Арамшөпті санап, дәріні есептейтін жүйе: Қостанай жастары агросалаға жаңа технология ұсынып жатыр

Арамшөпті санап, дәріні есептейтін жүйе: Қостанай жастары агросалаға жаңа технология ұсынып жатыр

Қостанайда бастау алған AgroTech Hackathon барысында жас әзірлеушілер нақты аграрлық салаға қажетті цифрлық шешімдер ұсынбақ.

Ауыл шаруашылығында күн райының құбылмалылығы, өндірістік үдерістердің қысқа мерзімге тәуелділігі және қымбат ресурстарды тиімді пайдалану мәселесі күн тәртібінен түскен емес.

Ал жаңа технологияларды өндіріске енгізу үшін аграршыларға оның тиімділігі нақты дәлелденуі керек. Сол себепті, осы сайыс арқылы қатысушылар түйіткілдерді цифрлық шешімдер арқылы еңсерулері қажет.

Қаладағы IQostanai алаңында ұйымдастырылған хакатонға 39 командадан 65-70-ке жуық әзірлеуші қатысып, екі күн бойы агроөнеркәсіп саласындағы нақты кейстермен жұмыс істейді.

Жобалар «Olzha Agro» холдингінің өндірістік қажеттіліктері негізінде әзірленді.

Аграрлық сектордағы технологиялық өзгерістердің қарқынына өндірістің өзіндік ерекшеліктері әсер етеді.

Бұл туралы «Astana Hub» агротех зертханасының жетекшісі, бұған дейін «Olzha Agro» холдингінде цифрландыру бағытында қызмет атқарған Евгений Бойрчук айтып берді.

«Аграрлық саладағы ең үлкен мәселелердің бірі шаруалардың инновацияға асықпайтыны. Олар өте консервативті. Экономикалық тиімділік беретін жаңа технологиялар бірден қолданысқа ене қоймайды. Аграршылар алдымен оның нәтижесін көргісі келеді. Біреу қолданып, нақты тиімділікке қол жеткізгеніне көз жеткізгеннен кейін ғана жаңа технологияға көшуге дайын болады», – деді Евгений Бойрчук.

Маманның айтуынша, ауыл шаруашылығында тәжірибе жүргізуге уақыт та шектеулі.

Өсімдік шаруашылығындағы негізгі жұмыстар егіс егу, күтіп-баптау және ору. Әр кезеңнің өз мерзімі бар. Сондықтан жаңа технологияны сынау үшін шаруашылықтарда жылына бір айдай ғана уақыт болады.

«Өсімдік шаруашылығында әрбір негізгі кезеңге шамамен бір айдан уақыт беріледі. Инновацияны сынап көруге де осы қысқа мерзімнің ішінде үлгеру керек. Бұл саладағы үлкен қиындықтардың бірі. Бұған қоса, күн райы ешкімді күтпейді. Техника дайын болғанын немесе шаруашылықтың жұмысқа әзір екенін ескермейді. Сондықтан оған қарсы тұру емес, тез бейімделу қажет. Ал бұл жылдам шешім қабылдауды және жедел әрекет етуді талап етеді», – деді ол.

Хакатонның негізгі кейстерінің бірі өсімдіктерді қорғау құралдарын тиімді пайдалануға арналды. Ауыл шаруашылығында арамшөптермен күрес егістіктің өнімділігіне тікелей әсер етеді.

Алайда алқаптың әр бөлігіндегі арамшөптердің таралу деңгейі бірдей емес. Соған қарамастан, қазіргі тәжірибеде химиялық қоспа көп жағдайда бүкіл алқапқа біркелкі мөлшерде шашылады.

«Қостанайдағы алқаптар өте үлкен. Орташа егістік көлемі шамамен 400 гектар. Бір алқаптың өзінде арамшөптердің таралуы әркелкі болуы мүмкін. Бір бөлігінде бір түрі көп болса, басқа аумақта өзге түрі басым болады. Ал біз көбіне барлық жерге бірдей рецепт қолданамыз. Соның салдарынан химиялық препараттар ең жоғары концентрацияға есептеледі. Өсімдіктерді қорғау құралдары агросектордағы ең қымбат шығын баптарының бірі», – деді Евгений Бойрчук.

Осы мәселені шешу үшін хакатон қатысушыларына дрондар мен жасанды интеллект технологияларын пайдалану ұсынылды. Жоба аясында фотодрон арқылы алқапты зерттеп, арамшөптердің санын, өсімдіктердің өсу кезеңін анықтау және алынған деректер негізінде химиялық қоспаның мөлшерін есептеу көзделді.

Маман бұл тәсілдің негізгі көздегені препараттарды азайту ғана емес, өңдеу сапасын сақтай отырып, шығынды оңтайландыру екенін атап өтті.

