Тарихы бай Қамысты өңірі Қостанай облысын орталық, оңтүстік, батыс аймақтармен жалғап жатқан тоғыз жолдың торабындағы аудан. Қазір ауданның экономикалық әлеуеті артып келеді. Жаңадан мәдени спорт нысандары ашылды. Тек еңбек етемін деген жастар керек.
Биыл Қамысты ауылында жабық хоккей корты, күрес залы ретінде бұрынғы кинотеатр ғимаратын қайта жаңарту, дене шынықтыру-сауықтыру орталығын салу, Қамысты ауылында РАПО ғимаратын коммуналдық көппәтерлі тұрғын үйге қайта жаңарту, Арқа ауылында демалыс үйін салу, Алтынсарин, Бестөбе, Арқа ауылдарының әрқайсысына ФАП салу қатарлы жұмыстар қолға алынады. Тек осы науқанды әрі қарай жалғастырып әкететін мамандар қажет-ақ.
«Ауданымыздың гүлденуі үшін бәрі бар. Ал бүгін бізде жаңа кәсіпорындар ашылып, жұмыс орындары мен жақсы өмір сүру жағдайлары жасалуда. Барлығыңыз білетіндей, ауданға газ тартылған. Қазіргі уақытта Қамысты, Алтынсарин ауылдары көгілдір отынмен қамтылған. Адаев, Бестөбе ауылдарын газдандыру жұмыстары жүргізілуде, болашақта Ливанов, Қарабатыр, Арқа ауылдарына көгілдір отын жеткізу жоспарымызда. Мұның сыртында, Бестөбе жер асты суларының кен орнынан Адаев, Бестөбе, Қарабатыр ауылдарын тұщы сумен жабдықтау жұмыстары жүргізілуде», – деді аудан әкімі Ерлан Жаулыбаев «Туған жерге тағзым» атты форумда сөйлеген сөзінде.
Ал, өңірдің мансап орталығы ұйымдастыруымен бос орындар жәрмеңкесі өтті. Ауылға жас мамандарды тартуда өз нәтижесін берер деген үміт бар.
Айта кету керек, қазір Қамысты ауданында екі жүзге тарта бос жұмыс орны бар.
Мадина АКИШЕВА,
ҚӨУ-нің студенті.