Сарыкөл ауданының Маяк ауылында жаңа медициналық нысан ашылды

Сарыкөл ауданының Маяк ауылында жаңа медициналық нысан ашылды

Қазіргі таңда нысанның құрылысы аяқталды. Сарыкөл аудандық ауруханасының директоры Нұрсұлтан Бексұлтанның айтуынша, Маяк ауылының медицина мамандары 20 жылдан астам уақыт әкімдік ғимаратының бір бұрышын жалға алып келді. Жаңадан бой көтерген ғимарат ауыл халқына бұрынғыдан да сапалы қызмет көрсетуге жол ашпақ.

«2019 жылы Түркістан облысының Ордабасы ауданынан қоныс аудардық. Жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт салынып, қуанып жатырмыз. Мұнда алғашқы көмек көрсетуге қажетті барлық жабдықтар қамтылған. Тиісті көмекті бір жерде көрсетуге мүмкіндік бар. Жаңа ғимарат іші жарқырап тұр», – деді фельдшер Эльмира Есжанова.

Маяк ауылында 509 тұрғын бар. Соның 88-і бала. Мамандар уақытында екпе салып, скринингтен өткізеді. Профилактикалық тексерулерді ұйымдастырады. Аудан орталығынан апта сайын бір рет дәрігер келіп, пациенттерге ем-шара ұсынады. Жергілікті фельдшер дәрігер нұсқауымен ем-домды жалғастырады.

blank

Жаңа нысан іші айнадай жарық, мұнтаздай таза. Ғимараттың жалпы ауданы 248, 72 шаршы метр. Әр кабинетке тиісті жабдықтар орнатылған. Қан талдауын жасау үшін зертханалық құралдар бар. Қандағы қант, гемоглобин мөлшерін анықтайды. Ауыл халқы ендігі аудан орталығына сабылмай-ақ, осында тексеріле алады.

blank

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов ауыл медицинасының сапасын арттыру жұмысы жалғасатынын айтты. Шалғай ауылдарда медициналық пунктер салу Президент тапсырмасына сай жүзеге асырылуда.

Қымбат ДОСЖАНОВА
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ
Сарыкөл ауданы