«Біз егістікті дрондар арқылы өңдеу тәжірибесін жасап көрдік. Бірақ қазіргі агродрондар химиялық қоспаны алқаптың барлық бөлігіне біркелкі шашады. Ал егістік біркелкі емес. Сондықтан қай аумаққа аз, қай бөлікке көбірек препарат қажет екенін анықтайтын жүйе керек», – деді ол.

blank

Ал екінші кейсі астықты есепке алу мен техниканы тану жүйесіне арналды. Қатысушыларға таразыға келген техниканың мемлекеттік нөмірін, борттық нөмірін және түрін фотосуреттер арқылы анықтайтын цифрлық шешім әзірлеу міндеті қойылды. Евгений Бойрчук бұл жүйенің астық қозғалысын ашық әрі нақты есепке алу үшін қажет екенін айтты.

blank

«Бізге бұл технология егістіктен элеваторға дейінгі астық қозғалысын ашық есепке алу үшін керек. Таразыға келген техниканың мемлекеттік нөмірін, борттық нөмірін және түрін тану арқылы есеп жүргізуді жетілдіруге болады», – деді ол.

Жоба қарапайым көрінгенімен, бірнеше міндетті қатар қамтиды. Жүйе суреттен техниканың нөмірін оқып қана қоймай, оның моделін де ажыратуы тиіс. Мәселен, трактордың нақты түрін анықтау және борттық нөмірін тану әзірлеушілер үшін техникалық тұрғыдан маңызды міндет.

blank

Qostanai AgroTech Hackathon ұйымдастырушылары қатысушылардың жасына және команда құрамына шектеу қоймаған. Мектеп оқушыларынан бастап студенттер мен тәжірибелі әзірлеушілерге дейін барлығына өз мүмкіндігін сынауға жағдай жасалды.

Qostanai Hub бас директоры Дамир Мнайдаровтың айтуынша, хакатонға өңір көлемімен шектелмей, республиканың әр аймағынан қатысуға мүмкіндік берілген.

blank

«Біз қатысушыларға жас бойынша шектеу қойған жоқпыз. Мектеп оқушылары да, студенттер де, өз білімін жеткілікті деп санайтын кез келген әзірлеуші де қатыса алды. Командаларда екі, төрт немесе алты адамнан болды. Негізгі талап – белгіленген мерзім ішінде өз шешімін әзірлеп, таныстыру», – деді ол.

Ұйымдастырушылар қатысушылар үшін қажетті жағдайлардың жасалғанын атап өтті. Интернет, тамақтану және жұмыс орны қарастырылып, командаларға екі күн бойы кейстерді шешуге кедергі жоқ.

«Қатысушыларға барлық жағдай жасалды. Оларға қалғаны білімін, ойлау қабілетін және дағдыларын жұмысқа жұмсау. Екі күннің соңында әр команда өз шешімін көрсетуі керек болды», – деді Дамир Мнайдаров.

Хакатонның маңызды ерекшелігі әзірленген жобалардың байқау аяқталғаннан кейін де жалғасын табу мүмкіндігі. Егер шешім өндірістік талаптарға сай келсе, оны пилоттық жоба ретінде «Olzha Agro» немесе «Метод 2023» компанияларында сынақтан өткізу жоспарланған. Себебі сайыстың басты демеушілері де осы екі серіктестік.

blank

Дамирдің айтуынша, мұндай іс-шаралар жас әзірлеушілер мен кәсіпорындар арасындағы байланысты нығайтады.

«Кейде әзірлеуші нарыққа шығып, өз шешімін бірден ұсына алмайды. Ал хакатондар осы алшақтықты азайтады. Қатысушылар нақты кейспен жұмыс істеп, өндірістік серіктеспен байланыс орнатады. Егер шешім талапқа сай болса, оны пилоттық жобаға енгізу мүмкіндігі бар. Бұл тек Қостанайда емес, басқа өңірлерде де келісімшарттар жасауға жол ашады», – деді ол.

Сайыстың ашылу салтанатында сөз алған ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Азамат Кашиев аграрлық салаға цифрлық инновациялар өте қажет екнені жеткізді.

blank

 «Біздің облыс еліміздің басты астықты өңірі, ауыл шаруашылығы саласындағы жетекші аймақтардың бірі. Алайда бүгінгі таңда аграрлық орталық болудың өзі жеткіліксіз. Заманауи агроөнеркәсіп кешені ақылды аналитикадан бастап мониторинг пен далалық жұмыстар логистикасын автоматтандыруға дейінгі цифрлық инновацияларды қажет етеді. Қостанай облысы әкімдігінің ақпараттандыру басқармасы «Kostanay Hub», «Olzha Agro» агрохолдингі және «Метод 2023» компаниясымен бірлесіп, осы хакатонды нақты практикалық мақсатпен ұйымдастырды. Жастардың технологиялық идеяларын нақты өндіріске енгізілетін шешімдерге айналдыруға жол ашу. Алдағы екі күнде сіздерді қарқынды жұмыс, тренингтер, сала мамандары өткізетін менторлық сессиялар және сарапшылардың қолдауы күтеді. Ең бастысы өз әзірлемелеріңіз бен стартаптарыңызды нақты экономика секторына енгізуге мүмкіндік беретін тәжірибе жинақтайсыздар», – деді ол.

Хакатон қорытындысында командалар өз жобаларын сарапшылар алқасының алдында қорғайды.

blank blank blank blank

Екі кейс бойынша жеңімпаздарға 500 мың теңгеден, жалпы сомасы 1 миллион теңге сыйлық қоры табысталмақ. Барлық финалистерге қатысушы сертификаттары берілді.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді түсірген – Василий ВАСИЛЬЕВ