… (есімі еске түспеді-ау, ойланып тұрып қалды) «Ықы батыр» деген поэма жазып, өлеңмен ескерткіш қойса, біз сені ұлықтап тасқа бейнеңді қалдырмақпыз. Ол осы өзің келіп, жан-жақты бағдарлаған сайда тұратын болады. Атам, атам, атам-ау, – деп көзіне жасалды. Мерекелік бағдарлама әзірлеп келген меймандар, тойды қыздыра түсті. Қыз қуу, көкпар, бәйге, қазақ күресі бәрі өтті. Алтыбақан құрылып, сыздықталып ән шырқалды. Табақ-табақ ет желінді. Құйылған қымызда есеп жоқ.
– Е, е… – деді ауылдағы Шүкір ақсақал, немересіне қарап – Бұл, сайдың аты «Икасай». Өткен ғасырдың 60-70 жылдары ауылдың көркі қызып тұрғанда, Ика деген жігіт болды. Ол бәтшағар әлі де бар. Қалада тұрады. Шын аты Игілік пе, Ерлік пе солай еді. Ол уақытта қыздардың есімі Гүлден басталса Гуля, жігіт кіндігінікі Қ-дан басталса Коля болған заман еді ғой. Бірде осы сайда шөп шауып жүргенде, Иканың тракторы шоқшашып, далада өрт болып әжептәуір шулап едік. Ат қойғыш халықпыз ғой, бұл жер «Ика өртеген сай» атанып кетті. Кейін «өртеген» дегені түсіп қалды. Картаға тіркеушілер келіп сай-сала, өзен-көлді тізгенде осы атпен жазылып кетті…
– Ата, мына кісілерге шындықты неге айтпайсыз?
– Оларға шындық керек пе? Керек болса, сырттан тон пішпей, бірден ауылдағы бізден сұрап алу керек еді. Қайтесің, уақыт түзер қатесін.
Бұл уақытта 20 тонналық кран алып ескерткішті тұғырына қондырып жатқан болатын.
«Е»
Төрт дос, төрт құрдас жастау кезде бірін-бірі іздеп тұратын. Жылдар өтіп, бір отыратын күндер сиреп кетті. Жастары қырықты алқымдап қалса да бірі ауылда, бірі қалада «арман қуып» жүр.
Ауылдағы Айтшу көптен көрмеген достарын үйіне шақырды. Олар келгенше қой сойып, жәукемдеп те тастады.
Айтпақшы оны елдің бәрі таңнан-кешке дейін, екі сиыр, торт қойының соңынан «Әйт-шу» деп жүргеннен осылай атап кеткен. Шын атын өзі де ұмытқан шығар, ауыл жастары қазір «Айтеке», «Айтаға» дейді.
Қаладан артынып-тартынған ештеңесі жоқ, көлік жалдап, сау етіп, дәу әрі ырсылдақ Бопыш, тыныш жүрмейтін Қотыш, депутат Сәкіш жетіп келді (бұлардың да шын аты-жөні құжатта ғана).
Бір қызығы төртеуі де әлеуметтік желінің «гүлі». Желпініп отырған Айтшу: «Дауай, фейсбукке «Е» деген пост ілейік, ел не дейді білейік» деген ұсынысты ортаға атып жіберді.
Айтқаны жерде қалған жоқ. Бірінші болып Айтшу «Е» деп жаза салды. Лайық басқандар саны үшеу, пікір (бірақ оны бұлар кәмент дейді) біреу болды. «Айтшу, «Е», дегенде не айтқыңыз келді? Күнде сайрайтын, алдына салып айдайтын төрт қойдың бірі қоздап қуану ма, әлде біреуі сойылып соған жұбану ма?».
«Сойылды» дегенге достарының қайсы жазды деп күмәнмен қарады. Бәрінің көзі соткада, қолдары жылп-жылп жазып жатыр. Кім екені белгісіз. Әйтеуір, үшеуінін бірі екенің түйсігімен сезді.
Бопыш та «Е» деді. Бопышты білмейтін фейсбукте ел жоқ (өзі солай ойлайды). «Тағы нені жазбақсың? «Е» дейді ишо. Біреуді түртпектеп, сол үшін алған 20 мыңды дәу денеге сіңіре алмай отырсың ба?» дегенді оқи сала Бопышымыз посты бірден өшіре салды.
Келесі кезек Қотышта. Ол да «Е» деді, кәментші оған «Же» деді. Тұттыққан Қотыш шорт кетті, соткасы қабырғаға ұрылып морт кетті.
«Е» – жазған депутаттық мандатты жақында сатып алған Сәкіш. «Ассалаумағалейкум, Сәке! Сіз деген біздің сайлап алған қалаумымызсыз. Жасай беріңіз, жақсы аға!».
«Жынды ма?», бұрқ етті Сәкіш. «Мені не «Қалаулымға» барды деп жүр ме, біреулер?».
«Әй, Сәкіш, «Қалаулымға» барып қатын іздеді» дедік пе? Халық қалаулысы дедім. Білеміз ғой, темір-терсек жинап, содан байып, «байыған қазақ қатын ғана алмайды, депутат да болады» деп сол орынға бүкіл жиған ақшанды беріп мәслихат тарауға бір күн қалғанда қонжиғанынды».
«Сәкіш екенімді қайдан біледі?» деген, ашуы ақыл мен сабырдан бұрын жүретін Сәкіш жазылған кәментті өшіріп тастады.
Екі дос Сәкішке қарады.
Тыныш жүрмейтін Қотыш, жәй отырмай: «Әй, Сәкіш «кәментімді неге өшіресің» деген кәментті құртпай-ақ, жазған адамды банға жібере салсайшы» дей қалды. Арғы бөлмеге шығып кеткен Бопыш «Мен банға кеттім» деп салды.
Бопыш солай ұсталды. Ал өшті Сәкіш 69 мың теңге тұратын боқтықпен алды.
Қораға түскен ұрыдай, төртеуі де кезекпен жазғаннан кейін акаунтқа көз салмай, аватарды қарамай, ұялысын шұқылап, ұра берген екен-ау.
Не болғанын түсінген төртеуі де күлкіден құлады. Осылай, «Фейктестер» топастығы, ой, топтастығы құралды. Байқайық, əр жерге жылмаңдап кіріп ап, өтірікті шындай ұқсатып, жүрмесін елді қақсатып…
Әдебиет Белгібайұлы Жұманов,
Қарағанды облысы