Қарасу ауданының Железнодорожный жалпы білім беретін мектебінде кітап оқу, демалу және заманауи технологияларды бір кеңістікке тоғыстырған Kitap Alley – «Оқырман аллеясы» ашылды.
Бұл – жай ғана демалыс орны емес. Мұнда кітап, цифрлық технология және күн энергиясы өзара үйлесім тапқан.

Аллеяда кітап оқуға арналған орындармен қатар QR-кітапхана да жасақталған. Енді оқушылар смартфон камерасы арқылы QR-кодты сканерлеп, электронды кітаптарға оңай қол жеткізе алады.
Ал жобаның ең ерекше элементтерінің бірі – мобильді құрылғыларды қуаттауға арналған күн энергиясымен жұмыс істейтін электр станциясы.
Бұл идеяны мектеп педагогі Хамит Габдулин ұсынған.
“Күн энергиясын мектеп оқушыларының күнделікті өміріне енгізу – жаңартылатын энергия көздерін танытудың тиімді жолы. Оқушылар оның қалай жұмыс істейтінін өз көздерімен көріп, табиғи ресурстарды үнемдеудің маңызын тәжірибе жүзінде түсіне алады”, – дейді ол.
Осылайша бір ғана аллеяда кітап оқу, цифрлық технологияны пайдалану және таза энергияны қолдану мүмкіндігі тоғысты.
Жобаның идея авторлары әрі жүзеге асырушылары – мектеп педагогтері мен қызметкерлері. Бастаманы «Железнодорожное-АМФ» ЖШС қолдап, аллеяны абаттандыруға қажетті құрылыс материалдарымен қамтамасыз етті.

«Оқырман аллеясы» мектептің оқу мәдениетін дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстың жалғасы болды. Биыл мектеп кітапты тек сабақтың емес, баланың күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналдыруды көздейтін аудандық «Кітап оқитын жаз – 2026» жобасына бастамашы болды.
Жоба «Адал азамат» тәрбие бағдарламасының «Оқитын ұлт» және «Таза Қазақстан» құндылықтарын біріктіреді.
Қымбат Досжанова
Қарасу ауданы
