Қостанайда жолаушылар тасымалдап жүрген MAN маркалы маршруттық автобус жүргізушісінің жалған мемлекеттік нөмірмен жолға шыққаны анықталды.
Құқық бұзушылықты жедел-профилактикалық іс-шара барысында патрульдік полиция батальонының қызметкерлері анықтаған.
Полицейлердің мәліметінше, аталған автобус жолаушыларды тасымалдап жүрген. Тексеру кезінде көлік құралына жалған мемлекеттік тіркеу нөмірі тағылғаны белгілі болған.
Осы факті бойынша автобус жүргізушісіне қатысты әкімшілік іс қозғалды. Көлік құралы арнайы тұраққа қойылды.
Айта кетейік, 25-27 қыркүйек аралығында еліміздің барлық аумағында «Жалған нөмір» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр. Оның негізгі мақсаты — жалған және заңсыз орнатылған мемлекеттік тіркеу нөмірлерін пайдалану фактілерін анықтап, жолын кесу және заң бұзғандарды жауапкершілікке тарту.
Полиция жолаушылар тасымалымен айналысатын жүргізушілерге жол қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауды ескертеді.
Жалған нөмір пайдалану — заң бұзушылық. Мұндай әрекет заңда белгіленген жауапкершілікке әкеп соғады.
