Арқалық қалалық сотында адам ұрлығына қатысты іске нүкте қойылды. Сотталушы К. қаруды немесе қару тәрізді затты қолданып, адам өміріне немесе денсаулығына қауіпті зорлық-зомбылық жасап, адам ұрлаған. Ол ҚР ҚК 125-бабы 2-бөлігі 3,4 тармақтары бойынша айыпты деп танылды.
Сотта анықталғандай, өткен жылдың тамыз айында К. Арқалық қаласына келіп онда бұрынғы азаматтық жұбайы мен оның кәмелетке толмаған балаларын күштеп Астанаған алып кетпек болған. Сотталушы К. жәбірленуші А. тұратын пәтерге келіп, жәбірленушіге дене жарақатын салған. Әрі қарай К. өзінің ниетін іске асыру үшін ас үй пышағын алып, оларды қорқытып, кәмелетке толмаған балаларды пәтерден күштеп шығарып жіберген. Көмекке жүгінулеріне мүмкіндік бермеу үшін, ұялы телефондарын тартып алған.
«Сотталушы К. жәбірленушіні тыныштандыру үшін ас үй пышағын киімінің жеңіне салып, «InDriver» қосымшасы арқылы такси шақырып, жәбірленуші А. мен балаларды ұрлап әкетеді. Кейін оны Ақмола облысы Жарқайың ауданы Державин қаласының аумағында полиция қызметкерлері Астана қаласына барар жолда ұстады», – деп хабарлайды Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметі.
Жарыссөзде мемлекеттік айыптаушы сотталушыны 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Ал жәбірленуші болса, кәмелетке толмаған балалары барын ескеріп, оны кешіргенін жеткізген. Сотталушы К. өзіне тағылған айыпты мойындамаған. Дегенмен жәбірленушіге дене жарақатын салғаны үшін ол одан кешірім сұраған.
Сот шешімі бойынша, сотталушы К. 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот сотталушының жеке басын, жасалған іс-әрекеттің сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін ескерген. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Сералы МЫРЗАБАЙ