Биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап елімізде Әлеуметтік кодекс өз күшіне енді. Жаңа құжат не үшін керек? Қандай өзгерістері мен артықшылықтары бар? Тізе берсек сұрақ көп. Соның бәріне өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ақбөпе Манатова тәптіштеп жауап беріп, толығырақ түсіндірді.
Кейінгі жылдардағы бүкіләлемдік дағдарыс пен пандемияның салдары халықтың тұрмыс-тіршілігіне кәдімгідей әсер етті. Соған орай, 2020 жылғы қыркүйектегі екінші Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әлеуметтік кодекс әзірлеуді тапсырған еді. Мамандар әлеуметтік қамсыздандыруға қатысты қолданыстағы 17 заңнаманың барлық нормаларын біріктіріп, жаңа құжат дайындады. Оны әзірлеу барысында Еуроодақ тәжірибесі басшылыққа алынғанымен, өз елімізге тән ерекшеліктер жан-жақты ескерілген. Жаңа кодекс осы саладағы қолданыстағы заңнаманың барлық нормаларын бір құжатқа шоғырландырумен қатар, мемлекеттен кім, қандай жағдайда және нендей көмек ала алатынын нақты бекіту үшін жасалды.
Әлеуметтік кодекстегі негізгі жаңалықтарының бірі – Отбасының цифрлық картасы. Бұдан былай отбасы және әлеуметтік жағдай туралы барлық дерек бір жерге жинақталып, базаға енгізіледі. Демек, әр отбасының дербес дерекқоры болады деген сөз. Осы мақсатта 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап Отбасының цифрлық картасы да іске қосылды. Ол не үшін қажет деген заңды сауал туындайтыны рас.
“Біріншіден, қазақстандықтардың мемлекеттік қолдау жүйесіне теңдей қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Яғни мемлекет кімге, қашан, қандай көмек қажеттігін анықтап қана қоймай, әлеуметтік тәуекелдердің алдын алу шараларын қарастыруға мүмкіндік алады. Екіншіден, карта отбасылар немесе отбасы мүшелерінің әлеуметтік санатына және отбасылық әл-ауқат дәрежесіне қарап мемлекеттік қолдаудың қандай түрін алуға құқылы екендігін жеткізіп отыратын электрондық жаршы құралы қызметін атқарады. Үшіншіден, мемлекеттік қолдауды проактивті форматта жүргізу көзделген. Яғни азаматтарға әлеуметтік төлемдер мен көмектер ақпарат жүйесінде бар деректерге негізделіп тағайындалады”, – деді қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ақбөпе Манатова.
Қымбат ДОСЖАНОВА