Бес жастан басталған жеңіс жолы

Бес жастан басталған жеңіс жолы

Мадияр Жолдыбаевтың спорттағы жолы бес жасында басталды. Алғашқы таңдауы – еркін күрес. Ол алты жыл бойы осы спорт түрімен шұғылданып, алғашқы жаттығуларын әкесінің жетекшілігімен бастады. Әкесі баласының бойына жастайынан тәртіпті, еңбекқорлықты, жеңіске деген жігерді және спортқа деген сүйіспеншілікті қалыптастырды.Он жасында Мадияр боксқа ауысып, Астана қаласында жаттыға бастады. Оның алғашқы бокс бапкері Қадыржан Сейітханұлы Өтеуленов болды. Жас спортшы бапкерінің жетекшілігімен аймақтық және облыстық біріншіліктерге, республикалық және халықаралық турнирлерге, Қазақстан чемпионаттарына қатысты.
Бокста жинаған тәжірибесі Мадиярдың кейінгі спорттық жетістіктеріне берік негіз болды. Бокс оның техникасын жетілдіріп, физикалық дайындығын, төзімділігін, тәртібін және психологиялық тұрақтылығын қалыптастырды.


Он бес жасында Қостанай қаласындағы Индустриалды-педагогикалық колледжге оқуға түскеннен кейін Мадияр кикбоксингпен айналыса бастады. Бұл бағытта оның бапкері Асқар Серікұлы Бекмұхамбетов болды.
Кикбоксингте Мадияр өзінің ең маңызды спорттық нәтижелеріне қол жеткізді. Тынымсыз жаттығу, табанды еңбек және бапкерінің қолдауының арқасында ол екі мың жиырма төрт жылы Қазақстан Республикасының кикбоксингтен спорт шебері атанды.
Мадиярдың спорттық жолындағы негізгі жетістіктерінің қатарында Қазақстан Республикасының кикбоксингтен чемпионы атануы, екі мың жиырма төрт жылы Түркияда өткен әлем кубогының қола жүлдесін иеленуі, екі мың жиырма үш жылы өткен Uzbekistan Open 3 халықаралық турнирінде чемпион атануы бар. Сонымен қатар ол Қазақстан чемпионаттарының екі дүркін қола жүлдегері атанып, екі мың жиырма төрт жылы Венгрияның Будапешт қаласында өткен әлем чемпионатына қатысты. Республикалық және халықаралық деңгейдегі көптеген жарыстарда жүлделі орындарға ие болды.
Халықаралық додалар Мадияр үшін үлкен тәжірибе мектебіне айналды. Әрбір жарыс оған мықты қарсыластармен бақ сынап, өз мүмкіндігін саралауға, шеберлігін арттыруға және кәсіби тұрғыдан өсуге мүмкіндік берді.

blank
Спортшының мансабында екі мың жиырма төрт жылдың орны ерекше. Осы жылы ол спорт шебері нормативін орындап, әлем кубогында жүлдеге ие болды және әлем чемпионатында ел намысын қорғады.
Бүгінде Мадияр Жолдыбаев спорттағы жолын жалғастырып, жаңа мақсаттарға ұмтылып келеді. Қазіргі таңда Зұлхарнай Алдамжар атындағы Қостанай әлеуметтік-техникалық университетінде білім алуда. Сонымен қатар 6697 әскери бөлімінде әскери қызметші болып, Отан алдындағы борышын атқарып жүр.
Мадияр үшін спорт – медаль мен жеңістің ғана өлшемі емес. Ол спортты тәртіпке, табандылыққа, еңбекке және өзіңді күн сайын жетілдіруге тәрбиелейтін үлкен мектеп деп біледі.

blank
Бес жасында спорт залынан басталған жол бүгінде халықаралық аренаға ұласып отыр. Ал алдағы мақсаты – жаңа белестерді бағындырып, жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп, ел абыройын асқақтату.